Жолдардың жағдайы жақсарып келеді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауында көлік-логистика саласын дамытуды еліміздің стратегиялық басымдығы ретінде айқындап берді. Президенттің айтуынша, Қазақстан Еуропа мен Азияны жалғап тұрған маңызды көпір іспетті. Соңғы жылы еліміздің аумағы арқылы өткен жүк көлемі 1 миллиард тоннадан асқанымен, транзиттік әлеуетті толық пайдалану үшін әлі де ауқымды жұмыс қажет көрінеді.
ЖОЛДАУ ЖҮКТЕГЕН МІНДЕТ АУҚЫМДЫ
Президент аталған Жолдауында: «Сондай-ақ негізгі дәліздер аясында автомобиль жолдарын дамытуға баса мән берген жөн. Қазір елімізде 13 мың шақырым автокөлік жолдары салынып, жөнделіп жатыр. Жол салған кезде транзиттік дәліздердің мән-маңызына баса көңіл аударған жөн...
Жалпы мен бұған дейін бірнеше рет айттым: Қазақстан Еуразиядағы көлік хабы болуға тиіс. Бұл – стратегиялық маңызы зор міндет.
Бұл жұмысқа осы салада табысқа жеткен үздік мамандар мен кәсіпкерлерді тарту керек. Бірақ негізгі жауапкершілік – Үкіметте.
Тапсырманың орындалу барысын жылдың басында Үкіметтің жылдық есебінен кейін арнайы жиналыста қараймыз, – деді.
Жалпы Жолдау жүктеген міндет үдесінен шығу үшін елімізде ірі қалалар мен шалғай ауылдарға дейінгі жолдардың жағдайы толық талапқа сай болуы тиіс. Ол үшін әр облыстағы республикалық және облыстық, аудандық маңызы бар жолдарды жөндеу мен қайта салу жұмыстары жүйелі жүргізілуі қажет. Облыс орталықтарында немесе индустриялық аймақта жүктерді қабылдайтын, өңдейтін және қайта тарататын аймақтық логистикалық хаб салыну тиіс. Облыс арқылы өтетін теміржол желілерін жаңарту, жүк тиеу алаңдарын көбейту және контейнермен тасымалдау үлесін арттыру да аса маңызды. Жүк тасымалы мен кеден рәсімдерін жеңілдету үшін цифрлық платформалар енгізудің де артықшылығы осы Жолдауда сөз болды. Жаңа жолдар мен логистикалық нысандар салу арқылы жеке инвестиция тарту, осы арқылы жергілікті жердегі халыққа жұмыс орындарын ашу, шекараға таяу аймақтарда жүк көліктері үшін арнайы тұрақтар, сервистік аймақтар және «жасыл дәліз» қағидасымен өтетін жолдар жасақтау да кезек күттірмейтін мәселе.
Жалпы Қазақстан Республикасының қазіргі экономикалық дамуы жаңа кезеңге аяқ басып отыр. Бұл кезеңде елдің географиялық және стратегиялық мүмкіндіктерін тиімді пайдалану қажеттілігі айқын байқалып отырғаны белгілі. Қазақстанның Еуразия құрлығында маңызды геосаяси орында орналасқанын ескерсек, көлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту ел болашағы үшін шешуші рөл атқаратыны анық.
Негізінде Қазақстан аумағы арқылы бірнеше халықаралық транзиттік дәліздер өтетіні белгілі. Оның ішінде Қытайды Еуропамен, Ресейді Оңтүстік Азиямен және Орталық Азия елдерін Кавказ аймағымен байланыстыратын бағыттар бар. Осындай артықшылықтарды дұрыс пайдалану еліміздің халықаралық экономикалық қатынастардағы беделін нығайта түсетін маңызды фактор екенін атап өту қажет. Қазіргі уақытта мемлекетіміз инфрақұрылымға, оның ішінде көлік жүйесіне инвестиция тартуды белсенді жүргізіп келе жатқанының мәнісі осында. Тәуелсіздік жылдарынан бері теміржол, автокөлік, әуе және су жолдарын жаңғырту бағытында ауқымды жобалар іске асырылып келеді. Бұл Қазақстанның жаһандық логистикалық жүйеге терең ықпалдасып жатқанын көрсетеді.
Сонымен қатар ел аумағындағы мультимодальды тасымал орталықтары мен заманауи қойма кешендерін көбейту маңызды екені айқын. Мысалы, Алматы мен Астана қалаларында халықаралық талаптарға сай логистикалық хабтар қалыптасып келе жатқанына қарамастан, аймақтарда әлі де сапалы орталықтардың жетіспейтіні белгілі. Сондықтан Қазақстанның барлық өңірінде инфрақұрылымды бірдей дамыту қажеттілігі туындап отырғаны шындық. Өйткені көлік саласын әртараптандырудың стратегиялық мәні зор. Теміржол саласы еліміздің негізгі жүк тасымалы жүйесі болып қала бергенімен, автомобиль жолдарын да дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Әсіресе, ауылдық аймақтарды ірі сауда-өнеркәсіп орталықтарымен байланыстыратын бағыттардың сапасын көтеру өте маңызды. Себебі ішкі логистиканың дамуы еліміздің экономикасына тікелей әсер ететін фактор екені дәлелденіп келеді. Сондай-ақ, әуе көлігі инфрақұрылымын жетілдіру жұмыстары да қарқынды жүргізілуде. Халықаралық әуежайлардың жаңартылуы, жаңа әуе бағыттарының ашылуы Қазақстанның транзиттік мүмкіндігін арттырып жатыр. Бұл өз кезегінде елдің туристік әлеуетін нығайтуға оң әсер етіп отырғанын атап өткен жөн.
Болашақта Каспий теңізі бағытын тиімді пайдалану да ерекше маңызға ие болады деп күтілуде. Теңіз порттарын кеңейту және жүк логистикасын оңтайландыру Қазақстанды Еуропа мен Азия арасындағы маңызды көлік торабының біріне айналдыратыны сөзсіз.
Жалпы алғанда, логистика саласын дамыту экономикалық қажеттілікпен қатар, еліміздің халықаралық беделін арттыруда да үлкен рөл атқарады. Осыған байланысты мемлекет тарапынан қабылданып жатқан бағдарламалардың уақытылы және нәтижелі орындалуы Қазақстанның әлемдік бәсекеге қабілетті елге айналуына ықпал ететіні белгілі. сол үшін де Қазақстан өзінің көлік-коммуникациялық инфрақұрылымын одан әрі дамытуға барын салуда.
ОБЛЫСТА ОҢДЫ ІС КӨП
Осы орайда Әулиеата өңірінде атқарылып жатқан жұмыстар жайын сөз етер болсақ, көлік инфрақұрылымын жетілдіру бағытында жүйелі істер қолға алынуда. Соңғы жылдары өңірде республикалық маңызы бар бірнеше жол учаскелері жаңартылып, елді мекендерді байланыстыратын ішкі бағыттар ретке келтірілуде. Облыс әкімдігі жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мұрат Саурықовтың айтуынша, биыл жергілікті маңызы бар автожолдар мен елді мекен көшелерін жөндеуге 28 миллиард теңге бөлініпті. Қаралған қаржы есебінен барлығы 17,7 шақырым көше жолдары мен 5 көпірдің құрылысы салынып, ұзындығы 8 шақырым жол қайта жаңғыртудан және 438,8 шақырым жол орта жөндеуден өткен.
Қазіргі уақытта қайта жаңғырту, құрылыс нысандары бойынша 15 жоба іске асырылып жатыр екен. Оның 14-і келесі жылға өтпелі. Бүгінде 10 нысанда осы жылға жоспарланған жұмыстар аяқталыпты. 5 жоба бойынша яғни Меркі ауданындағы үш, меркі және Қордай ауданындағы бір-бір жобаның жұмыстары жүргізіліп жатқан көрінеді.
Осы жылы елді мекен көшелерін орта жөндеу бойынша барлығы 145 жобаны іске асыру жоспарланыпты. Оның төртеуі келер жылға өтпелі. Бүгінде 113 жобаға қатысты жұмыстар аяқталса, 32-сі бойынша тиісті жұмыстар қызу жүргізілуде.
АУДАНДА АУҚЫМДЫ ЖОБАЛАР ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛУДА
Аудандардың жол желісі аймақтың экономикалық және әлеуметтік дамуында үлкен рөл атқаратыны белгілі. Жамбыл ауданда жалпы 34 аудандық маңызы бар автомобиль жолы бар болса, олардың ұзындығы 172 шақырымды құрайды екен. Бұдан бөлек, елді мекендердің ішкі көше жолдарының саны – 324, жалпы ұзындығы – 260,3 шақырым. Осы жолдар тұрғындардың күнделікті қатынасында аса маңызды рөл атқарып отыр.
Жамбыл ауданы әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Әділет Әлиевтің айтуынша, аудан аумағын басып өтетін республикалық маңызы бар «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автожолының ұзындығы 58 шақырымды құрайды екен.

Қазіргі таңда аудандық маңызы бар «Айшабибі-Қаратау» автомобиль жолын орта жөндеу жұмыстары бойынша 8 шақырымға суық қайта өңдеу әдісі жүргізіліп, жол негізінің 4 шақырымы асфальт төсеміне дайындалыпты. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша «Бесағаш ауылы Бейбітшілік, Жеңіс, Жеңіс бұрылысы, Абай көшелерін орта жөндеу» жобасы бойынша барлық көшелерде құм-қиыршық тас қоспасы төсемі жасалып, асфальтталыпты. Бүгінгі күнге 500 метр Бейбітшілік және 200 метр Жеңіс көшесін асфальттау жұмыстарын жүргізу жұмысы қалып отырған көрінеді.
Ауданда көшелері жөндеуден өткізіліп жатқан елді мекеннің бірі – Өрнек ауылы. Өрнек ауылдық округінің әкімі Өмірбек Ботаевпен тілдескенімізде ол ауылдың жалпы бүгінгі тыныс-тіршілігіне қатысты әңгіме өрбітті. Айтуынша, осы ауылдық округке Өрнек ауылы мен Жұма стансасы қарайды. Өрнекте 470 түтін болса, тұрғындар саны – 2 782. Жұма стансасында 50 үй болса, мұнда 303 адам тұрады.
Елімізде көлік логистикасы дамыса мемлекеттің экономикалық қуаты артып, ішкі және сыртқы сауда ауқымы да кеңейетіні сөзсіз. Сондықтан логистиканы дамыту ісі жер-жерде жалғаса береді.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ