Эпидахуал тұрақты
Биылғы эпидемиологиялық маусымда 1-30 қазан аралығына дейін облыстағы медициналық мекемелерге 30 046 науқас жедел респираторлық вирустық инфекция (ЖРВИ) диагнозымен жүгінген. Жұқпалы ауру жұқтырғандардың 18 310-ы – 14 жасқа дейінгі балалар. Сонымен қатар, 1 жасқа дейінгі сәбилер арасында 1 679 жағдай тіркеліпті. Ал жүкті әйелдер арасында 303 жағдай есепке алынған. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында өткен брифингте облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сержан Назарбек айтты.
Сержан Сәрсенбекұлының айтуынша, зертханалық тексеріс нәтижесінде 12 науқаста тұмауға жатпайтын вирустар, ал 5 науқаста тұмау вирусы анықталыпты. Осылайша өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда биыл ЖРВИ аурушаңдығы 8,5 пайызға артқан.
Қыркүйек-қараша айларында жүргізілген екпе жұмыстары кезінде барлығы 123 мың доза тұмауға қарсы вакцина сатып алынып, бүгінгі таңда 99 430 адамға егіліпті. Сонымен қатар, 2025 жылы облыс бойынша 15 073 бір жасқа дейінгі бала пневмококк инфекциясына қарсы бекітілген кесте бойынша 3 толық дозамен егіліпті.
Мұнан соң баспасөз мәслихатында облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігері Сағыныш Нұрғабылова баяндама жасады. Сағының Қабылтайқызының айтуынша соңғы тәулікте жұқпалы аурулар ауруханасына 214 науқас қайырылған. Оның ішінде 58 адам ауруханаға жатқызылып, 156 пациентке консультациялық және амбулаториялық көмек көрсетіліп, үйлеріне жіберіліпті.
Осы орайда бас дәрігер барлық емханалар кешкі 20:00-ге дейін жұмыс істейтінін, ЖРВИ белгілері бар әр науқастың міндетті түрде ауруханаға келуі шарт еместігін ескертіп өтті.
Ақтоты БЕКЕНҚЫЗЫ