Білгім келген бір сұрақ?

Жасөспірімдер неге қатыгез болып барады?

Қазір әлеуметтік желілердегі, түрлі ақпарат көздеріндегі «өлтіріп кетті», «зорлық-зомбылықтың құрбаны болды» деген сарындағы ақпараттардан көз сүрінеді. Сорақысы сол, мектеп оқушыларының бір-біріне пышақ жұмсап, еш шімірікпестен қарумен ата салуы үйреншікті жағдайға айналғандай.

Облыстық прокуратура мамандары берген мәліметке сүйенсек, өңірімізде осы жылдың 8 айында 14-35 жас аралығындағы бозбалалардың қатысуымен 963 қылмыстық құқықбұзушылық тіркелген немесе жалпы қылмыс жасағандардың 55 пайызы жастар екен. Жеткіншектерге қатысты анықталған құқықбұзушылықтардың 20-сы аса ауыр қылмыс болса, оның ішінде 9-ы кісі өлтіруге қатысты дерек.

Жаңа оқу жылы бастағалы кәмелетке толмағандар жасаған қылмыстар саны күрт өскен. Тараз қаласында «Білім күні» мерекесінің соңы үлкен трагедиямен аяқталып, бір жасөспірім төбелес салдарынан қаза тапқаны көптің есінде болар.

 

ЖАМБЫЛ МЕН БАЙЗАҚТА АУДАНДАРЫНДАҒЫ СОТҚАР ҰЛДАР

Көп жағдайда бозбала шақтағы қателік ретінде қабылданатын жеткіншектер арасындағы төбелестер соңғы уақытта жазықсыз жасөспірімдердің қазасымен аяқталып жүр. Осындай жағдайлардың ушығып кетуіне байланысты облыс прокурорының тапсырмасымен облыс әкімдігі, білім басқармасы және облыстық полиция департаментінің қызметкерлері бірлесіп, «Арнайы ведомствоаралық мобильді топ» құрды.

Аталған топ жақында Байзақ және Жамбыл аудандарында мектеп оқушылары арасында құқықбұзушылық фактілеріне талдау жүргізді. Зерделеу жұмыстарының қорытындысы бойынша жаға ұстатар статистика мен білім саласында орын алған бірқатар кемшіліктер анықталған.

Негізінде ҚР Конституциясының 27-бабында неке мен отбасы, ана, әке және бала мемлекеттің қорғауында екені айқындалған. Ал «Кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтардың алдын алу туралы» Заңға сәйкес жергілікті атқарушы органдар мен білім беру мекемелері балалардың қадағалаусыз және қараусыз қалмауын қамтамасыз етуге міндетті. Алайда жүргізілген талдау мектептерде профилактикалық жұмыстардың жеткілікті деңгейде жүргізілмейтінін көрсетті. Оқушылар арасында бопсалау, жоғары сыныптардың қысымы, мектепішілік есептің жүргізілмеуі, балаларды сабақтан негізсіз босату және бейнебақылау жүйелерінің істен шығуы сияқты кемшіліктер анықталған.

Мобильді топ мүшелері зерделеу барысында Жамбыл ауданында 968 бейнебақылау камерасының тек 230-ы облыстық полиция департаментінің жедел басқару орталығына қосылғанын анықтаған.

«Білім туралы» Заңға сәйкес (45-бап, 3-тармақ) білім беру ұйымының басшысы оқу-тәрбие процесі кезінде оқушылар мен қызметкерлердің өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігіне, сондай-ақ заңда және мемлекеттік стандарттарда белгіленген талаптардың орындалуына жауап береді. Ал осы заңның 48-бабының 6-тармақшасы білім беру ұйымдарында оқыту мен тәрбиелеудің қауіпсіз әрі салауатты жағдайын қамтамасыз ету міндетін тікелей басшылардың жауапкершілігіне жүктейді.

Осы орайда мобильді топ мүшелері Байзақ және Жамбыл аудандарында 8-11-сыныптарда оқитын 9 мыңнан астам оқушыдан буллинг, бопсалау, қорқыту, қорлау, қисынсыз тиісу фактілерін анықтау мақсатында жасырын сауалнама алған. Сауалнама қорытындысы бірқатар мектепте оқушылар арасында буллинг, қорқыту және тағы да басқа фактілердің бар екендігін көрсеткен. Одан бөлек, жекелеген мектептерде «бейресми» көшбасшылардың мектеп оқушыларына ықпал ету фактілеріне жол берілетіндігін көрсетуде. Жамбыл ауданындағы Б.Момышұлы атындағы мектеп-гимназияда 16 жыл бойы қызмет етіп келе жатқан психолог Д.Р.Шағалиева жүргізген бұдан бұрынғы сауалнама нәтижесінде оқу орнындағы оқушылар арасында ешқандай буллинг және басқа да әлімжеттік деректері анықталмаған. Бірақ топ жүргізген сауалнама нәтижесімен 8-11-сынып оқушылары арасында әлімжетік және буллинг көрсетудің 18 фактісі анықталған. Сонымен бірге оқушылардан алынған жасырын сауалнамалар кезінде осы оқу орнында 10 «бейресми» көшбасшының бар екендігі белгілі болған.

Сауалнама алу кезінде Жамбыл ауданындағы Қ.Сартбаев атындағы орта мектептің 10-сынып оқушысы әлімжеттік пен буллинг фактілері туралы хабарлаған. Сонымен қатар Байзақ ауданына қарасты Ю.Гагарин атындағы орта мектепте оқушылар арасында бопсалау және «бейресми» көшбасшылардың бар екені анықталған. Шу ауданындағы Ғ.Мұратбаев атындағы гимназияның 8-10-сынып оқушылары қорқыту, бопсалау және буллингтің 23 фактісін, Байзақ ауданындағы Үлгілі орта мектебінің оқушылары бопсалау, қорқыту және тыйым салынған заттарды қолданудың 5 фактісін хабарлаған.

Оқу-ағарту министрінің 2023 жылғы 3 наурыздағы «Білім беру ұйымдарында мектепішілік есепке алуды жүргізу жөніндегі әдістемелік ұсынымдарды бекіту туралы» №61 бұйрығына сәйкес, отбасындағы жайсыз жағдай, қадағалаусыздық, панасыздық, қаңғыбастық немесе қайыршылық жағдайында өмір сүретін оқушылар міндетті түрде мектепішілік есепке алынады. Алайда Байзақ ауданы білім бөліміне қарасты Ақшолақ орта мектебіндегі 7 кәмелетке толмаған өреннің сенімхат негізінде ата-әже мен жеңгелері секілді әртүрлі туыстарымен тәрбиеленіп жатқаны белгілі болыпты. Дейтұрғанмен мектеп әкімшілігі балаларды отбасындағы жайсыздықтар мен қадағалаусыздық санатына енгізбеген. Мектепішілік есепке алмаған және уәкілетті органдарды хабардар етпеген, сәйкесінше әрекетсіздік танытқан.

Өкініштісі топ мүшелері анықтағандай Байзақ аудандық білім бөлімінің, оның ішінде Бурыл орта мектебі әкімшілігінің тарапынан құқықбұзушылықтардың алдын алу, белсенді оқушыларды анықтау, оқушылардың сапалы білім алуына кедергі келтіретін жағдайларды жою бойынша ешқандай жұмыстар атқарылмаған. Сонымен қатар жауапты қызметкерлер мен басшылар бағынысты білім беру мекемелеріндегі профилактикалық, психологиялық және тәрбиелік жұмыстарды тиісті деңгейде үйлестірмеген. Оған қоса мектеп әкімшілігімен аталған кәмелетке толмағандардың қылмысқа бейім екендігі мерзімінде анықталмаған. Соның салдарынан олар аудандық полиция бөлімінің есебіне алынбай, назардан тыс қалған.

 

ЖЕТКІНШЕКТЕРГІ ӨЛІМГЕ ИТЕРМЕЛЕУГЕ НЕ СЕБЕП?

Ең сорақысы өңірімізде өз-өзін өлімге қиып жатқан жеткіншектер саны да артып барады. Облыс көлемінде биыл кәмелетке толмағандар арасында суицидтің 14 фактісі тіркелген. Өткен жылы дәл осындай 7 дерек тіркелген. Оның ішінде бір ғана Байзақ ауданында екі өрен өмірімен қош айтысуды таңдаған.

Мобильді топ арнайы талдау жұмыстарын жүргізіп, жасөспірімдерге қатысты бірнеше құқықбұзушылық фактісі анықталған Жамбыл ауданында да жеткіншектерге қатысты суицид дерегі тіркеліп отыр. Тастөбе ауылында кәмелетке толмаған И-дің қора ішінде асылып, қайтыс болғаны анықталған. Прокуратураның қабылдаған шараларының нәтижесінде бұл суицидтің нақты себептері ретінде Тастөбе ауылындағы «бейресми» көшбасшылар тарапынан ұрып-соғу және жұмыс істеуге мәжбүрлеу фактілері анықталған, – деген облыстық прокуротура өкілдері.

Осы орайда біз Жамбыл және Байзақ ауданындарында жасөспірімдер қылмысының алдын алу бағытында қандай шаралар атқарылып жатқанын білу мақсатында аудан әкімдерінің орынбасарларына хабарласқан едік.

Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары Мақпал Досымбекова статистика бойынша ауданда кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс деңгейі төмендегенін айтады.

Байзақ ауданы әкімінің орынбасары Рүстем Қасымов та аймақта жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықты болдырмауға бағытталған шаралар тиісті деңгейде атқарылып жатқанын жеткізді.

 

БАЛА ҚҰҚЫҚТАРЫ ЖӨНІНДЕГІ УӘКІЛ НЕ ДЕЙДІ?

Соңғы уақыттарда балалар арасындағы қылмыс пен суицид фактілерінің жиілеуіне байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева бастаған топ облысымызға арнайы келіп, тексеру жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде бірқатар өрескел заңбұзушылықтар анықталған.

Зерделеу барысында облыста балаларға қарсы жасалған қылмыстардың жазасыз қалуы және мектептердегі оқушылар арасындағы буллинг жағдайларына немқұрайды қарау әлі де өткір мәселе болып отырғаны белгілі болды. Мәселен, анонимді сауалнама кезінде Шу ауданындағы мектептердің 9-сынып оқушылары ақша бопсалау, электрошокер мен кастет қолдану жағдайлары жиі болатынын, қыз балалар жыныстық зорлықтан қорқатынын жазған. Қордай ауданында жоғары сынып оқушыларының кіші сыныптарға қысым көрсетуі, азық-түлік пен сусын алдыру, ұрып-соғу сияқты әрекеттер тіркелген. Кей мектептерде мұғалімдердің өздері тарапынан да буллинг фактілері болған.

Сол секілді Байзақ және Жамбыл аудандарындағы мектептерде арнайы ведомствоаралық мобильді топтың жұмысы нәтижесінде 200-ден астам буллинг пен бопсалау фактілері анықталған.

Уәкілдің айтуынша, оқушылар тарапынан түскен шағымдарға тиісті шара қолданылмаған. Мәселен, Тараз қаласында дәретханада көз жұмған оқушы оқиғасына дейін мектепте буллинг пен қысым көрсету туралы хабар болғанына қарамастан, тиісті жұмыс жүргізілмеген.

Бала құқықтары жөніндегі уәкіл келтірген мысалдар бойынша, кей жағдайларда зорлық-зомбылыққа ұшыраған балаларды полиция қызметкерлері қорғай алмаған. Мысалы, 8 жастағы қыздың өгей әкесінен көрген зорлық дерегі дәлелденсе де, іс тоқтатылған. Тағы бір жағдайда, 4-сынып оқушысы өгей әкесінің қорлауына шағымданғанымен, полиция тек қорғау нұсқамасын беріп, баланы үйде қалдырған. Мұндай істер кейін уәкілдің араласуымен ғана қайта қаралған.

Жалпы облыс бойынша балаларға қатысты істердің тек 29 пайызы ғана сотқа жеткен. Бұл көрсеткіш тергеудің толық жүргізілмеуі мен жауапты қызметкерлердің салғырттығына байланысты. Кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспекторлардың жұмысы да күрделі, облыста бар болғаны 15 қызметтік көлікке 154 инспектор бөлінген. Сондықтан ауылдарға кей инспекторлар өз қаражаты есебінен қатынайды екен.

Мемлекет басшысы әсіресе өңірлерде балалардың құқықтарын қорғау бағытындағы жұмыстарға ерекше назар аударып отыр. Соңғы екі жылда қабылданған заңдар мен бағдарламалар қағаз жүзінде қалып қоймай, нақты нәтиже беруі тиіс. Осы мақсатта анықталған жүйелі мәселелер бойынша Президент Әкімшілігі, орталық және жергілікті атқарушы органдар бірлесіп жұмыс жүргізіп жатыр.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ