Заң

Жасөспірімдер жайы алаңдатады

Еліміздің болашағы деп ертеңіне үмітпен қарайтын жас буынның кей бөлігі бүгінде агрессия мен ашу жетегінде жүр. Көшедегі бұзақылық, мектептегі буллингке қатысты деректерге зер салсақ, жасөспірімдер арасындағы қылмыстың қауіпті деңгейге жеткенін байқаймыз. Сондықтан да бүгінгі таңда жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылық пен қылмыстың алдын алу, кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – мемлекет саясатының басым бағыттарының бірі болып отыр.

Өкінішке қарай, соңғы айларда әлеуметтік желі, отбасындағы тәрбиенің әлсіреуі, ата-аналардың жұмысбастылығы мен бақылаудың төмендігінің салдарынан жасөспірімдер арасында түрлі құқықбұзушылықтар орын алуда.

Осы уақытқа дейін жасөспірімдер қылмысының алдын алу мақсатында облыстық полиция департаменті 2 246 рейдтік іс-шара ұйымдастырды. Нәтижесінде Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің бірнеше бабы бойынша 12 мың 285 әкімшілік хаттама толтырылып, 8 мың 414 жасөспірім полиция бөлімдеріне түрлі қылмыстық және әкімшілік құқықбұзушылықтар жасағаны үшін жеткізілген. Азаматтарды тексеру барысында 2 309 тыйым салынған зат (125 тіркелмеген қару, 2 157 пышақ, 27 кастет) анықталды. Сонымен қатар, жасөспірімдерден 67 тыйым салынған зат (59 пышақ, 8 кастет) тәркіленді.

Баршаңызға белгілі, қыркүйек айында өңірімізде кәмелетке толмағандар арасындағы буллинг, әлімжеттік және бұзақылық салдарынан бірнеше қайғылы оқиға орын алып, үш бірдей мектеп оқушысы көз жұмды. Қайғылы оқиғалар қоғамда үлкен резонанс туғызып, облыстың имиджіне теріс әсер етті.

Статистикалық мәліметтерге сәйкес, 2025 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша облыс аумағында кәмелетке толмағандар арасында 58 қылмыс тіркелген. Құқықбұзушылықтың 37-сі қала аумағында орын алған. Жалпы орын алған 58 қылмысты жасауға 61 кәмелетке толмаған жасөспірім қатысса, 26-сы мектеп оқушысы, 24-і студент, 11-і білімін аяқтаған.

Жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылық деректеріне жүргізілген талдау нәтижесінде қылмыс жасағандар жас мөлшеріне қарай анықталды. Атап айтқанда, 10 жастағы – 1 жасөспірім, 14-15 жастағы – 12, ал 16-17 жастағы 48 жасөспірім тіркелген.

Біздің ортақ мақсатымыз – бала қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында аянбай еңбек ету. Әрбір құқықбұзушылық жасаған жасөспірімді басқа оқу орнына ауыстырумен ғана шектелмей, онымен жеке жұмыс жүргізу, оның бойында құқықбұзушылыққа қарсы құқықтық мәдениет қалыптастыру, тәртіп пен жауапкершілік сезімін арттыру аса маңызды.

Келесі атап өтетін мәселе – білім беру ұйымдарындағы буллинг пен әлімжеттік жағдайлары. Осы бағытта біздің тарапымыздан құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында 103 бейресми көшбасшы жасөспірім анықталып, олармен жеке профилактикалық жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі таңда бейресми көшбасшылардың саны 207-ге жетті. Бұл бағыттағы жұмыс жүйелі түрде жалғасуда.

Өкініштісі әрбір білім беру ұйымында сынып жетекшілері мен ұстаздар мектептің бейресми көшбасшыларын жақсы біледі. Осыған байланысты, тәртіпке бағынбайтын бейресми көшбасшылар туралы ақпаратты ювеналдық полиция қызметкерлеріне уақытылы жеткізу сұралады. Өйткені мектепте тәртіп бұзған жасөспірім, егер тиісті бақылау мен тәрбие болмаса, мектептен тыс жерде де құқықбұзушылыққа баруы әбден мүмкін.

Буллинг пен кибербуллингтің алдын алу мақсатында психологтармен бірлесіп сауалнамалар алынып, нақты шаралар атқарылуда. Нәтижесінде Қылмыстық кодекстің 194-бабы (қорқытып алу) бойынша 4 қылмыстық іс қозғалды. Жуалы және Т.Рысқұлов аудандарында – бір-бірден, ал Шу ауданында 2 дерек тіркеліп, жасөспірімдерге қатысты қылмыстық істер тергелуде. Сонымен қатар, Мойынқұм ауданында бұзақылық бабы бойынша 1 қылмыстық іс қозғалған.

Сондай-ақ, буллинг және кибербуллинг әрекеттері үшін 18 тұлға Әкімшілік құқықбұзушылық туралы көдекстің 127-2-бабымен жауапқа тартылды. Тараз қаласы аумағында 11 дерек және Сарысуда – 4 дерек, Меркіде 3 қылмыс аудандық полиция бөлімдері жүргізген профилактикалық жұмыстар жүргізу барысында анықталды. Аталған фактілер кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтардың, оның ішінде бопсалау және әлімжеттік мәселелерінің өзекті екенін айғақтайды.

Облыс аумағында 499 мыңға жуық кәмелетке толмаған бала тұрады. Бұл көрсеткіш халықтың 40 пайызын құрайды. Осы балалардың 245 мыңнан астамы мектеп оқушылары, 28 мыңнан астамы колледж студенттері.

Облыс бойынша жалпы 37 мыңнан астам педагог қызмет атқарады, олардың ішінде 25 мыңнан астамы жалпы білім беретін мектептерде, ал 2 мыңнан астамы колледждерде еңбек етеді. Осы ретте бірлесіп алдын алу шараларын күшейтіп, оқу орындарында түсіндіру жұмыстарын жандандыру және ата-аналармен бірлескен профилактикалық кездесулерді жүйелі түрде өткізу маңызды. Сонымен бірге, психологтар бейресми көшбасшылармен жеке профилактикалық әңгімелер жүргізіп, олардың мінез-құлық ерекшеліктері мен әлеуметтік ортасын зерделеуі тиіс.

Жасөспірімдер арасындағы заңбұзушылықтың алдын алу мақсатында әрбір сынып жетекшісі мен педагог олардың мінез-құлқын бақылап, өзара қарым-қатынасын үнемі назарда ұстауы тиіс. Егер ақша жинау немесе бопсалау фактілері анықталса, бұл жөнінде бірден мектеп әкімшілігі мен ювеналдық полиция қызметкерлеріне хабарлап, тиісті шаралар қолдануы қажет.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр Ішкі істер министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтардың алдын алуды күшейтуді, жасөспірімдер арасындағы құқықтық сана мен құқықтық мәдениетті қалыптастыруды міндеттеген болатын. Өзекті мәселемен жұмыла күрескенде ғана тосқауыл болатынымыз мәлім. Өйткені қоғамның болашағы, жасөспірімдердің дұрыс қалыптасуы, өмірлік ұстанымдарының беріктігі тікелей ата-ана, мектеп және қоғамның ортақ жауапкершілігіне байланысты.

Бауыржан ЖАНАЕВ,

облыстық полиция департаменті

басшысының орынбасары