Әлеумет

Адам әрекетінен кейін табиғаттың өзгеруі

Соңғы ондаған жылдар ішінде табиғат ресурстарын пайдаланудың артуына байланысты адамзаттың табиғатқа тигізетін әсері қатты күшейді. Өкінішке қарай, ғылым мен техниканың ғаламат жетістіктері және шапшаң дамуы, адамзаттың барған сайын аш көздікпен табиғатты тонауы, биосферадағы жаратылыстың тепе-тендік заңдарын бұзды. Осылардың нәтижесінде жеріміздің ауасы тарылып, өзен-көлі бүлініп, қоршаған ортамыз көз алдымызда азып-тоза бастады. Қоршаған ортадағы тепе-теңдік бұзылды. Адамдардың денсаулығы нашарлап, аурулардың түрлері және саны көбейді.

Табиғатты сауықтыру да күрделі мәселелердің бірі. Бұл үшін ең алдымен, адамдардың табиғатқа деген көзқарасын өзгертіп, дұрыстау керек, тәрбиелеу керек. Сонымен қатар балалар бақшасынан бастап, мектептерде, жоғары оқу орындарында адамдардың табиғатқа, қоршаған ортаға деген көзқарасын өзгертіп, қалыптастыру да маңызды. Егер біз жас ұрпақты кішкентай кезінен бастап табиғатты сүюге тәрбиелемесек, көп нәрседен ұтылатынымыз талассыз. Әрбір тәрбиеші, мүғалім, маман, басшы, экология негіздерін жақсы білуі тиіс. Сонда ғана әрбір адамның миында, ойында, көзқарасында қоршаған ортаны бүлдірмеу керектігі туралы негіз қалыптасады. Адамдар сонда ғана туған өңір табиғатын қорғауда белсенділік көрсете алады.

Газет-журналдарға мақала жазу, баяндама жасау, теледидардан мәліметтер беру, жазушылармен, ғалымдармен кездесулер өткізудің де нәтижелері мол болады.

Экология – жаңа, жас ғылым саласы. Бұған соңғы он-жиырма жылға дейін тіптен көңіл бөлінбей келген. Әбден табиғатымыз азып-тозғанда ғана, бұл ғылым саласына бет бұрдық. Енді болашақта экология саласында білім берудің аясын кеңейте түскеніміз жөн. Сонда ғана ертеңгі күннің белсенді табиғат корғаушыларын дайындауға мүмкіндік аламыз.

Жер және минералды шикізат ресурстары, ауылшаруашылық алқаптары тозудың аз-ақ алдында десе де болады. Бұл айтылғандарға үлкен аумақтардағы жер дефляциясы дәлел бола алады. Суармалы жерлердегі құнарлылықтың төмендеуі, топырақ қабатындағы гумус қабатының көз алдымызда жұқалануы Қазақстан далаларының егіс алқаптарында жиі байқалып отырған құбылыс. Ал, табиғатта қалыңдығы 5 сантиметр гумус қабатын жинау үшін жүздеген жылдар қажет болса, аридті климатты аймақтар үшін бұл мақсатқа мыңдаған жылдар кететіні анық. Топыраққа рекультивация жасау да қымбатқа түсетін іс-шара. Мысалы, 1 гектар үшін 300 мың теңгеге дейін, кейде онан да көп шығын жұмсалады. Мұның тағы бір зияны, экожүйенің микроклиматы енді қайтып орнына келмейтін күй кешеді.

Арал өңірінің экологиясы, Арал қасіреті республика аумағынан асып, бүкіл планетаның бас ауруына айналып отыр. Оны сауықтыру бағатында Орталық Азиядағы бес мемлекет – Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан және Түркменстанның президенттері бірнеше рет кездесті. Мемлекет басшыларының шешімімен, Арал бассейнін қалпына келтіру жобаларына қолдау білдіру туралы шаралар айқындалды.

Сонымен қатар еліміздің экологиясы үшін Семейдегі полигон әкелген зардап-қасірет орны толмас өкініштерге ұрындырып отыр. Семей өңірінде жарылған 500-ге жуық бомбаның сойқаны адамдарды ақырзаман індетіне шалдықтырып, Жер-Ананы осьінен тайдырып жібере жаздады. Егер жарылыс тоқтамағанда, әр сынақ табиғатқа өлшеусіз зиян әкеліп, улы тозаң мен аждаһа ошағы жарты әлемді ойрандап, Орта Азияны ядролық тозаңға тұншықтырып, ондағы халықттың түбіне жететін еді. Өйткені осы полигон маңындағы қазақтардын көбі дәрігерлердің өзі анықтай алмайтын аурулардан қырылғаны белгілі. Жарты ғасырға жуық жалғасқан атом от-жалын жер-суды ойрандап, неше түрлі аурулардың шығуына жол ашты. Осы залалды аймақта тұратын 1,5 миллионға жуық адам жазылмайтын дертке шалдығып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатын кеселге душар болғаны жасырын емес.

Ғылыми-техниканың қарыштап дамуы табиғатты тиімді пайдалану ісін ұйымдастыруда адамзаттың алдына бірқатар жаңа міндеттер қойып, табиғатты қорғаудың көптеген мәселелерін шиеленістіріп жіберді. Ғылыми-техникалық дамудың барысында негізгі бағыттың әрқайсысы оларды шешудің өзіне ғана тән жолдарын іздестіруді талап ететін табиғатты қорғаудың өзіндік мәселелерін алға тартып отыр. Табиғат ресурстарын пайдалану көлемінің артуы, тұрған ортаның өндіріс және тұтыну қалдықтарымен ластануынын, өсуі, адамзаттың энергиямен қарулануының артуы жаңа заттар жасап өндірістің жаңа салаларының пайда болуы, ауыл шаруашылығын интенсивтендіру, халқы көп ірі қалалардың көбеюі негізгі шешімін тезірек табатын мәселелердің қатарына жатады.

Сәулет БЕЙСЕНБАЙ,

№67 орта мектеп директорының

тәрбие ісі жөніндегі орынбасары