Жыл басынан бері заңсыз ұтыс ойындарын ұйымдастырғандар 40 миллион теңгеге жуық айыппұл төледі
Ал әлеуметтік желілерде ұтыс ойнатқан аккаунттардың тізімі министрліктің ресми сайтында жарияланған, деп хабарлайды arainfo.kz
Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің Ойын бизнесін және лотереяны реттеу комитеті әлеуметтік желілер мен онлайн-платформаларда заңсыз лотерея ұйымдастыру фактілеріне тұрақты мониторинг жүргізуде.
Комитеттің деректеріне сәйкес, жеке тұлғалардан келіп түскен шағымдар мен жүргізілген бақылау нәтижесінде биыл ҚР ӘҚБтК-нің 445-1-бабы 6-бөлігі бойынша 89 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Оларға жалпы сомасы 40 миллион теңгеге жуық айыппұл салынды.
Заңсыз ұтыс ойындарын ұйымдастырған тұлғаларға ескерту хаттары жолданып, түсіндіру жұмыстары офлайн және онлайн форматта жүргізілуде. Ал әлеуметтік желілерде ұтыс ойнатқан аккаунттардың тізімі министрліктің ресми сайтында жарияланған.
Хаттамамен келіскен азаматтар айыппұлдарын өз еркімен төлейді. Ал келіспеген жағдайда іс сотқа жолданып, сот тәртібімен қаралады.
Заңға сәйкес:
Лотерея операторы емес тұлға лотерея өткізсе, жеке тұлғаларға – 100 АЕК,
Жеке кәсіпкерлерге – 300 АЕК мөлшерінде айыппұл қарастырылған.
Ал бір жыл ішінде қайталанған құқық бұзушылық үшін:
Жеке тұлғаларға – 200 АЕК,
Шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – 750 АЕК айыппұл салынады.
Сонымен қатар заңсыз табыс толықтай тәркіленеді.