Экономиканың жетекші салалары алға жылжуда
Өңірдің өнеркәсіп, ауылшаруашылығы, құрылыс, көлік және сауда секілді негізгі салаларының тұрақты дамуының арқасында бүгінде облыс экономикасында оң көрсеткіш қалыптасып отыр. Атап айтсақ, кен игеру, өндіріс орындарын ашу, суармалы жер көлемін ұлғайту, ауылшаруашылық техникаларын жаңарту, заманауи тұрғын үй кешендерін салу, әлеуметтік нысандарды ел игілігіне ұсыну секілді жұмыстар жүйелі жүзеге асырылуда.
ҚҰРЫЛЫС ҚАРҚЫНЫ ЖОҒАРЫ
Облыс әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Сандуғаш Абдралиеваның айтуынша, жылдың 9 айында облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы көңіл көншітерлік жағдайда.
Айта кету керек, облыс экономикасының дамуына облыс орталығы – Тараз қаласының да қосып отырған үлесі зор. Әсіресе шаһардағы құрылыс қарқынынан Тараз қаласының соңғы жылдары жедел дамып келе жатқанын аңғаруға болады. Қалада түрлі әлеуметтік нысандар ашылып, тұрғын үйлер бой көтеріп, жолдар жөнделіп, тұрғын үйлердің қасбеттері жаңарып жатыр. Қалада жаңа ықшамаудандар саны көбейіп жатқандықтан билік халықтың жағдайын жақсартуға бағытталған игі істердің көрініс табуына барынша басымдық беруде.
Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің айтуынша, «Балауса», «Шапағат» және «Ұлы дала» ықшамаудандарында көпқабатты тұрғын үйлердің бой көтеруі қаладағы баспанаға мұқтаж 23 мыңға жуық адамның мәселесін реттеу үшін қолға алыныпты. Өткен жылы қала аумағында 50 үйдің құрылысы басталса, биыл бұл көрсеткіш артып, 60 үй салынуда. Оның 22-сі «Ұлы далада», 16-сы «Шапағатта», ал 22-сі «Балаусада» бой көтеруде. Жыл соңына дейін барлығы пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Жыл басынан бері 216 мың шаршы метр тұрғын үй ел игілігіне берілген. Сонымен қатар 3,8 миллиард теңгеге нарықтан қосымша 266 пәтер сатып алу көзделген.
Жаңадан бой көтеріп жатқан «Балауса» ықшамауданында 145 үй салынбақ. Мұнда әлеуметтік үйлермен қатар нарық талабына сай коммерциялық нысандар да тұрғызылмақ. Сондай-ақ Талас өзенінің жағасында 9 және 12 қабатты жаңа үйлер бой көтеруде. Бұл аумақта мектеп, балабақша, емхана және үлкен концерт залы да қарастырылған. Бұрынғы кемшіліктер ескеріліп, әр үйдің сыртқы келбеті мен ішкі бөлмелеріне дейін қайта пысықталған екен. Енді үйлердің сапасы да, сыртқы келбеті де бұрынғыдан өзгеше болмақ. Қаланың жаңа бейнесін қалыптастыру осылай қолға алыныпты.
Бір айта кетер жайт, «Барысхан» тұрғын алабында талай жылдан бері шешілмей келе жатқан мәселелер болған. Бірақ қала әкімі Бақытжан Орынбеков келгеннен кейін көп ұзамай мұндағы жағдай өзгерді. Уәде еткен жұмыстар орындалып, түйткілдердің түйіні жүйелі тарқатылып, тұрғындардың көптен күткен тілегі орындалды. Аталған тұрғын алқаптағы Сүйінбай көшесінің тұрғыны Мықтыбек Тәукебаев та осыны растайды. Ол: «Бұрын жолдың шұрық-тесігінен көлікпен жүру мүмкін болмайтын. Қазір бәрі тегіс, жарықшамдар да орнатылды. Сүйінбай көшесіне де асфальт төселді. Қала басшылығының біздің мәселемізді шешіп бергені көңіл қуантады», – дейді.
Тараз қаласының басқа да шеткі аумақтары назардан тыс қалған жоқ. Соның бірі – «Тектұрмас» тұрғын алабы. Мұнда да көп жылдан бері тұрғындар көтеріп жүрген мәселелер кезең-кезеңімен шешілуде. Бүгінде «Тектұрмаста» 134 отбасы, шамамен 500 адам тұрады. Тұрғын алапта соңғы екі жылда айтарлықтай шаруа атқарылған. 2023 жылы газ және су құбыры тартылып, тұрғындар толықтай көгілдір отын мен ауызсуға қол жеткізген. Көшелер жарықтандырылып, жолдары асфальтталды. Барлық шаруа тұрғындардың қатысуымен, ақылдаса отырып шешілген.
Шаһарда қоғамдық көлік мәселесіне де ерекше көңіл бөлінуде. Өткен жылы жаңа бағыттар ашылып, тұрғындардың діттеген жеріне жетуі жеңілдеді. Қала әкімі жыл соңына дейін тағы 60-қа жуық жаңа автобус келетінін, соның есебінен қоғамдық көлік қызметі де жақсаратынын айтады.
«Қарасай» тұрғын алабында да соңғы уақытта үлкен өзгерістер байқалады. Тараз қаласы әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің жол секторының меңгерушісі Дамир Аймановтың айтуынша, биыл «Қарасайда» 11 көшеге жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жалпы ұзындығы 13 шақырымнан астам жол тегістеліпті. Тұрғындардың өтінішін дер кезінде орындау үшін бөлінген қаржы толығымен игеріліп, жұмыстар жоспарға сай аяқталыпты.
Бұдан бөлек, қаладағы көлік қатынасын жеңілдету үшін Асанбай Асқаров көшесін «Ұлы дала» ықшамауданымен байланыстыратын жаңа көпір салынған болатын. Құрылысына 200 миллион теңгеден астам қаражат жұмсалған нысан қазір толық пайдалануға берілген. Ұзындығы 25 метрлік көпірдің үстімен көлік жолы өтсе, екі жағында жаяу жүргіншілерге арналған арнайы жол бар. Бұрын бұл бағытта көпір болмағандықтан, тұрғындар айналма жолмен жүруге мәжбүр еді. Енді қозғалыс әлдеқайда ыңғайлы және қауіпсіз болып отыр. Жарты жыл ішінде салынған көпір тұрғындардың сұранысы бойынша жүзеге асқан жоба екенін айта кетуіміз керек.
Жалпы алғанда соңғы жылдары Тараз қаласының көркі айтарлықтай өзгерді. Әлеуметтік және инфрақұрылымдық бағыттағы жобалар жүйелі түрде жүзеге асуда.
КӘСІПКЕРЛІК САЛАСЫНДА СЕРПІН БАР
Тараз қаласында инвестиция тарту, өндірісті ұлғайту және шағын бизнесті қолдау бағытында да нақты жұмыстар атқарылуда. Күз мезгіліне дейін қала кәсіпорындары 403 миллиард 772 миллион теңгенің өнімін өндіріпті. Өткен жылмен салыстырғанда өсім шамамен 20 пайызға жуықтаған.
Инвестиция саласы да жақсы нәтиже көрсеткен. Биыл негізгі капиталға 109 миллиард 746 миллион теңге көлемінде қаржы салыныпты. Қазір Тараз қаласында жалпы құны 145 миллиард теңге болатын 23 ірі жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұл жобалардың алды осы жылы іске қосылса, қалғаны 2027 жылға дейін шетінен біртіндеп жүзеге асырылмақ.
Бүгінгі таңда Тараз қаласында 15 базар жұмыс істеп тұрса, оның 14-і әмбебап, біреуі арнайы мамандандырылған сауда орны. Осыдан 5 жыл бұрын қала аумағында 20 базар болса, осы уақытқа дейін «Ақбұлақ» және «Атакент-Тараз» базары жабылған. «Дәулет», «Мыңбұлақ», «Достық», «Ысты» базарлары нысаналы мақсатын сауда үйіне өзгерткен. Қала базарларындағы жалпы сауда орындарының саны 7 493-ті құраса, оның ішінде жалға алушылар саны 4 691-ге жеткен. Осылайша, сауда орындарының қамтылуы 62,8 пайызды көрсетіп отыр. Сауда орындарының толық толмауының себебі «Орталық базардағы» 3 000 сауда орнының тек 380-і ғана пайдаланылып жатқанында болса керек. Жалпы базарлардағы бос орындар саны – 2 802. Сауда орындарын жалға беру құнының орташа бағасы 1 шаршы метрі үшін 1000-4000 теңге аралығында болып бекітіліпті.
Тараз қаласында стационарлық емес сауда объектілерін орналастыру үшін орындар бөлу жөніндегі конкурстық комиссияның 2022 жылғы 6 сәуірдегі және 14 маусым айындағы хаттамалары негізінде 84 сауда орны жеке кәсіпкерлерге берілген екен. Қазіргі таңда бұл сауда орындарының нысаналық мақсатта пайдалануына бөліммен мониторинг жұмыстары жүргізілуде. Мониторинг нәтижесінде дислокация бойынша орын алған 56 жеке кәсіпкерге ауызша түрде ескерту жасалып, мақсатсыз пайдаланып отырған 11 кәсіпкерге хабарлама таратылып, 10 жұмыс күн ішінде өз еркімен қалпына келтіру талап етіліпті. Хабарлама берілген 2 кәсіпкер өз еркімен мақсатсыз жұмыс істеген дүңгіршектерін алып тастаған. Дислокация алған 10 кәсіпкер өз еріктерімен қайтарып беруге өтініш білдіріп, келісімшартты бұзуға сұраныс жазып, ол кері қайтарылған көрінеді.
Негізінде сауда нысандары да маңызды объекті болып саналатыны белгілі. Ашығын айтқанда, сауда орындарының терроризмге қарсы қорғалу паспортын дайындау маңызды. Сондықтан да Тараз қаласында аумағы 500 шаршы метрден асатын 135 сауда объектісінің 115-іне террористік тұрғыдан осал нысандарға жатқызу тізбесіне нысанды енгізу туралы хабарлама таратылған. Қазір өзге де сауда нысандарымен тиісті жұмыстар жүргізіліп жатса керек.
Шаһардағы ойын-сауық, кафе және түнгі клуб басшылықтарымен де тиісті жұмыстар атқарылуда. Жыл басында Тараз қалалық полиция басқармасының қызметкерлерімен бірлесе қаладағы ойын сауық орталықтарының басшыларына мекемедегі құқықбұзушылықтың алдын алу, бейнебақылау құралдарын көбейту, күзет қызметін күшейту және жұмыс істеу уақытын реттеу мен шектеу туралы мәселелер түсіндіріліпті. Тараз қаласы әкімдігінің кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімі мен ойын-сауық орталықтарының басшылары және күзет қызметі арасында үш жақты ынтымақтастық туралы меморандум жасалыпты. Тараз қаласындағы 36 компьютерлік клубтың 26-сымен меморандум жасалып, оның үшеуінің жұмыс істемейтіні анықталған, яғни олар бағытын дүкен және басқа кәсіп түріне бұрған екен.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ