Қоғамдық кеңестердің рөлі артып келеді
Қоғамдық кеңестер – республикалық және жергілікті деңгейде талқылаулар мен шешімдер қабылдау кезінде қоғамдық пікірді ескеріп, ел ішіндегі проблемаларды қозғап, азаматтық қоғамның мүдделерін білдіретін маңызды институт. Қоғамдық кеңестер бүгінде ел өміріндегі түрлі мәселелерді шешуде басты рөл атқарып келеді.
2015 жылғы 2 қарашада Қоғамдық кеңестердің мәртебесі мен өкілеттігін анықтайтын «Қоғамдық кеңестер туралы» Заң қабылданды. Сол уақыттан бастап қоғамды бақылаушы жаңа саяси институт пайда болды десек болады. Осы Қоғамдық кеңестер арқылы Қазақстанның кез келген азаматы мемлекеттік органдардың қызметіне қоғамдық негізде үн қоса алады.
Қазіргі таңда Қоғамдық кеңестердің ауқымы кеңейіп, қоғамдағы рөлі артқан. Бұл туралы 2025 жылдың 15-16 қазан күндері Астанада Қоғамдық кеңестердің ІV республикалық мәжілісінде айтылды. Жиын Қазақстанның XII Азаматтық форумы аясында ұйымдастырылған.
Іс-шараға Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, өңірлік және республикалық Қоғамдық кеңестердің мүшелері, сарапшылар, халықаралық серіктестіктер мен азаматтық сектор өкілдері қатысты.
Үш жылда бір өтетін мәжілісте елдегі Қоғамдық кеңестердің қызметіне қатысты өзекті мәселелер талқыланды. Яғни халықты қоғамдық процестерге тарту мүмкіндіктері мен тетіктері, мемлекеттік органдар қызметін бақылау мен мониторингтің тиімділігі қаралды.
Жиында Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева сөз сөйлеп, елімізде қоғамдық институттардың тұрақты дамып, олардың рөлінің артып келе жатқандығын атап өтті.
«Қоғамдық кеңестердің тиімді жұмысы көбіне сіздердің белсенді ұстанымдарыңыз бен бастамашылдықтарыңызға байланысты. Бұл алаңда сіздер, Ұлттық Құрылтай мүшелері сияқты, жергілікті деңгейде көтерілген өзекті мәселелер мен ұсыныстарды талқылауға бастамашы бола аласыздар. Бұл азаматтардың пікірін республикалық деңгейге жеткізудің тиімді жолы» – деді Аида Балаева.
Сонымен қатар министр халықпен кері байланысты нығайту және Қоғамдық кеңестердің институтын заманауи үрдістерге сай жетілдіру қажеттігін айтты. Осы мақсатта ол кеңестердің жұмысына цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін кеңінен қолдануды ұсынды. Сондай-ақ, Қоғамдық кеңестердің парламенттік реформаларға белсенді қатысуының маңыздылығын ерекше атап өтті.
«Президент атап өткендей, бұл мәселе қоғамның кеңінен қатысуын, халық пікірін жан-жақты талдау мен зерделеуді қажет етеді. Сондықтан Қоғамдық кеңестердің Конституция баптарына толықтырулар мен өзгерістер енгізу жөніндегі ұсыныстарды әзірлеу үдерісіне тікелей араласуы маңызды деп санаймын», – деді министр.
А.Балаева Қоғамдық кеңестердің жұмыс тиімділігін арттыру және қоғамдық бақылауды күшейту мақсатында кеңестердің халық алдында ашық есеп беру тәжірибесін енгізуді ұсынды. Оның айтуынша, «Қоғамдық кеңестер туралы» Заңда бекітілген ашықтық пен айқындық қағидаттары тек қағаз жүзінде емес, іс жүзінде жүзеге асуға тиіс.
Сондай-ақ министр қоғамдық бақылаудың тек жекелеген мәселелермен шектелмеуіне де назар аудару қажетін атап өтті. Оның пікірінше, бұл бағыт Президенттің бастамалары мен ұлттық жобаларының («Заң және тәртіп», «Таза Қазақстан», «Адал азамат» жжәне тағы да басқа) іске асырылуын жүйелі түрде мониторингтеу мен ілгерілетуге бағытталуға тиіс. Бұл жұмысқа қоғам өкілдерін кеңінен тарту қажет.
Бүгінде ел бойынша 263 Қоғамдық кеңес жұмыс істейді. Оның ішінде республикалық деңгейде – 35, жергілікті деңгейде 228 Қоғамдық кеңес жұмыс атқарып отыр. Кеңестер құрамында шамамен 4000 қазақстандық бар. Биыл 210 кеңестің (немесе 80 пайызы) құрамы жаңартылған. Қазір Абай облысының Семей қаласы мен Ақсуат ауданында кеңестерді қалыптастыру процесі жүріп жатыр. Жаңарған құрамда азаматтық қоғам өкілдерінің үлесі 72 пайызды құрайды. Бұл – азаматтардың ел өміріне қатысуға деген белсенділігінің көрсеткіші.
Соңғы үш жылда қоғамдық бақылау өкілеттігі аясында Қоғамдық кеңестер азаматтардың құқықтары, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты 9000-нан астам нормативтік-құқықтық актілер жобасын қарастырған.
Сондай-ақ, 2100 мемлекеттік орган басшысының есептері тыңдалып, 820 қоғамдық тыңдау ұйымдастырылған. Бұдан бөлек, әлеуметтік қорғау, инфрақұрылым, жер қатынастары, денсаулық сақтау және басқа да мәселелер бойынша 2000-нан астам азаматтың өтініштері қаралған.
Мәжіліс барысында өзге де спикерлер сөз сөйлеп, өңірлік кеңестердің қызметі жөнінде баяндамалар жасалды.
Артынша «Қоғамдық бақылау: нақты өкілеттіктер және үздік тәжірибелер» тақырбында мемлекеттік органдар қызметін бақылау мен мониторингтің тиімділігі қаралды.
Секция жұмысы барысында қатысушылар да өз ойларын ортаға салып, ұсыныстарын жеткізді. Мәселен, Астана қалалық Қоғамдық кеңесінің төрағасы Зұлфұхар Ғайыпов: «Көтеріліп жатқан мәселелер өте өзекті деп ойлаймын. Себебі уақыт өзгеріп жатыр. Кеше ғана Президент конституциялық реформа әрі қарай жалғасады деді. Оның қасында Қоғамдық кеңестердің қызметін үйлестіретін «Қоғамдық кеңес туралы» Заңға кішкене өзгерістер енгізу керек екенін уақыт дәлелдеп тұр. Өйткені арада он жыл өтті. Он жылда біраз өзгеріс болды» – десе, Мәдениет және ақпарат министрлігі жанындағы Қоғамдық кеңестің төрағасы Сәлімбай Шунеев: «Қоғамдық кеңес институты азаматтық қоғаммен мемлекеттік органдардың ортасында алтын көпір болу мақсатында құрылған. Кезінде Аристотель одан да басқа ғұламалар бұл қоғамдық бақылауды мемлекеттің дамуы үшін өте қажет деп жазып кеткен» – деп, қоғамдық кеңес жұмыстарын одан әрі жандандыру керек деген пікірін жеткізді.
Форум аясында «Қазақстанда қоғамдық кеңестер институтын жетілдіру» тақырыбында оқыту семинары ұйымдастырылды. Семинарды жүргізген Мәдениет және ақпарат министрлігінің Азаматтық қоғам істері комитетінің Қоғамдық кеңестер қызметінің мәселелері басқармасының басшысы Гүлмира Кабиева республикалық мәжілісте Қоғамдық кеңестердің жұмысын ұйымдастыруда төрағалар мен хатшыларға жүктелеген міндеттерді орындау, қоғамдық бақылау формаларын жүзеге асыру бойынша өзекті кейстер әзірлеу және министрдің тапсырмасына сәйкес кеңестердің рейтингі, тиімділік көрсеткіштері туралы цифрлық карта әзірленетіні туралы айтты. Сондай-ақ басқарма басшысы Қазақстан Республикасының «Қоғамдық кеңестер туралы» Заңына және заңнамалық актілерге кеңес құрамын портал арқылы қалыптастыру, мүдделер қақтығысына жол бермеу үшін сапалық құрамды тек азаматтық қоғам өкілдерінен құру, кеңес мүшелерінің этикалық нормаларын бекіту туралы өзгерістер енгізу көзделгендігін жеткізді.
Республикалық мәжіліске, форум аясындағы секциялар мен семинарларға қатысушыларға Қоғамдық кеңестер қызметінің тиімділігін арттыру жөнінде спикерлер тарапынан қажетті ақпараттар, пайдалы кеңестер жан-жақты беріліп жатты.
Сонымен, республикалық мәжілістің қорытындысы бойынша Қоғамдық кеңестер қызметінің құқықтық және ұйымдастырушылық негіздерін жетілдіруге бағытталған ұсыныстар, соған сәйкес шешімдер әзірленетін болды. Бұл құжаттар мен шешімдер алдағы өзгерістердің негізіне айналып, болашақта уәкілетті мемлекеттік органдардың жұмысында ескеріліп, одан әрі реформаларға да негіз болатыны сөзсіз.
Қазіргі таңда орталықтағы атқарушы билік пен жергілікті әкімшіліктердің жанынан құрылған Қоғамдық кеңестер – мемлекеттің ісіне ықпал ете алатын институттарға айналдыруға бағытталған және мемлекет қабылдайтын шешімдердің жариялы, ашық болуын қамтамасыз ететін консультативтік-кеңесші, әрі бақылаушы органға айналған.
Біздің облысымызда да Қоғамдық кеңес қызметі бүгінде азаматтарды толғандыратын мәселелерді шешуде ауқымды жұмыс атқарып келеді. Қоғамдық кеңес мүшелерінің алдында облысымыздың алымды аяқ алысы, актуальды проблемасы назарда тұр.
«Қоғамдық кеңестер туралы» Заңға сәйкес «Жамбыл облыстық Қоғамдық кеңесінің құрамын бекіту туралы» Жамбыл облыстық мәслихатының 2025 жылғы 11 наурыздағы №20-ө өкімімен Қоғамдық кеңестің төртінші құрамына 31 мүше сайланған. Өкілеттік мерзімі 3 жылды құрайды.
Кеңестің жаңа құрамы қоғам қайраткерлерінен, белгілі кәсіпкерлер мен азаматтық қоғам өкілдерінен құрылған. Облыстық кеңеске Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Дүйсеналы Бықыбаев төрағалық етеді.
Облыстық Қоғамдық Кеңестің қызмет бағыттары бойынша 4 комиссия құрылған.
Қазақстан Республикасы «Қоғамдық кеңестер туралы» Заңының 16-бабына сәйкес Қоғамдық кеңес қоғамдық бақылауды мемлекеттік органдардың, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің шешімдер қабылдау процесіне азаматтық қоғамның қатысу мүмкіндігін кеңейту мақсатында жүзеге асырады.
Облыстық Қоғамдық кеңестің төртінші құрамының қызметі 2025 жылдың 4 сәуірінен басталуына байланысты есепті кезеңде жұмыс жоспарына сәйкес қоғамдық бақылау қоғамдық сараптама, қоғамдық мониторинг, есептік тыңдау нысандарында жүзеге асырылды.
Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының «Құқықтық актілер туралы» Заңына сәйкес кеңес мүшелері азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты нормативтік-құқықтық актілердің жобаларын әзірлеуге және талқылауға қатысты.
Тиісінше, Қоғамдық кеңес отырыстарында облыс әкімдігі басқармаларының әзірлеген нормативтік-құқықтық актілердің жобалары талқыланып, шешімдер қабылданды. Кеңес тарапынан ұсынымдар жолданды.
Сонымен қатар, тиісті облыс әкімдігі басшыларының мемлекеттік органдарда көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасы туралы жұмыс нәтижелерінің есептері тыңдалды.
Республика көлемінде өтіп жатқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы аясында Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Қоғамдық экобақылау» республикалық акциясын Жамбыл облысы бойынша ұйымдастыру мақсатында жүргізілген іс-шараларға кеңес мүшелері белсене қатысады.
Акция аясында туристік және тарихи-мәдени объектілерінің аумақтарына мониторинг, абаттандыру мәселелеріне, оның ішінде стихиялық қоқыс орындары, жасыл желектерді суару, оларға күтім жасауды қоғамдық бақылау, жер қойнауын пайдалану ісіне мониторинг жүргізіліп, облыстық Қоғамдық кеңес мүшелері Тараз қаласы және аудандарда жасыл желектерді күту, суару, экологиялық талаптардың сақталуы, қоршаған ортаны қорғау бойынша іс-шараларды жергілікті атқарушы органдар қызметкерлері, қалалық және аудандық Қоғамдық кеңес мүшелерінің қатысуымен зерделеді.
Жоспар бойынша кеңес төрағасы Дүйсеналы Бықыбаевтің жетекшілігімен мәдениет және тілдерді дамыту салалары бойынша Тараз қаласы және 10 аудандарда қоғамдық мониторинг жүргізілді.
Мониторинг барысында өткізілген қоғамдық қабылдауда тұрғындардан түскен өтініштер дер кезінде кеңес мүшелері тарапынан қаралып, зерделеніп, нәтижесі бойынша жұмыстар жүргізіліп келеді.
Облыстық Қоғамдық кеңеспен қатар, Тараз қаласы және барлық аудандар да құрылған Қоғамдық кеңестер де ел игілігі, қала және аудандардың дамуы, өзекті мәселелердің шешілуі жолында белсенді жұмыс істеуде.
«Кеңесіп пішкен тон келте болмайды» деген. Атқарушы билік пен қоғамның ынтымағы тонның ішкі бауындай беки түсуде.
Осы ретте, Қоғамдық кеңестер ел өміріндегі түрлі мәселелерді шешуде басты рөлді ойнап келеді. Экологиялық мәселелер, аулалар мен ойын алаңқайларын, көшелерді жөндеу, елді мекендерге және көшелерге жаңа атаулар беру, әлеуметтік, коммуналдық, ауылшарушылық және өзге де салалар бойынша туындаған мәселелерді көтеру, табиғатқа нұқсан келтірмеу, түрлі мемлекеттік нысандарды тексеру (мемлекеттік мекемелер, жоғарғы оқу орындары мен мектептер, медициналық орталықтар) және тағы да басқа мәселелер бойынша дауыс беру, қоғамдық тыңдалымдар өткізуді іске асыруда.
Жоғарыда аталған, Қазақстанның XII Азаматтық форумы аясында ұйымдастырылған Қоғамдық кеңестердің ІV Республикалық мәжілісіне облыстық Қоғамдық кеңес мүшелері де қатысып қайтты. Мәжіліс секцияларында белсене қатысып, қоғамда Қоғамдық кеңестердің рөлін одан әрі нығайту бағытында өз ой-пікірлерін ортаға салды.
Қоғамдық кеңестердің тиімді жұмысының нәтижесінде халықтың билікке деген сенімі арта түсті. Ал қоғамның үні мен оның ішіндегі халық өкілдерінің тиімді ұсыныстары билікке жетуде. Екі тарапқа да тиімді жол.
Бір сөзбен айтқанда, Қоғамдық кеңес – қоғамның сенімі, билік пен халық арасындағы байланыстырушы диалогтық алаң, алтын көпір.
Еліміздегі қоғамдық ұйымдарға үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр. Өйткені қоғамның қозғаушы күші саналатын кеңес мүшелері халықтың талап-тілегін құзырлы орынға жеткізіп, түйткілді мәселенің түйінін тарқатуға септігін тигізеді. Сондықтан, азаматтық қоғамды дамытып, олардың әлеуетін пайдалану маңызды.
Осыған орай, қоғамдық кеңестердің де белсенділігі артып, ел дамуына қосар үлесі де артуда.
Асан ТІЛЕМІСОВ