Шеберлікті шыңдаған байқау
Жұмысшы мамандықтары жылы аясында өткен аптада облыс әкімдігі білім басқармасы мен техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту орталығының ұйымдастыруымен облысымызда алғаш рет «КәсіпSKILLS» атты кәсіби шеберлік байқауы өтті.
Облыс әкімдігі білім басқармасының мамандарының айтуынша, өңірімізде дуальды оқыту жүйесі қарқынды дамып келеді. Жүйенің ерекшелігі – теория мен тәжірибенің қатар жүруі. Яғни, студенттер мамандықтың қыр-сырын тек аудиторияда ғана емес, өндіріс орнында жүріп те меңгереді. Ал «КәсіпSKILLS» байқауы осы еңбектің жемісін паш етуге мүмкіндік берді.
Байқау қатысушылар «Автокөліктерге техникалық қызмет көрсету», «Аспаздық іс», «Наубайшылық» және «Дәнекерлеу» бағыттары бойынша бақтарын сынады. Қатысушылар нақты өндірістік тапсырмаларды орындап, өздерінің білімін, шеберлігін және төзімділігін сынады.

Сайыс қорытындысында «Аспаздық іс» бағыты бойынша Тараз сервис және технология колледжінің студенттері үздік атанды. Олар тағам әзірлеуде шеберлікті де, шығармашылықты да қатар ұштастырып, қазылар алқасының жоғары бағасына ие болды.
«Наубайшылық» бағытында айқын басымдықпен №10 Шу колледжінің командасы жеңіске жетті. Қатысушылардың ұқыптылығы, технологиялық процестерді дәл орындауы мен дайын өнімнің сапасы әділқазыларды тәнті етті.
«Автокөліктерге техникалық қызмет көрсету» бағыты бойынша бірінші орынды Жамбыл политехникалық жоғары колледжі иеленді. Студенттер көлік құрылымын терең меңгеріп, алған білімін тәжірибеде ұтымды қолдана білді.
Ал «Дәнекерлеу» бағытында Жамбыл индустриалды-технологиялық колледжінің студенттері өзгелерден оқ бойы озық шықты. Олардың жұмыстары ұқыптылығымен, нақтылығымен және кәсіби деңгейімен ерекшеленді.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ