Мойынқұмда толайым тірлік көп
Өңірлік коммуникациялар қызметінде Мойынқұм ауданының әкімі Ермек Карентаевтың қатысуымен баспасөз конференциясы өтті. Ауданның әлеуметтік-экономикалық даму жайын сөз еткен Ермек Амангелдіұлы тұрғындарды таза ауызсумен қамту бағытында жүзеге асырылып жатқан ірі инфрақұрылымдық жобаларға баса тоқталды.
Спикердің айтуынша, Ақсүйек ауылына су тарту, жабдықтау жұмысына жалпы 1 386,7 миллион теңге жұмсалыпты. Бүгінде құрылыс жұмыстары 95 пайызға аяқталған. Нысан осы айда пайдалануға берілмек. Сонымен қатар Ақбақай, Хантау, Бурылбайтал ауылдарында да су жүргізу жұмыстары жыл соңына дейін аяқталады.
Аудандағы жергілікті маңызы бар жолдардың жалпы ұзындығы 984,6 шақырым қашықтықты құраса, осы жылы бұл салаға 390,7 миллион теңге бөлініпті. Нәтижесінде 9 ауылішілік көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша Биназар ауылындағы ұзындығы 1,1 шақырым көшені жөндеуге 50 миллион теңге бөлініп, жұмыс толық аяқталған. 2 жоба үшін облыстық және аудандық бюджеттен 172,5 миллион теңге қаралып, ол жұмыстарды келесі жылы аяқтау межеленген екен. Сонымен қатар аудандық маңызы бар автожолдарды және елді мекен көшелерін орташа жөндеуге арналған 15 жоба әзірленсе, оның алтауына сараптаманың оң қорытындысы алынған, қалғаны сараптамадан өтуде.
Ауданда ауылшаруашылығы, тұрғын үй құрылысы, көлік және инженерлік инфрақұрылым салаларында да айтарлықтай жетістік бар.
Сымбат ҚУАНЫШ