Жаңатастағы мектепте жылыжай ашылды
Жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беру – мемлекеттік саясаттың басым бағыты. Осы бағытта үлкен жетістіктерге жетіп жүрген білім ордаларының бірі – Сарысу ауданы, Жаңатас қаласындағы Д.Қонаев атындағы орта мектеп. Мектебіміз бүгінде заман талабына сай жаңашыл бастамаларымен танылып келеді. Соның жарқын көрінісі – мектеп ауласында ашылған «Көкжиек» жылыжайы.
Жылыжайдың ашылу салтанатына аудан әкімі Сәкен Мамытов, облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Нұрбек Оршыбеков, аудандық ардагерлер кеңесінің мүшелері және ата-аналар қауымы қатысып, өздерінің игі тілектерін айтып, баталарын берді
Аудан әкімі Сәкен Үмбетұлы өз сөзінде жалпы аумағы 66 шаршы метрді құрайтын бұл жылыжайдың ауданымыз үшін маңызы зор екенін жеткізді. Облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Нұрбек Әбубекұлы да: «Көкжиек» жылыжайының ашылуы балаларды адал еңбекке баулып, болашақта ауылшаруашылығы саласында кәсіби маман болуға үлкен мүмкіндік береді» – деп, жылы лебізін білдірді.
Ал мектебіміздің директоры Ләйлә Шүкеева жылыжайдың жұмысымен таныстырды.
Жылыжайда қияр, қызанақ, болгар бұрышы, құлпынай, тіпті жапон бананын да өсіру қолға алынған. Бұл оқушылардың бойында табиғатты аялау, еңбекқорлық және жауапкершілік қасиеттерін дамытуға зор үлесін қосады.
Д.Қонаев атындағы мектеп ұжымы осындай игі бастамалар арқылы жас ұрпақты еңбекқорлыққа, туған жерін сүюге және табиғатты қорғауға тәрбиелеуде.
Ақзира ТӨЛЕЕВА,
қазақ тілі мен әдебиеті пәннің мұғалімі