Ресурсты тиімді пайдалану – басты амал
Жақында Су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі Нұрлан Алдамжаров Қытайдан келген делегациямен кездескен болатын. Делегацияны Қытайдың ірі «Energy China» корпорациясының президенті Цяо Сюбинь бастап келді. Кездесуде екі тарап су саласындағы ынтымақтастықтың үш негізгі бағытын талқылады.
Жиында біріншіден сушаруашылығы нысандарын жаңарту және жаңа жобаларды бірлесе қаржыландыру мәселесі сөз болды. Яғни, бөгеттер мен каналдарды жөндеу, суқоймаларын тиімді пайдалану бағытында инвестициялық жобаларды бірге іске асыру жоспарланды. Екіншіден, суды басқаруда заманауи технологияларды енгізу жайы айтылды. Бұл суды есепке алу мен бөлуді цифрландыру, тазартылған суды қайта пайдалану және су үнемдейтін жаңа тәсілдерді қолдану дегенді білдіреді. Мұндай жүйелер суды ысырап етпей, әр литрін тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Үшіншіден, мамандарды оқыту және тәжірибе алмасу мәселесі қаралды. Қытай жағы қазақстандық инженерлер мен гидротехниктерді өз еліндегі оқу орталықтарында даярлауға дайын екенін білдірді.
Қытайлық бизнес өкілдері Қазақстанның 2030 жылға дейінгі су ресурстарын басқару тұжырымдамасымен танысып, бұл салаға инвестиция салуға қызығушылық танытты. Сондай-ақ «Energy China» компаниясы Қытайда және басқа елдерде жүзеге асырған ірі жобалары туралы айтып өтті. Кездесу соңында екі тарап та ынтымақтастықтың нақты бағыттарын сарапшылар деңгейінде егжей-тегжейлі талқылауға келісті.
Кездесу екі ел арасындағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге жол ашты. Алдағы уақытта бұл байланыс нақты жобалармен толықса, су ресурстарын тиімді пайдалану мен үнемдеу ісінде үлкен нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік тумақ.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ