Әлеумет

Оқушыларды шыңдаған чемпионат

Тараз қаласындағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы «Тараз-Арена» спорт кешенінде 11-сынып оқушылары арасында «Бір күн арнайы қызметте» атты көпсайыстан облыстық чемпионат өтті.

Жарыстың мақсаты – жастардың әскери-қолданбалы спорт түрлеріне қызығушылығын арттырып, отансүйгіштік сезім мен салауатты өмір салтын қалыптастыру.

Іс-шараның ашылу салтанатында облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов құттықтау сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Сондай-ақ, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев жасөспірімдердің белсенділігі мен елге деген сүйіспеншілігін жоғары бағалады.

Чемпионатқа облыстың барлық аудан, қала командалары қатысып, арнайы тактикалық дайындық, әскери дайындық, алғашқы көмек көрсету, мергендік және күш сынасу жаттығулары бойынша бақ сынасты.

Жарыс барысында қатысушылардың шапшаңдығы мен төзімділігі, жылдам шешім қабылдау қабілеті жоғары деңгейде бағаланды.

Жарыс қорытындысында үздік нәтиже көрсеткен қатысушылар мен командалар алғыс хаттармен, кубоктармен және медальдармен марапатталды.

«AR-AI»-ақпарат