Жаңалықтар

ОСК Мейрам Қажыкенді Президенттікке кандидат ретінде тіркеді

ОСК Мейрам Қажыкенді Президенттікке кандидат ретінде тіркеді

Орталық сайлау комиссиясы үміткер Мейрам Қажыкенді ҚР Президенті сайлауына кандидат ретінде ресми тіркеді. Бүгін Орталық сайлау комиссиясының кезекті отырысында 20 қарашада өтетін ҚР Президенті сайлауына үміткер Мейрам Қажыкеннің кандидатурасының заң талаптарына сай келетіні және оны кандидат ретінде тіркеу мәселесі қаралды. «Аумақтық сайлау комиссияларының хаттамаларына сәйкес ҚР Президенттігіне кандидат Мейрам Қажыкенді қолдау мақсатында еліміздің 14 өңірінде 122 184 азаматтың қолы жиналды. Оның барлығы тексерілді, соның ішінде кандидатты қолдаған 120 055 қол сенімді деп танылды», - деді орталық сайлау комиссиясының мүшесі Шавкат Өтемісов. Сондай-ақ, үміткердің құжаттарды уақытылы тапсырғаны және олардың талапқа сай келетіні айтылды. «Құрметті жиынға қатысушылар, осылайша орталық сайлау комиссиясы Қажыкен Мейрам Зекешұлын ҚР Президентіне кандидат ретінде тіркеді», - деді Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров. Одан бөлек, жиын соңында ОСК төрағасы Мейрам Қажыкенге кандидат куәлігін табыс етті. Еске салсақ, 4 қазанда Орталық сайлау комиссиясына Президент сайлауына кандидат ретінде ұсынылған Мейрам Қажыкеннің құжаттары тапсырылды. Ал 8 қазан күні үміткер мемлекеттік тілді меңгеру деңгейі бойынша емтихан тапсырып, одан сәтті өтті. Айта кетейік, Мейрам Қажыкен кандидат ретінде «Аманат» Қазақстан кәсіподақтар достастығы» республикалық бірлестігі атынан ұсынылып, тіркелді.