Дін

Рухани жетілуімізде діннің алатын орны ерекше

18 қазан – Рухани келісім күніне орай Шоқан Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында «Адамның рухани жетілуіндегі діннің алатын орны қандай?» тақырыбында мазмұнды кездесу ұйымдастырылды. Іс-шараға облыс әкімдігі дін істері басқармасының мамандары, ұстаздар, студенттер мен қоғам белсенділері қатысты.

Кездесу барысында қатысушылар діннің қоғамдағы және жеке адамның рухани жетілуіндегі айрықша орнын талқылады. Мамандардың айтуынша, дін – қоғамның рухани өмірінің маңызды саласы, адамзат мәдениетінің рухани өзегі. Ол жеке тұлғаның ішкі жандүниесін байытып, имандылық пен ізгілікке жетелейді.

Дін адам бойындағы сабырлылықты, әділдікті, сыпайылық пен парасаттылықты қалыптастырады. Сонымен қатар, адамдарды бірлікке, татулыққа, өзара түсіністікке шақырады. Егемен ел болып қалыптасу жолында діннің атқаратын рөлі зор, себебі ол ұлттың рухани тұтастығын, мәдени бірегейлігін сақтауға ықпал етеді.

Мамандар өз сөздерінде діннің тарихи және тәрбиелік маңызына да тоқталды. Дін – адамзат тарихындағы ұлы тағылымның, сарқылмас даналықтың және ізгілік пен мейірімнің бастауы. Қоғамда рухани құндылықтар орныққанда ғана тұрақтылық пен бейбіт өмір қамтамасыз етіледі.

Кездесу барысында жастарға діни сауаттылықтың маңызы, өзге сенім иелеріне құрметпен қарау, төзімділік пен өзара түсіністікті сақтау қажеттілігі туралы кеңінен түсіндірілді.

Бұл кездесу жас ұрпақтың рухани дүниесін байытып, олардың бойында адамгершілік, имандылық және отансүйгіштік қасиеттерді қалыптастыруға зор үлес қосты. Осындай мазмұнды шаралар ел бірлігін нығайтып, болашаққа сенімді қадам басуға негіз болады.

М.ЖАМБЫЛҰЛЫ