Қоғам

Кітапханалар жаңа жүйеге көшіріледі

«Бақытты болашақ» оқушылар сарайында Шоқан Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапхананың ұйымдастыруымен «Цифрлы қоғам және кітапхана» атты республикалық кітапханашылар конференциясы өтті.

Кітапхана саласындағы заманауи үрдістер мен цифрландыру дәуіріндегі жаңа мүмкіндіктерді, инновациялық тәжірибелерді талқылауға арналған жиынға еліміздің 10 өңірінен 300-ден аса кітапханашы қатысты.

Конференцияның ашылу рәсімі Асқар Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театры актерлерінің «Тараз шайырлары» атты театрландырылған прологымен басталды.

Іс-шара барысында облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов құттықтау сөз сөйлеп, кітапхана ісінің дамуына зор үлес қосқан үздіктерді марапаттады.

Басқосуда бірқатар кітапханашы марапатталып, оларға сый-құрмет көрсетілді. Атап өтер болсақ, Қордай аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің Отар ауылдық кітапханасының кітапханашысы Гүлмира Айнақұлова, Шу аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің Далақайнар ауылдық кітапханасының кітапханашысы Ақылжан Дүйсебаева, Меркі аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің Қостаған ауылдық кітапханасының кітапханашысы Айнұр Мырзахметова «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды.

Сондай-ақ конференцияның пленарлық отырысы «Заманауи кітапхана: дамудың перспективалы үлгілері» тақырыбында жалғасып, баяндамашылар өзекті ойларын ортаға салды. Олардың ішінде «Қазақстан Республикасы Жоғары оқу орындары кітапханалары қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің президенті, М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің кітапханалық-ақпараттық орталығының директоры Гүлжан Иржанова да бар. Ол «Жаңа жағдайдағы жоғары білім: академиялық кітапханаларға қойылатын талаптар» тақырыбында баяндама жасап, барлық кітапханаларды цифрлық жүйеге көшіру мен ұлттық стандарттарды біріздендіру қажеттігін атап өтті.

Сымбат ҚУАНЫШ