Экономика

Аудан экономикасында өсім бар

Талас ауданында бірқатар инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асып, шағын және орта кәсіпкерлік өрісін кеңге жаюда. Әлеуметтік нысандар да жаңартылып, халықтың тұрмыс сапасы біртіндеп жақсарып келеді. Осы жылдың 9 айындағы негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер бойынша аудан экономикасының жалпы даму бағытында оң динамика қалыптасқан.

ӨНЕРКӘСІП САЛАСЫНЫҢ ӨНІМІ БАҒАЛЫ

Мысалы, ауданның өнеркәсіп саласында 29,3 миллиард теңгенің өнімі өндіріліпті. Өткен жылғы 26,9 миллиард теңгелік көрсеткішпен салыстырғанда биыл біршама өсім бар.

Өнеркәсіп саласының негізгі бағыттарына тоқталсақ, кен қазу және өндіру саласында 9,5 миллиард теңгенің өнімі өндіріліпті. Десе де меже өткен жылмен салыстырғанда 79,6 пайыз деңгейінде орындалған. Өңдеу өнеркәсібінде 17,7 миллиард теңгенің өнімі шығарылып, нақты көлем индексі 104,1 пайызға жеткен. Электрмен жабдықтау, газ және бу беру, ауа баптау саласында өнім 1,9 миллиард теңгені құраған. Көрсеткіштің төмендеуі «Wind Power City» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жел электр энергиясын өндіретін турбинасының істен шыққанына байланысты. Сумен жабдықтау және кәріз жүйесін пайдалану саласында 0,2 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, көрсеткіш 102,6 пайыз дейгейінде қалыптасқан. Тау-кен өнеркәсібі бойынша өнім көлемі 9,5 миллиард теңге болса да, нақты көлем индексі 79,6 пайыз деңгейінде қалып отыр. Бұл салада межелі жоспар толық орындалмаған. Мемлекет басшысының өңірлердегі экономикалық өсімді қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасына сәйкес нақты көлем индексін 88,6 пайызға жеткізу жоспарланған екен. Алайда Талас ауданында бұл межеден 9 пайыздық тармаққа төмен көрсеткіш тіркеліпті. Оған «Шолақтау» тау-кен орны 2024 жылдың 9 айында ұсақталған фосфатты шикізатты 58,1 мың тонна көлемінде өндірсе, 2025 жылдың 9 айында сұраныстың азаюына байланысты 43,4 мың тонна шығарылуы себеп болған. «QazaqGaz барлау және өндіру» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 2024 жылы 147 миллион текше метр табиғи газ өндірсе, 2025 жылы қысымның төмендеуіне байланысты 104,7 миллион текше метр өндіріпті. Экономикалық өсімді қамтамасыз ету бойынша қаңтар-шілде айларының қорытындысымен нақты көлем индексін 103,9 пайызға жеткізу жоспары 0,2 пайыздық тармаққа артық орындалған.

Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 28,2 миллиард теңгені құрап, нақты көлем индексі 169,6 пайызды көрсеткен. Жеке және шағын кәсіпорындардағы бөлшек сауда тауар айналымы 4,2 миллиард теңге болып, нақты көлем индексі 111,3 пайыз деңгейінде қалыптасқан. Экономикалық өсімді қамтамасыз ету бойынша нақты көлем индексі 111,2 пайызға жеткен. Құрылыс жұмыстарының көлемі 11,5 миллиард теңгені құраған. Экономикалық өсімді қамтамасыз ету бойынша нақты көлем индексін 140 пайызға жеткізу жоспары 5,4 пайыздық тармаққа артық орындалыпты.

 

СИЫР МЕН ҚОЙ АЗАЙҒАН

2025 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында 3 821 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркелсе, 218-і шағын кәсіпорын, 2 003-і жеке кәсіпкер, ал 1 600-і шаруа қожалық екен. Тіркелген субъектілердің 3 529-ы, яғни 92,4 пайызы жұмыс істеп тұрған көрінеді. Жұмыс істеп тұрған ШОК субъектілерінің саны 2024 жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 52-ге кеміпті. Себебі жаңадан ісін бастаған кәсіпкерлер өз жұмысын алып кете алмағандықтан және мемлекеттік сатып алуды ұтып ала алмағандықтан уақытша немесе мүлдем жеке кәсіпкерліктерін тоқтатып қойған.

Ауданда 4 мемлекеттік бағдарлама іске асырылуда. Есепті кезеңде құны 2 миллиард 451 миллион теңгеден асатын 64 жоба іске қосылыпты. Атап айтқанда, «Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі бірыңғай кешенді бағдарламасының» «пайыздық ставканы субсидиялау» бағыты бойынша құны 1 миллиард 810 миллион теңгені құрайтын 3 жоба жүзеге асқан. Оның ішінде Қаратау қаласында құны 1 миллиард 800 миллион теңге болатын 2 жел электр стансасы салынған. Бостандық ауылындағы малшаруашылығын дамытуға бағытталған жобаның құны – 10 миллион теңге.

«Кең дала» бағдарламасы шеңберінде құны 61,5 миллион теңгені құрайтын 6 жоба іске асырылыпты. Оның ішінде Бостандық ауылындағы жобаның құны 10,5 миллион теңге болса, Сәду Шәкіров ауылындағы жобаның құны 12,7 миллион теңгені құрапты. Ойық ауылында 23,2 миллион теңгеге екі жоба, ал Ақкөл мен Аққұм ауылдарында құны 7,3 миллион теңге және 7,8 миллион теңге болатын бір-бір жоба іске асырылған. «Агробизнес» бағдарламасы бойынша құны 268 миллион теңге болатын 11 жоба іске қосылыпты. «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында да құны 311,9 миллион теңгені құрайтын 44 жоба жүзеге асқан. Оның ішінде 35 жоба Қаратау қаласына тиесілі. Сол секілді Қызыләуіт ауылында – 2, Сәду Шәкіров, Тамды, Ойық, Ақкөл, Берікқара, Үшарал, Аққұм ауылдарында бір-бір жоба іске асқан.

Ветеринариялық кешенді жоспарға сәйкес 2025 жылдың ақпан айында ауылшаруашылығы малдарына арналған барлық вакциналар келіп, жоспар бойынша ауылдық округтерге таратылып беріліпті. Салынған вакциналар жоспарға сай «Ауылшаруашылығы жануарларын бірдейлендіру» базасына енгізіліпті. Жалпы аталған базада аудан бойынша 36 138 мүйізді ірі қара, 462 967 уақ мал, 20 708 жылқы, 2 541 түйе тіркелген екен. Биыл 12 144 бұзау, 151 889 қозы-лақ, 5 277 құлын, 350 бота сырғаланған.

 

ХАЛЫҚ ИНФРАҚҰРЫЛЫММЕН ҚАМТЫЛУДА

 

«Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында аудандағы Сәду Шәкіров ауылындағы 4 көшеге, Аққұм ауылындағы – 3, Ойық ауылындағы – 1, Ақкөл және Бостандық ауылындағы екі-екіден төрт, барлығы 12 көшеге орташа жөндеу жұмыстарын жүргізуге 218,4 миллион теңге бөлініп, тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр екен. Ойық ауылындағы мәдениет үйінің ғимаратын қайта жаңғыртуға 111,1 миллион теңге және Үшарал ауылындағы мәдениет үйінің ғимаратын қайта жаңғыртуға 141,2 миллион теңге жұмсалыпты. Құрылыс жұмысы келесі жылы аяқталмақ. Өткен жылдан өтпелі Бостандық ауылындағы спорт кешенінің құрылысына 427,1 миллион теңге бөлу арқылы жұмыстар қазір толық аяқталған. Аудандағы 7 ауылдық елді мекендегі 13 көше жарықтандырылуда

Қазіргі танда ауданда 23 елді мекеннің 20-сы орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз етіліпті. 2025 жылы Қожағаппар, Сейілбек елді мекендерінде су құбыры тартылған екен. Қараой ауылындағы су құбырының құрылыс жұмыстарын аяқтауға 160,6 миллион теңге бөлініпті. Арал және Қайыр ауылдарын сумен жабдықтауға арналған кері осмос қондырғысы бар модульдік контейнерлік блоктарын орнатуға облыстық бюджеттен 72,4 миллион теңге қаралған. Қаратау қаласындағы «Флора» саяжайын ауызсумен қамтамасыз етуге облыстық бюджеттен 50 миллион теңге бағытталса, республикалық бюджеттен 259 миллион теңге бөлу күтілуде. Қазір құрылыс жұмыстары уақытша тоқтап тұрған көрінеді.

Аудан аумағындағы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 587,59 шақырымды құрайды екен. Осы жылы қала және елді мекендердегі көшелерді орташа жөндеуге аудандық бюджеттен жалпы 868,1 миллион теңге қаражат бөлініпті. Қаратау қаласындағы 10 көше орташа жөндеуден өткен. Майтөбе, Қызыләуіт, Есейхан, Көктал және Тамабек ауылдарындағы 13 ауылішілік көшені орташа жөндеуге аудандық бюджеттен 433 миллион теңге бөлінген.

Бөлтірік шешен ауылындағы 1 ауылішілік көшені орташа жөндеуге аудандық бюджеттен 105,5 миллион теңге қаралып, орташа жөндеу жұмыстары қазір де жүргізіліп жатса керек. Қаратау қаласындағы Панфилов, Тамды Әулие, Арбатас көшелерінің автомобиль жолдарын қайта жаңғыртуға республикалық және облыстық бюджеттен 696,4 миллион теңге бөлініп, жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі күнге Панфилов көшесін қайта жаңғырту жұмыстары толық аяқталыпты.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ