Жаңалықтар

Ербол Қарашөкеев тараздық жас айтыскер ақын Інжу Жаңабаймен кездесті

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Тараз қаласындағы №3 мектеп-лицейінің 11-сынып оқушысы, жас айтыскер ақын Інжу Жаңабаймен кездесті, деп хабарлайды arainfo.kz

Бұл басқосу өнерлі өреннің «Жасанды интеллект дәуіріндегі жасампаз жастар» атты оқушылар арасындағы республикалық айтыста бас жүлде – «Қола домбыраны» иеленуімен, сондай-ақ «Ақберен» шығармашылық байқауында жеңімпаз атануымен байланысты ұйымдастырылды.


Кездесу барысында облыс әкімі жас ақынның өнер жолындағы таланты мен ынтасын шыңдауға атсалысқан ата-анасы мен ұстаздарына да алғыс білдірді.

Өз кезегінде Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Інжудің әкесі әрі ұстазы Есет Досалы көрсетілген құрмет пен қолдау үшін ризашылығын жеткізді.

Ал облыстық айтыскер ақындар мен жыршы-термешілер орталығының директоры Ахметжан Өзбеков айтыс өнеріне қызығушылық танытқан жастардың қатары жыл сайын артып келе жатқанын атап өтті.