Жаңалықтар

Қазақстанда есірткі қылмысына қарсы жаңа жасанды интеллект жүйелері таныстырылды

Бұл туралы ҚР Бас прокуроры Берік Асылов өзінің Х әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады, деп хабарлайды arainfo.kz

Бас прокуратурада Шымкент қаласыпрокуратурасының отандық IT-әзірлеушілермен бірлесіп құралған есірткі қылмысына қарсы күреске арналған екі инновациялық құрал - «CryptoTrace» және «ProkAi» таныстырылды.

Бас прокурордың айтуынша, бұл жобалар Мемлекет басшысының «Заң мен Тәртіп» идеологемасын жүзеге асыру аясында әзірленіп, прокуратураның теңгеріміне өтеусіз берілген.

«CryptoTrace» – қаржы транзакцияларын талдау арқылы есірткі бизнесіне қатысты ақшалай ағындарды анықтауға мүмкіндік беретін жаңа буын іздеу жүйесі.

Ал «ProkAi» – интернеттегі есірткі саудасын автоматты түрде анықтайтын жасанды интеллект платформасы. Ол тәулік бойы жұмыс істеп, кәсіби маман орындайтын талдау көлемін ондаған есе арттыра алады.

Жүйе іске қосылған алғашқы үш айда 2 000-нан астам дроппер шоты анықталған. Тергеу барысында барлығы 15 мыңнан астам қазақстандық және шетелдік шоттар, оның ішінде 620 криптовалюта әмияны тіркелді. Жүзден астам адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды.

Сонымен қатар 5 млн USDT мөлшеріндегі заңсыз айналымдағы активтерге қатысты деректер нақтыланған.

Асыловтың айтуынша, бұл жүйелер құқық қорғау ресурстарын оңтайландырып, қылмыстардың алдын алу мен тергеп-тексеруді жеделдетуге мүмкіндік береді. Бағдарламалар алдағы уақытта еліміздің барлық өңірінде енгізілмек.