Жаңа салық кодексі: не өзгереді?
Қазақстанда 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап жаңа Салық кодексі қолданысқа енеді. Биыл 18 шілдеде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Салық кодексіне қол қойды. Бұл кодекс жеке тұлғалардың салық салу жүйесіне, салықтарды төлеу ережелеріне және берешекті өндіріп алу шараларына ауқымды өзгерістер енгізеді.
Облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің түсіндіру жұмысы және байланыс орталығы басқармасының басшысы Ерлан Нұрмаханбетовтың айтуынша, жаңа Салық кодексіне сараланған салық ставкалары енгізіліп, қосылған құн салығы реформаланған. Сондай-ақ «Сән-салтанат салығын» және арнайы салық режимдері өзгерді. Салық жеңілдіктерін алудың ашық және нақты ережелері әзірленді. Салықтық әкімшілендіруді цифрландыру қарастырылып, енді сервистік модельге көшу жүргізіледі екен. Нәтижесінде салық есептілігінің нысандары 30 пайызға қысқарған.
Атап айтқанда, базалық салықтық шегерім айына 30 айлық есептік көрсеткіш (123 870 теңге) мөлшерінде, бірақ күнтізбелік жыл үшін 360 еселенген айлық есептік көрсеткіштен (1 486 440 теңге) аспауға тиіс. Осы сома аясында, яғни айына 123 870 теңге шеңберіндегі табысқа салық салынбайды. Жаңа шегерім оқу, денсаулық сақтау, ипотекалық төлемдерге, көпбалалы отбасыларға және стандарттық шегерімдерге қатысты барлық жеңілдіктерді біріктіреді. Бұдан былай бұл шегерімдер жеке-жеке есептелмей, жалпы тәртіппен қолданылады.
Маманның сөзіне сүйенсек, жаңа Салық кодексі бойынша, егер салық есептілігін белгіленген мерзімде тапсырмасаңыз, ол автоматты түрде «0» көрсеткішпен тапсырылған болып саналады. Бұл жағдайда айыппұл салынбайды. Егер кейін табыс немесе басқа деректер болғаны анықталса, салық төлеуші қосымша декларация тапсырып, мәліметтерді түзете алады. Есептілікті тапсыру мерзімін ұзарту немесе бұрын тапсырылған есептілікті кері қайтарып алу мүмкін емес. Барлық өзгерістер тек қосымша декларациялар арқылы жүзеге асырылады. Мысалы бұрындары сіз кәсіпкер ретінде тіркеліп, бірақ іс жүзінде жұмыс істемеген болсаңыз және декларация тапсыруды ұмытып кетсеңіз, біраз уақыттан кейін кірістер органы сіздің банктік шотыңызға шектеу қоятын. Сол кезде салық органына барып, декларация тапсырылмағанын және әкімшілік іс қозғалатынын білетінсіз. Шотты ашу үшін Халыққа қызмет көрсету орталығына барып ЭЦҚ (электрондық цифрлық қолтаңба) алу қажет болатын. Егер өзіңіз тапсыра алмасаңыз, декларация тапсырумен айналысатын арнайы консалтинг ұйымдарға жүгінетінсіз. Декларация тапсырғаннан кейін ғана шотыңыздың бұғатталуы алынатын. Қазір ол үшін кірістер органдары сізге хабарлама жібереді, декларация тапсырылмаса банк шоттарына бұғат қойылады, әкімшілік жауапкершілікке тартады. Осының барлығы келесі жылдан бастап жойылуы көзделген, яғни салық төлеушілерге қолдаудың бір түрі.
Жаңа өзгерістердің тағы бірі – салық берешегінің шекті мөлшері ұғымының енгізілуі. Салықтық берешектің шекті мөлшері айлық есептік көрсеткіштің 20 еселенген мөлшерінде айқындалып, ол салықтық міндеттемені қамтамасыз етудің әрбір тәсілі немесе салықтық берешекті мәжбүрлеп өндіріп алудың әрбір шарасы үшін жеке-жеке қолданылатын болды.
Өндіріп алудың жаңа тәртібіне сәйкес, берешек мөлшеріне қарай келесі шаралар қолданылады: егер берешек 20 айлық есептік көрсеткішке (86500 теңгеге) дейін болса тек хабарлама жолданып, өсімпұл есептеледі, 20 АЕК-тен (86 500 теңгеден) астам болса хабарлама жіберіліп, өсімпұл есептеледі, сондай-ақ шоттар бұғатталып, инкассалық өкімдер шығарылады. Егер 45 АЕК-тен (194 625 теңгеден) асқан жағдайда мүлікке тыйым салу және дебиторлардан өндіріп алу сияқты барлық өндіріп алу шаралары қолданылады. Ал 27 000 АЕК-тен (116,7 миллион теңгеден) астам берешек болған және ол сот шешімі бойынша үш айдан астам уақыт өтелмеген жағдайда борышкерге шетелге шығуға тыйым салынады.
Мұқағали БАЛТАБАЕВ