Ербол Мырзабосынов Сурдлимпиада ұлттық құрамасына Мемлекеттік Туды табыс етті
Бүгін, 8 қарашада Алматыдағы Олимпиадалық даярлау орталығында XXV жазғы Сурдлимпиада ойындарына қатысатын Қазақстан ұлттық құрамасын салтанатты шығарып салу рәсімі өтті, деп хабарлайды arainfo.kz
Іс-шараға Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов және Ұлттық Сурдлимпиада комитетінің президенті Серік Сапиев қатысты.
Рәсім барысында министр Мемлекеттік Туды ұлттық құрамаға табыстап, спортшыларға сәттілік тіледі.
Сонымен қатар министр спортшылардың сапалы дайындалуы үшін елімізде жаңа инфрақұрылым салу және жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатқанын атап өтті. 2029 жылға дейін 113 жаңа спорт нысанын салу және 26 нысанды жаңарту жоспарланған. Сондай-ақ өңірлерде «100 жылдам салынатын спорт нысаны» жобасы табысты іске асуда.

Мемлекеттік Туды табыс ету құрметі сурдо дзюдодан Қазақстанның спорт шеберлері, өткен Сурдлимпиада ойындарының жүлдегерлері Айдос Түгелбаев пен Анна Крамороваға берілді.
Айта кетсек, XXV жазғы Сурдлимпиада ойындары 15–26 қараша аралығында Жапонияның астанасы Токио қаласында өтеді. Байрақты додада 80 елден шамамен 3 000 спортшы 21 спорт түрінен бақ сынап, 223 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Қазақстаннан 78 спортшы 8 спорт түрінен қатысады: жеңіл атлетика, еркін және грек-рим күресі, бадминтон, үстел теннисі, жүзу, дзюдо және таеквондо.