Жамбыл жаңалықтары

Халықты баспанамен қамту – маңызды

Бүгінгідей заманда үйсіз-күйсіз жүрген адамдарды баспанамен қамту маңызды міндет болғандықтан мемлекеттік тұрғын үй саясатын жүзеге асыруда жайбасарлыққа салынуға болмайды. Әсіресе халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарын қолдау бағытындағы жұмыс кемшіліксіз әрі дер кезінде атқарылуы тиіс.

Облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте алдымен әлеуметтік тұрғын үйлерді сатып алу барысы мен оның аудандарда іске асырылу деңгейі талқыланды. Аталған жиында облыс бойынша сатылатын пәтерлерді дайындау барысы, бөлінген қаржының игерілу деңгейі және аудандардағы меженің орындалу көрсеткіштері сөз болды.

Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе, яғни тұрғын үйлерді сатып алу барысы туралы облыс әкімдігі құрылыс басқармасының басшысы Ерлан Орынбаевтың баяндамасы тыңдалды. Оның айтуынша, биыл халықтың әлеуметтік осал топтары үшін жалға берілетін тұрғын үйлерді сатып алуға республикалық бюджеттен 21,5 миллиард теңге бөлініпті. Жоспар бойынша 1 415 пәтер сатып алу көзделген. Алайда бүгінгі күнге дейін небәрі 307 пәтер ғана сатып алынған.

Өз кезегінде аймақ басшысы пәтерлерді сатып алу қарқыны өте төмен деңгейде екенін еске салды. Қаражат тапшылығына қарамастан бұл бағытқа қомақты қаржы бөлінгенін, алайда облыс орталығында жоспарланған пәтерлердің бірде-бірі сатып алынбағанына қынжылып, Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековпен өзге де бірқатар аудан әкімдерінен жауап алды.

Аудан әкімдері жыл соңына дейін меже 100 пайыз орындалатынына уәде берді. Шу ауданының әкімі Бақытжан Жәнібеков салынып жатқан тұрғын үйлерге пайдаланатын құрылыс материалдары, тұрғын үйдің пішіні мен келбеті бір келкі болуы үшін оны қойылатын талаптар тізіміне енгізу қажеттігі жөнінде ұсыныс айтты. Аталған ұсынысты қолдаған аймақ басшысы бұл мәселе хаттамаға енгізілетінін меңзеді. Десе де Талас ауданының әкімі Нұрбол Жүнісбековтің айтуынша, құрылыс жұмысы кешеуілдегенімен сапаға баса мән берілген екен. Ашығын айтқанда, Талас ауданында құрылысы жүріп жатқан барлық үй қыш кірпіштен салынып жатыр екен.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ғалым Исақов баяндама жасады. «Жасыл белдеу» бағдарламасының облыста орындалуын сөз еткен ол 2021-2025 жылдары аралығында 814,6 гектар аумаққа 12 түрлі 970 мың ағаш отырғызу бойынша «Жасыл белдеу» өңірлік жоспары бекітілгенін, өткен жылға дейін 636 гектар аумаққа 12 түрлі 775 мың ағаш отырғызылғанын тілге тиек етті.

Өңірдің экологиялық ахуалын жақсарту мен маңайдың жасыл желекке орануы әр ауданның жауапкершілігін айқындайтын маңызды бағыт екені белгілі. Жиын соңында облыс әкімі Тараз қаласы мен аудан әкімдерінің «Жасыл белдеу» құруда атқарған жұмысына назар аударып, кейбір мәселелер бойынша нақты тапсырма жүктеді.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ