Брифинг

Жаңартылатын энергия көздері қарқынды дамуда

Жуырда өңірлік коммуникациялар қызметінде облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ғалым Исақовтың қатысуымен «Жаңартылатын энергия көздері – өңірлік тұрақты дамудың негізі» тақырыбында баспасөз конференциясы өтті.

Жалпы облысымызда жаңартылатын энергия көздерін дамыту бағытында күн, жел және су арқылы электр энергиясын өндіруге барлық жағдай жасалған. Осыған байланысты өңір бұл салада инвесторлар тарапынан ерекше қызығушылық тудырып отыр.

Облыстың табиғи және климаттық жағдайлары ЖЭК нысандарын салуға барынша қолайлы болғандықтан, алдағы жылдары 2 ірі жобаны іске асыру жоспарланып отыр екен. Атап айтқанда, 2028 жылы Мойынқұм ауданында (Франция) «Total Eren» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тарапынан қуаты 1 ГВт құрайтын жел электр стансасы, 2029 жылы Сарысу және Талас аудандарында (Біріккен Араб Әмірліктері) «Masdar» компаниясы тарапынан қуаты 1 ГВт жел электр стансалары соғылады деп күтілуде.

Сонымен қатар өңірде күн, жел және су электр стансаларын орналастыру әлеуетін ескере отырып, 2030 жылға дейін жаңартылатын энергия көздерін дамытудың болжамды картасы әзірленіпті. Жоспарға сәйкес, 2028 жылға қарай жаңартылатын энергия көздерінің саны 24 нысанға дейін жеткізілетін болады.

Аталған жобаларды іске асыру экологияға зиян келтірмей, өңірді сапалы электр энергиясымен қамтуға және облысты толықтай «жасыл» энергиямен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Сымбат НҰРБОЛҚЫЗЫ