Жаңалықтар

ҚР Оқу-ағарту министрі Жамбыл облысына жұмыс сапарымен келді

Жамбыл облысының орталығы – Тараз қаласында ҚР Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мен өңір басшысы Ербол Қарашөкеевтің қатысуымен балалардың құқықтарын қорғау және қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде кеңес өтті, деп хабарлайды arainfo.kz

Жиынға Парламент депутаттары, құқық қорғау органдарының өкілдері, білім саласының басшылары мен ата-аналар қатысты. Ал ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкілі Динара Закиева және басқа өңірлердің өкілдері бейнебайланыс арқылы қосылды.

Министр өз сөзінде кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу — мемлекеттің маңызды бағыты екенін атап өтіп, мектептердегі тәрбие мен қауіпсіздік жүйесін жетілдіру қажеттігін айтты.

Өңір әкімі Ербол Қарашөкеев 2025 жылы білім саласына 344,3 млрд теңге бөлінгенін, ал жыл соңына дейін 10 жаңа мектеп пен 5 жапсарлас ғимараттың пайдалануға берілетінін хабарлады. Сондай-ақ «Келешек мектептері» жобасы аясында 6 мектеп іске қосылып, тағы бір нысан жыл соңына дейін ашылады.

Аймақ басшысы облыста Балалардың құқықтарын қорғау басқармасын құру жұмыстары басталғанын, оның негізгі міндеті – балалардың құқықтарын қорғау мен отбасыларға көмек көрсету болатынын жеткізді.

Кеңес барысында қатысушылар өзекті мәселелер мен ұсыныстарды ортаға салып, оларды іске асыру бойынша арнайы іс-шаралар жоспарын әзірлеу жөнінде шешім қабылданды.

Жұмыс сапары аясында министр Тараз, Байзақ және Жамбыл аудандарындағы білім беру нысандарын аралап, олардың жұмысымен танысты.