Ауылдан – арманға
Ауыл баласы қалай Гарвардқа оқуға түсе алады? Мұндай мүмкіндікті IQanat жобасының қамқоршылары – қазақстандық кәсіпкерлер сыйлап отыр.
Бүгінде Қазақстан өңірлерінің бәрінде IQanat Олимпиадасының І туры басталды. Биыл жоба аясында еліміздің шалғай ауылдарындағы 64 мың оқушы әлемнің үздік жоғары оқу орындарына оқуға түсу үшін бақтарын сынауда.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, IQanat жобасы үшін балалардың мектептегі бағалары маңызды емес. Бұл кезеңде қатысушылар кешенді тестілеуден өтіп, олардың математикалық және оқу сауаттылығы, логикалық ойлау қабілеті мен қазақ тілі бойынша білімі бағаланады.
Олимпиаданың барлық 3 кезеңінен сүрінбей өткен жеңімпаздарға IQanat қамқоршылары IQanat High School of Burabay мектеп-пансионатында немесе олимпиададан кейінгі үш жылдық сүйемелдеу бағдарламасы бойынша оқуға грант береді.
Бағдарлама аясында балалар Ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) және халықаралық емтихандарға дайындалып, ағылшын тілін тереңдетіп, ІТ, кәсіпкерлік және soft skills дағдыларын дамытады.

Олимпиада барысында мотивациялық кездесулер мен тренингтер өтіп, оқушылар өз күшіне сенуге шабыт алады. Кездесулерге жобаның қамқоршылары қатысып, өз тәжірибесімен бөліседі.
IQanat – қазақстандық 240 ірі кәсіпкердің басын қосқан бастама. Олардың көбісі ауылдан шыққан, тек өз еңбегі мен білімі арқылы биікке жеткен азаматтар. Бүгінде сол кәсіпкерлер өздері жүрген жолды жалғап, «айқанаттықтарға» қолдау көрсетіп, білім мен еңбек арқылы табысқа жетуге жол ашып отыр.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ