Іздене жүріп мұратына жеткен азамат
Қазақ қоғамы әлі де «шетелде тек бай-бағландардың ұл-қыздары оқиды» деген жаңсақ ойдан арылмай келеді. Дегенмен қарапайым отбасынан шығып, қажырлы еңбегі мен үздіксіз ізденісінің арқасында әлемнің үздік университеттерінде білім алып жүрген ғылымға адал жастар да аз емес. Осындай дарыны мен қарымы келіскен азаматтардың бірі – талантты жерлесіміз Айболат Әбітбеков. Еуропаның ең мықты оқу орнын тәмамдаған ол бүгінде өзі секілді білім мен ғылым жолында жүрген жас буынға қолдау көрсетіп, бағыт-бағдар беріп келеді.
Айболат Серікжанұлы Қордай ауылында дүниеге келген. Туған жеріндегі мектепті бітірген соң әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Халықаралық қатынастар» факультетіне қабылданады. Университетті де үздіктер қатарында бітіреді. Кейін мұнымен шектеліп қалмай, шетелде білім алуды ұйғарады. Арманын шындықа айналдырып «Болашақ» бағдарламасы бойынша АҚШ-тағы «Cornell University»-дің магистратурасына түсіп, оны ойдағыдай тәмамдайды. Ғылымға құмар азамат өткен жылы тағы да әйгілі «Massachusetts Institute of Technology» (MIT) университетінің бір жылдық бағдарламасына студент болып қабылданды.
Сонымен қатар кейіпкеріміз өзге жастарға шетелдік университеттерге оқуға түсуге көмектесіп, тәлімгерлік етіп жүр. Өткен жылы осы кезге дейін жинақтаған тәжірибесіне сүйене отырып «Ойлағаннан оңай: Үздік шетелдік университетке түсу стратегиялары» атты кітабын жарыққа шығарды.
Елге оралған жас маман магистратураға дейін еңбек етіп жүрген Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Аппаратындағы қызметін қайта жалғастырады. Араға уақыт салып 2022 жылы Айболат Әбітбеков Ғылым және жоғары білім министрлігіне ауысады. Алдымен министрлікке қарасты Тіл саясаты комитеті төрағасының орынбасары, кейін Халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры қызметін атқарады. Осы қызметте жүріп министрліктің халықаралық жобалары мен «Болашақ» бағдарламасын қадағалап, шетелдік серіктестермен байланыс орнату және түрлі бастамаларды үйлестірумен айналысады.
Биыл оқуын сәтті аяқтап туған еліне орағалған кейіпкеріміз «Болашақ» бағдарламасын басқаратын «Халықаралық бағдарламалар орталығы» акционерлік қоғамына жұмысқа орналасып, басқарма төрағасының орынбасары қызметіне тағайындалды.
Сондықтан Айболат Серікжанұлы болашақ студенттерге арналған түсінікті әдістемелік еңбек құрастыруға кіріседі. Бұл істі әлеуметтік желілерде не «YouTube»-та жүзеге асыру қиын болды. Себебі желі қолданушылары соңғы жарияланымдар мен бейнелерді көреді, ал жүйелі мазмұн ескерусіз қалады. Сол себепті ең тиімді формат – кітап жазу. Дегенмен пайдасы мол жинақты жарыққа шығару кейіпкерімізге оңайға соқпапты. «Қалай жазсам оқырманға түсінікті әрі пайдалы болар екен?» деп он ойланып, мың толғанады. Жас талапкерлерге құнды дүние ұсыну үшін алдымен кітап жазу жөніндегі ондаған еңбек сатып алып, түрлі семинарлар мен онлайн-марафондарға қатысады.
Өзі қатысқан кезекті іс-шарада жолыққан бір спикер Айболатқа әлеуметтік желілерде жеке парақша жүргізіп, мол тәжірибесімен бөлісуге кеңес береді. Ұзақ ойлана келе, сол пікірге құлақ асып, әлеуметтік желілердегі жеке парақшаларына Еуропа елдеріндегі беделді оқу орындарына оқуға түсу жолдары туралы қысқа посттар жариялай бастады. Нәтижесінде аз уақыт ішінде 7 000 мыңнан аса жазылушы жинап, мақсатты аудиториядан нақты кері байланыс алады. Лайктар мен пікірлер арқылы қай тақырыптардың қызықты, қай бағыттардың өзіне көмектесіп жатқанын байқады. Осы тәжірибе оның жазу стилін қалыптастырды.
Негізінде «Ойлағаннан оңай: Үздік шетелдік университетке оқуға түсу стратегиялары» атты кітапты жазу идеясы 2017 жылы пайда болған екен. Сол сәттен бастап кейіпкеріміз жобаға бар уақыты мен күшін арнаған. Толық жазып шығу үшін 7 жыл бойы еңбектенген. Жұмыс баяу жүріп, тіпті шаршататын сәттер де көп болғанымен, идеясын жарты жолда тастап кетпеген. Бір тарауды жазуға бірнеше ай жұмсаса, ал кейде жазған материалдарын өшіріп тастап, бәрін қайтадан бастайтын. Себебі автор үшін ең бастысы – сапа. Уақыт емес, нәтиже маңызды еді.
Айболат Серікжанұлы казіргі уақытта негізгі қызметімен қатар, достарымен бірге жаңа білім беру стартапын құруды қолға алған. Жаңа жобаның мақсаты – талапкерлерге шетелдік университеттерге оқуға түсуге жүйелі түрде көмектесу. Бұл стартап кейіпкеріміздің кәсіби тәжірибесі мен жеке миссиясының жалғасы сияқты. Айболат алдағы уақытта екінші кітабын жарыққа шығаруды жоспарлап отыр. Айтуынша, бұл еңбек өзі үшін алдыңғысынан да маңызды дүние болмақ.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ