Экология

Экологиялық мәдениеттің мәні зор

Қазір қоғамда экологиялық мәдениет мәселесі өткір болып тұр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та биылғы «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында қоғамда экологиялық мәдениетті орнықтырудың маңызына тоқталды. Мемлекет басшысының айтуынша, табиғатқа жанашырлық пен қамқорлық ұлттық идеологияның өзегіне айналуы тиіс.

Президент: «Былтырдан бері «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасы жүзеге асырылып жатыр, бұл баршаңызға аян. Осы жұмысқа миллиондаған азаматымыз атсалысуда.

Жұрт болып жұмылудың арқасында 860 мың гектардан астам аумақ тазаланды, төрт миллионнан астам ағаш отырғызылды. Осындай белсенді жұмысты жалғастыра берсек, аңсаған арманымызға жетіп, Қазақстан нағыз жасыл ел болмақ. Ал бұл келешек ұрпаққа керемет үлгі-өнеге және өсиет болып қалары анық.

Осы жұмысқа атсалысып жүрген азаматтарға, әсіресе, жастарға ризашылығымды білдіремін.

Тазалық мәдениетін қоғамда терең орнықтыру – өте маңызды міндет», – деген Президент Үкіметке экологиялық ағарту ісінің бірыңғай үлгісін енгізуді тапсырды. Бұл жұмыс мектептен бастап жоғары оқу орындарына дейін барлық деңгейдегі білім мекемелерін қамтуы қажет.

Бұл ретте экологиялық мәдениетті, құндылықтарды, балалар мен жасөспірімдер арасында қалыптастыру – ортақ борышымыз. Осы орайда біз облыс әкімдігі білім басқармасына арнайы барып, өңірімізде атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысқан едік.

Облыс әкімдігі білім басқармасының әдістемелік орталығының әдіскері Айгүл Сыздықованың айтуынша, оқушылардың бойында экологиялық мәдениетті қалыптастыру мақсатында биыл бірқатар іс-шара ұйымдастырылыпты.

Бұдан бөлек, 17 сәуір күні облысымыздағы 385 мектепте 20 587 оқушының қатысуымен «Түлектердің ағашы» атты челлендж басталып, барлығы 14 574 ағаш отырғызылыпты.

Сонымен қатар сәуір айында облыс мектептерінде «Taза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында «Жасыл әлемді бірге құрайық» атты экологиялық дән егу акциясы ұйымдастырылып, 10 000 ыдысқа дән егіліпті.

Өңіріміздегі 295 мектепте қалдықтарды бөлек жинауға арналған контейнерлер орнатылып, оқушыларға материалдарды сұрыптау және қайта пайдалануды үйрету бойынша эко-сағаттар өтуде.

Осы ретте Тараз қаласындағы №67 орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Сәулет Бейсенбай табиғат пен қоршаған ортаны қорғаудың жолдарын ұғындыру, жалпы халықтың экологиялық сауатын ашу, жастарға үздіксіз білім беру нәтижесінде ғана шешілетінін айтады.

Ал белгілі ғалым Аманбек Зандыбай пікірінше, жеке тұлғаның экологиялық мәдениеті, қоршаған ортаға деген сүйіспеншілігі санасында болмаса, қатал заңмен, мол қаражатпен, қара күшпен, озық технологиямен табиғатты қорғау немесе қалпына келтіру мүмкін емес.

Ал тарих ғылымдарының докторы Жамбыл Артықбаевтың сөзіне сүйенсек, тірі табиғатқа, тіпті тірі атаулының барлығына жан ашу, аяу жəне махаббат идеясы – өте ежелгі идея. Гуманизмнің қайнар көзі де осында, кез келген тіршілік иесінің өмірдің əрбір көрінісіне деген сүйіспеншілік, əрбір тіршілік иесінің азабын түсіне білу, оған жанашырлықпен қарау – адам мəнінің, адам жанының негізгі қыры.

Экологиялық мәдениетті қалыптастыру – болашақтың кепілі. Өйткені табиғатты аялаған ұрпақ қана елдің экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, өздері үшін таза әрі жайлы орта құра алады.

Сымбат ҚУАНЫШ