Ерекше жандардың еңбексүйгіштігі таңғалдырады
Облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасы мүгедектігі бар жандармен бірлесіп инклюзивті жобаларды жүзеге асыруда. Мұнда ерекше жандардың шығармашылық және рухани дамуына жағдай жасалып, тең мүмкіндіктер ұсынылады. Қанша сынақ көрсе де сынбай, керісінше көзі көретін азаматтарға мотивация беретіндей күш-жігері бар тұлғаларды кездестіру мен үшін үлкен мәртебе. Осы кітапханаға келгеннен бастап зағип жандармен етене араласып, олардың ішкі әлемін, қызығушылықтарын терең түсінуге мүмкіндік алдым.
Облыс бойынша 1 облыстық арнайы кітапхана мен аудандық орталықтандырылған кітапханаларда көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтарға арналған 9 бөлім ашылған. Кітапхана жұмысын инклюзивті бағытта ұйымдастырып, мүгедектігі бар адамдарға қажетті білім беру үшін тиімді жұмыс атқаруда. Мәселен кітапханада инклюзия бағытында 13 жоба, 2 үйірме ашылған.
Облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің бастамасымен қолға алынған «Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасы аясында жыл басынан бері кітапханада 4 000-ға жуық оқырманның қатысуымен мемлекеттік мерекелерге, айтулы күндерге, жазушылардың, ақындар мен қоғам қайраткерлерінің мерейтойларына орай 122 іс-шара өтті.
Биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Зағиптардың және көру қабілеті бұзылған немесе баспа ақпаратын қабылдау қабілеті өзгедей шектелген адамдардың жария етілген туындыларға қол жеткізуін жеңілдету туралы Марракеш шартын ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойған болатын.
Осы заң аясында заманауи технологияларды пайдалана отырып, зағип жандардың электрондық кітапханаларға қолжетімділігі артты. Оқырмандарға арналған «Мобильді кітапхана» тақтасы зағиптар орталықтарына орнатылды. Жас деңгейіне қарай 50 атау түрінен қойылған мобильді кітаптар қазақ және орыс тілінде аудиостудияда жазылып, мобильді тақтаға QR кодтар арқылы енгізілді. Аталған жобаның ерекшелігі – ұсынылған әдебиеттер оқырман сұранысына қарай және ай сайын ауысып тұрады.
Республика бойынша алғашқы болып зағип балалар мен жасөспірімдер үшін 4 форматты инклюзивті ертегі кітаптарын шығаруға мүмкіндік алдық. Ертегілердің барлығы әріптес кітапханашылардың даусымен жазылған. Сонымен қатар ертегілер «WhatsApp» арқылы «Кітапхана оқырмандары» чатында таратылады. 62 оқырманды қамтитын осы чатта кітапхана мамандары шығармаларды нақышына келтіріп дауыстап оқиды. Оқырмандар тарапынан сол шығарманың желісі бойынша кері байланыс орнатылып, шығарма кешке дейін өзара пікір таласпен, әдеби дискуссиялармен талқыланады. Нәтижесінде біз бір күнде оқырмандар чаты арқылы бірнеше әдебиетті насихаттаймыз.
Біздің кітапханада мүгедектігі бар 4 қызметкер жұмыс істейді. Осы орайда кітапхана саласының майталманы, өз ісінің маманы, тифология бөлімінің меңгерушісі Ербол Аққайұлының қызметіне ерекше тоқталғым келеді.
Ербол Аққайұлының еңбекқорлығы мен кәсібилігі мені таң қалдырады. Алғашында кітапхана оқырманы болып жүрген азамат кітапханадан Брайль қарпін үйреніп, әрі қарай бар білгенін өзі секілді көз жанарынан айырылып, өмір қиыншылығына тап болған жандарға үйрету мақсатында жұмысқа орналасады. Алғашында жұмысын зағип балаларға арналған мектеп оқулықтарын Брайль қарпіне аударудан бастады. Кітапхана оқырмандарының, мерейтой иелерінің сұраныстарына сай бүгінге дейін 2000-ға жуық кітапты аударды.
Ербол Аққайұлының кәсіби шеберлігі мен жұмысына деген сүйіспеншілігі оны саладағы үздік мамандардың біріне айналдырды. Ол зағип жандарға Брайль қарпінде кітаптар аударып қана қоймай, оларға компьютерлік сауаттылықты үйретеді. Әрбір оқырманмен жеке жұмыс істеп, олардың рухани қажеттіліктерін түсінуге тырысады. Осылайша, Ербол Аққайұлы әлеуметтік инклюзияны ілгерілетуге өз үлесін қосып жүр.
Ерекше атап өтер тағы бір әріптесім – ІІІ топтағы мүгедек Шоира Миршарипова есімді ару. Алғашында кітапхана редакторы болып қызмет атқарып, оқырмандармен жақсы тіл табысып, жауапты әрі сенімді қызметкерге айналды. Кейін оның кәсіби және адами қасиеттері жоғары бағаланып, абонемент бөліміне оқырмандарға қызмет көрсету үшін ауыстырылды.
Кітапханашы ретінде Шоираның ең басты қасиеттерінің бірі – эмпатия. Зағип жандар күнделікті өмірде көптеген қиындықтарға тап болады. Сондықтан олармен жұмыс істегенде кітапханашы алдына келген адамның ішкі күйін түсініп, қажетті қолдау көрсетуі керек. Шоира өз қызметінде осы қасиетті жоғары деңгейде ұстанып, әрбір оқырманға жылы көзқараспен қарап, олардың қиындықтарын сезінуге тырысады. Оң қолынан айырылғанына қарамастан, ол өзінің кәсібилігі мен еңбекқорлығын, сондай-ақ қиындықтарға төзімділігін көрсетуде.
Сонымен қатар ерекше жандар мәдениет пен өнер саласында да ерекше жетістіктерге жетіп жүр. Әсіресе мәдени іс-шаралар мен түрлі байқауларда өз орнын тапқан азаматтар кітапхана қызметкерлері үшін үлкен шабыт көзі. Солардың бірі Алтыбай Сапар есімді оқырманымыз жайлы айтпай кетуге болмас. Ол көзі көрмесе де өнерден өз жолын тауып, республикалық сахналарда өнер көрсетуде. Өнерлі азамат кітапханада ұйымдастырылған іс-шараларда өз шығармашылық қабілетін көрсетіп, түрлі шаралардың жоғары деңгейде өтуіне атсалысып келеді.
Зағиптарға қызмет көрсету кітапханашылар үшін ерекше жауапкершілік пен психологиялық дайындықты талап етеді. Көз жанарында кінәраты бар оқырмандармен жұмыс істегенде, олардың қажеттіліктерін түсініп, дұрыс қарым-қатынас құру, сондай-ақ әртүрлі психологиялық кедергілерді еңсеру маңызды. Мұндай жұмыс барысында бірқатар қиындық туындауы мүмкін, бірақ оларды дұрыс психологиялық тәсілдермен шешуге ұмтыламыз.
Кітапханашылардың біліктілігін арттыру, жаңа технологияларды игеру де өте маңызды. Осыған орай кітапхана қызметкерлері түрлі республикалық және халықаралық семинарлар мен тренингтерге қатысады. Шығармашыл ұжым Мәдениет және ақпарат министрлігінің ұйымдастыруымен өткен «Рухани қазына – 2025» мәдениет және өнер ұйымдары мен қызметкерлерінің республикалық фестиваліне қатысып, «Айрықша қажеттілігі бар азаматтарға арналған үздік кітапхана» номинациясында бас жүлдеге ие болып, 1 миллион теңге көлеміндегі құнды сыйлыққа ие болды.
Астана қаласы әкімдігінің көзі көрмейтін және нашар көретін азаматтарға арналған арнайы кітапханасының 55 жылдығына орай «Инклюзивті әлем» республикалық байқауы өткен болатын. Байқауға еліміздің әр өңірінен арнайы кітапханалар қатысып, инклюзивті бағыттағы үздік жұмыстарын ұсынды. Біздің кітапхана да осы байқауға қатысып, үздік нәтиже көрсетті. Жеңімпаздар қатарынан табылып, «Үздік тактильді кітап» номинациясы бойынша бас жүлде және «Үздік бедерлі макет» номинациясы бойынша II орын иеленді.
Алдағы уақытта да осы бағыттағы жұмысымызды жалғастырып, оқырмандарымызға жаңа мүмкіндіктер мен жағымды жаңалықтар ұсынуға бар күш-жігерімізді саламыз.
Толқын КҮЗЕНОВА,
облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін
азаматтар кітапханасы директорының орынбасары