Заң

Киберқылмыспен күрес толастамайды

Тараз қаласында «Криптовалюта платформаларын пайдалана отырып жасалған қылмыстарды анықтау, ашу және тергеу әдістері» тақырыбында форум өтті.

Іс-шараға Ішкі істер вице-министрі Санжар Әділов, облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров, облыстық полиция департаментінің бастығы Қайсар Сұлтанбаев, және құқық қорғау органдарының басшылары қатысты.

Өз сөзінде Санжар Әділов экономиканы цифрландыру жаңа мүмкіндіктермен қатар жаңа қауіптер де туындататынын атап өтті.

Соңғы екі жылда Қазақстанда криптовалютаның айналымына байланысты 1000-нан аса қылмыстық іс тіркелген. Оның 60 пайызы – алаяқтық фактілері, 25 пайызы – криптовалюта айырбастау пункттерінің заңсыз қызметі, ал 15 пайызы – цифрлық активтер арқылы қылмыстық табысты заңдастыру жағдайлары. Азаматтар мен ұйымдарға келтірілген жалпы залал 8 миллиард теңгеден асты.

Вице-министрдің айтуынша, басқа мемлекеттік органдармен бірлесіп киберқылмыспен күресуге бағытталған жүйелі шаралар кешені іске асырылып жатыр. «Антифрод-орталығы» құрылып, күдікті интернет-ресурстар мен телефон нөмірлері бұғатталуда.

Биылғы жылдың басынан бері 26 мыңнан астам сайт және 64 миллион күдікті қоңырау бұғатталған.

Форум барысында қатысушылар тергеудің практикалық әдістерін талқылап, цифрлық іздерді анықтау тәжірибесімен алмасты, сондай-ақ құқық қорғау органдары қызметкерлерінің біліктілігін арттыру мәселелерін қарастырды.

Кездесу қорытындысы бойынша азаматтарды жаңа киберқауіп түрлерінен қорғауға бағытталған ұсыныстар әзірленді.

Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі