ЖИ енді мал да бағады
Адамзат тарихында малшаруашылығы – ең көне әрі маңызды кәсіптің бірі. Уақыт өте заман талабына сай бұл сала да өзгеріп, технологияның игілігіне жүгінуде. Қазір мал бағу тек дәстүрлі тәсілмен шектелмейді. Смартфон мен спутник арқылы малдың жүрген жерін, денсаулығын, тіпті мінез-құлқын да бақылауға болады. Бұрын тек қол күшімен атқарылған жұмыс бүгінде жасанды интеллект пен цифрлық жүйелердің көмегімен жеңілдеп келеді. Әлем елдері осы бағытта түрлі инновациялық шешімдерді енгізіп, ауылшаруашылығын жаңа деңгейге көтеруде.
Мал қайтару, шөп шабу, қора тазалау сияқты бейнетті жұмыстардан бүгінде көпшілік қашады. Бірақ жаңа технология бұл мәселені шешіп, мал иесіне де, бақташыға да үлкен көмекшіге айналып отыр.
Мысалы, бірқатар елде малға GPS құрылғысы орнатылады. Нәтижесінде жылқы, сиыр секілді түліктің қайда жайылып жүргенін үйде отырып-ақ бақылауға болады. Тіпті мұндай құрылғылар малдың күйін, денсаулығын және мінез-құлқындағы өзгерістерді нақты уақыт режимінде көрсетіп отырады.
GPS құрылғысын орнатушы компанияның бас маманы Джордж Новарро бұл туралы былай дейді.
– Біз жануарларға қатысты барлық ақпаратты өңдеумен айналысамыз. Малдың төлдеу кезінен бастап, күнделікті жай-күйіне дейін бақылауға болады. Әлемдегі көптеген құрылғылар дәл ақпарат бере алмайды. Ал біздің қосымша нақты әрі қолайлы, – дейді Джордж.
Жануарларды сәйкестендіру нарығындағы айналым өткен жылы 4,94 миллиард долларды құраған. Сарапшылардың болжамынша, 2030 жылға қарай бұл көрсеткіш 8,55 миллиард долларға жетеді. Жыл сайынғы өсім қарқыны шамамен 9,6 пайыз.
Цифрландыру ісін табысты жүргізіп отырған елдердің бірі – Ұлыбритания. 2027 жылдан бастап мұнда барлық бұзауға электронды сәйкестендіру таңбасы тағылмақ. Бұл малдың қозғалысын бақылап қана қоймай, аурулардың таралу қаупін азайтуға мүмкіндік береді. Электронды жүйе жасанды интеллект арқылы жұмыс істеп, деректер автоматты түрде бірыңғай ұлттық базаға енгізіледі.
Ұлыбританияның бас мал дәрігері, профессор Кристин Миддлмис жануарлардың мінез-құлқы мен денсаулығына қатысты болжамдар жасанды интеллект көмегімен жасалатынын, бұл азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, ауыл шаруашылығының тұрақты дамуына жол ашатынын айтады.
Оңтүстік Америка елдері де бұл үрдістен қалыс қалмаған. Мысалы, Бразилияның Пара штатында әлемдегі ең ірі ет өндірушілердің бірі фермерлерге үш миллион электронды чипті тегін таратыпты. Соның арқасында аймақтың барлық ірі қарасы келесі жылға дейін толық цифрлы есепке алынады. Сарапшылар мұны елдің ет экспортының халықаралық стандарттарға сай болуын қамтамасыз ететін маңызды қадам деп бағалап отыр.
Ал Скандинавия елдері жаңа шешімдерді сынақтан өткізіп жатыр. Швеция мен Дания мал жаюға арналған виртуалды қоршауларды заңдастырды. Егер жайылымдағы мал алысқа кетсе, құрылғы дыбыстық белгі береді. Белгіден кейін кері шегінбесе, құрылғы жеңіл тоқ импульсін жібереді. Бұған дейін Швеция мұндай тәсілге жануарлардың қауіпсіздігі тұрғысынан күмәнмен қараған еді. Алайда 2026 жылдан бастап ірі қара мен қойға қолдануға ресми түрде рұқсат берілді.
Жалпы алғанда жаңа технологиялардың малшаруашылығында кеңінен қолданыла бастауы – ауыл өмірінің жаңа кезеңге аяқ басқанын көрсетеді. Мұның нәтижесінде ауылға қызығушылық артып, урбанизация қарқыны бәсеңдей түседі деген үміт те жоқ емес.
Қазіргі таңда елімізде де малшаруашылығын цифрландыру жобалары сәтті жүзеге асырылуда. Мәселен бүгінде Ауылшаруашылығы министрлігі биометрия әдісі арқылы төрт түлікті тіркеу жүйесін енгізуде. Енді барлық мәлімет ортақ цифрлық базаға жүктеледі. Бұл азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және мемлекеттік қолдау шараларын тиімді жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Базаға шаруаның ғана емес, әрбір малдың да суреті енгізіледі. Ол үшін мал сканерден өткізіліп, оның тұқымы, жасы, алған өнімі мен төлі туралы ақпарат автоматты түрде жазылады. Мамандар осы бағытта жаңа платформаны әзірлеп, биометриялау жүйесін жетілдіруде.
Ауылшаруашылығы министрлігі басқарма басшысының міндетін атқарушы Жақсылық Еркінбекұлының айтуынша, малды сканерлеу арқылы оның түр-түсін, салмағын, жеген жем-шөбін, өнімділігін және төлдеу мерзімін анықтауға болады. Барлық дерек биометрия арқылы көрініп тұрады.
Жаңа жүйе алдағы үш жылда толық енгізіледі. Осы кезеңде егістік алқаптарының жартысына жуығы да цифрлық бақылауға алынады. Ғарыштық мониторинг құрғақшылық пен зиянкестерден келетін шығынды да азайтуға ықпал етеді.
Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевтің келтірген деректеріне сүйенсек, 2028 жылға қарай малдың 90 пайызы RFID-белгілер мен жасанды интеллект арқылы таңбаланады. Ал ауылшаруашылығы жерлерінің кемінде 50 пайызы цифрлық бақылауда болады. Осы арқылы егістік өнімін 20-25 пайызға арттыруға мүмкіндік туады.
Осылайша жыл санап жасанды интеллект фермерлердің сенімді көмекшісіне айналып бермек.
Айжан ӨЗБЕКОВА