Жаңалықтар

Жыл басынан бері Қазақстан кітапханаларына 37 миллион оқырман келген

Биыл республика бойынша кітапханалар келушілер санының рекордтық көрсеткішін тіркеді, деп хабаралайды arainfo.kz

Қазақстанда соңғы жылдары кітап оқуға деген сұраныс айтарлықтай өсіп отыр. Биыл республика бойынша кітапханалар келушілер санының рекордтық көрсеткішін тіркеді. Жыл басынан бері елдегі кітапханаларға 37 миллионнан астам оқырман барған.

Соңғы бір айдың ішінде Алматыдағы Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасына 13 мыңға жуық адам келіп, олардың ішінде ең белсенді топ — 17-25 жас аралығындағы жастар екені белгілі болды. Ал 45 жастан асқан оқырмандар саны екі мыңға жеткен. Сонымен қатар үш мыңға жуық адам алғаш рет кітапханаға тіркелген.

Кітап сүйер қауымның таңдауы көбіне қазақ және әлем әдебиетінің классикалық және көркем шығармаларына түсіп отыр. Әсіресе романдар, повестер мен поэзия жанры танымал. Соңғы уақытта қазақ классиктері мен ұлттық ой-толғамға құрылған философиялық еңбектерге деген қызығушылық та айқын артқан.

Қазіргі таңда елімізде 3 883 қоғамдық кітапхана жұмыс істейді. Жыл басынан бері олардың базасына 5,3 миллионнан астам жаңа оқырман тіркелген.