Тас жолдарды тоздырған жүк көліктері бақылауға алына ма?
Бүгінгі таңда Жамбыл облысының аумағындағы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы – 10 038 шақырымды құрайды. Оның ішінде 1 237 километр республикалық, 1 756 шақырым облыстық және 1 383 километр аудандық маңызы бар автомобиль жолдары. Ал дәл осы жолдардың жөнделуіне өз қалтасынан аз да болса үлес қосып, жыл сайын көлігіне салық төлейтіндер қара жолдың сапалы болғандығын қалайтыны анық. Әйтсе де, осынау жолдарға ауыр жүк көліктерінен келетін залал аз емес.
Шын мәнінде, қытайлықтар өндірген 50-60 тонналық «Shacman» атты жүк көлігі карьерде ғана жүруге тиіс. Өйткені аталған жүк көлігі магистралдық жолдардың тез бұзылуына «ықпалын» тигізіп отыр. Мәселен, дәл қазір Әулиеата өңіріндегі қалалық және жол құрылыстарында сондай-ақ өзге де нысандарда 4 мыңға жуық самосвал көліктер пайдаланылуда. Мамандар салмағы аса ауыр темір тұлпарларды қанша жерден бақылағанмен, ережеге бағынбайтын кейбір жүгенсіз жүк көліктерінің қозғалысы толастамай тұрғанын айтады.
Атап өтерлігі, «Shacman» көлігінің орташасының салмағы – 17,1 тонна. Ал үстіне алатын жүгі – 31 тонна. Сонда магистралды асфальт жолдарға түсіретін салмағы – 48 тонна. Жылдамдығын сағатына 90 километрге дейін жеткізе алады. Демек, 1 метр жолға түсіретін жүктемесі – әрбір шақырымына 4 320 тонна. Сонша ауыр жүк, қатты жылдамдық жолды бұзбай қоймайды. Бізде белдікке түсіретін салмақ 10 тоннадан аспауы керек. Ал көктемгі және жаз айларында бұл шектеу 8 тоннаға дейін төмендетіледі. Салыстыру үшін айтатын болсақ, «КамАЗ»-дың алатын жүгі 7 тоннадай, артындағы тіркемесімен қосқанда 15-16 тонна шамасында. Бірақ оның бағасы – 32-33 миллион теңге, ал «Shacman»-ды 25-26 миллион теңгеге алуға болады. Сондықтан кәсіпкерлер әрі арзандау, әрі жүкті көп көтеретін көлікке ұмтылады. Ал оның жолды бұзатынын ешкім ескере қоймайды.