Жылыту маусымын сәтті өткізу – басты мақсат
Облысымызда жылыту маусымы 15 қазаннан басталып, 2026 жылдың 15 сәуіріне дейін жалғасады. Осы орайда 22 қазан және 22 қараша аралығында тұрғын үй секторында өрт қауіпсіздігі айлығы өткізілуде.
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Дархан Қалдырбектің айтуынша, айлық іс-шара барысында тұрғын үй секторындағы өрттер мен улы газдан улану оқиғаларының алдын алу және жол бермеу, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы халыққа қауіпсіздік шараларын түсіндіру және профилактикалық жұмыстар жүргізілуде.
Облыс аумағында жүргізілген профилактикалық іс-шаралар барысында 881 тұрғын үйдің өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзып отырғаны анықталыпты.
Сонымен қатар өңірдегі бөлімшелер өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстарын ұйымдастыру басқармасының бақылауымен сыртқы су көздеріне, оның ішінде өрт сөндіру гидранттарына қызмет көрсету бойынша маусымдық күзгі жұмыстарды жүргізуде. Алдын алу шаралары аясында гидранттардың техникалық жағдайы тексеріліп, қажет болған жағдайда тазалау және жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Мұндай шаралар, әсіресе қыс мезгілінде, өртті сөндіру кезінде судың үздіксіз берілуін қамтамасыз етуге бағытталған.
Бұдан бөлек, өңірде өртке қарсы сумен жабдықтау жүйесін жаңғырту және цифрландыру шаралары қолға алынған. Қалалық өрт сөндіру гидранттарының координаттарын «Google Maps» қосымшасына кезең-кезеңімен енгізу жоспарлануда. Бұл гидранттардың нақты орнын жедел анықтауға мүмкіндік береді. Жүргізіліп жатқан жұмыстардың негізгі мақсаты – өртке қарсы сумен жабдықтау жүйесінің тиімділігін арттыру және төтенше жағдайлар кезінде өртке қарсы бөлімшелердің жедел әрекет ету қабілетін күшейту.
Тағы бір жақсы жаңалық, Т.Рысқұлов ауданының өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері өз қолдарымен электр қуатымен жүретін жеңіл автокөліктер өртенген жағдайда өшіретін арнайы құрылғы жасап, оны сәтті сынақтан өткізді. Қазіргі таңда мұндай көліктер күн өткен сайын көбейіп келеді. Алайда олар өртенген жағдайда сөндіру дәстүрлі автокөліктерге қарағанда әлдеқайда күрделі. Себебі мұндай көліктер жоғары вольтты литий-ионды аккумуляторлармен жабдықталған, ал олар қызып кеткен жағдайда өздігінен жану немесе жарылу қаупін тудырады.
Мамандар электр қуатымен жүретін жеңіл автокөліктер өртенгенде сөндіретін ең тиімді әдіс көп мөлшерде суды үздіксіз беру екенін атап өтті. Сондай-ақ аккумулятор температурасы тұрақталғанша 24 сағат бойы бақылау қажет. Жаңа құрылғы осындай жағдайларда өрт сөндіру жұмыстарын қауіпсіз әрі тиімді жүргізуге мүмкіндік береді.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ