Жамбыл жаңалықтары

Туризм және инвестиция басқармасы құрылады

Облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен кеңейтілген әкімдік мәжілісі өтті. Басқосуда өңірдің 2025 жылғы қаңтар-қыркүйек айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен бюджеттің атқарылуы, сондай-ақ орындаушылық тәртіп мәселесі қаралды.

Облыс әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Сандуғаш Абдралиеваның айтуынша, 9 айдың қорытындысы бойынша облыстың экономикасы тұрақты өсім көрсетуде.

Өңірдің жалпы экономикалық өсімі 10,2 пайызды құрады. Өнеркәсіп, құрылыс, байланыс, ауылшаруашылығы, көлік және сауда салаларында оң динамика байқалады.

Өнеркәсіп саласында айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізілді. Облыс кәсіпорындары 967,8 миллиард теңгенің өнімін өндіріп, өсім 18,3 пайызды құрады. Бұл көрсеткіш бойынша облыс республика өңірлері арасында бірінші орынға ие болды. Сондай-ақ 363 миллиард теңгенің ауылшаруашылығы өнімі өндірілді. Оның ішінде өсімдік шаруашылығы – 214 миллиард теңге, мал шаруашылығы – 148 миллиард теңге.

Биыл облыстағы егістік алқабы 639,7 мың гектарды құрап, өткен жылмен салыстырғанда 2,1 пайызға артты (2024 жылы – 626,8 мың гектар). 21 қазандағы жағдай бойынша облыс диқандары 396,1 мың тонна дәнді дақыл, 31,3 мың тонна майлы дақыл, 206,5 мың тонна картоп, 1208,5 мың тонна көкөніс, 389 мың тонна бақша өнімдері мен 27,5 мың тонна қант қызылшасын жинап үлгерді.

Инвестиция тарту саласында да айтарлықтай ілгерілеу бар. Негізгі капиталға 491 миллиард теңге инвестиция тартылды. Оның ішінде жеке инвестиция көлемі 398,8 миллиард теңге. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 39,1 пайызға артық. Нәтижесінде Жамбыл облысы инвестиция тарту көрсеткіші бойынша республикада екінші орынға шықты.

Құрылыс саласында 254,9 миллиард теңгенің жұмыстары атқарылып, өсім 16,5 пайызды көрсетті. Сонымен қатар 522,2 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.

Сауда айналымы 752,4 миллиард теңгені құрады. Оның ішінде бөлшек сауда 2,6 пайызға артып, 419,5 миллиард теңгеге, ал көтерме сауда 0,1 пайызға өсіп, 331,1 миллиард теңгеге жетті.

Көлік қызметтері 469,8 миллиард теңгені құрап, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 2,7 пайызға өсті.

Дегенмен, Сарысу және Мойынқұм аудандарында өңдеу өнеркәсібі өндірісінің көлемі, Қордай ауданында инвестиция мен жеке инвестиция тарту деңгейі, сондай-ақ Мойынқұм мен Шу аудандарында құрылыс жұмыстарының көлемі, ал Жамбыл ауданында тұрғын үй құрылысы бойынша көрсеткіштер төмен деңгейде қалып отыр.

Ербол Қарашөкеев бірқатар аудан мен басқарма тарапынан жұмыстарды жоспарлау және оларды іске асыру барысында жүйелі кемшіліктердің әлі де жойылмай отырғанын баса айтты.

Сонымен бірге «Заң мен тәртіп» қағидатын ілгерлету, халықтың құқықтық мәдениетін арттыру мәселесіне де назар аударды.

Кеңейтілген кеңесте өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму қарқынына кері әсер етіп отырған олқылықтар үшін бірқатар жауапты тұлғаның жауапкершілігі қаралды.

Атап айтқанда, инвестиция және жеке инвестиция тарту көрсеткіштерінің орындалмауына байланысты Қордай ауданының әкіміне – «ескерту», оның орынбасарына – «қатаң сөгіс», сондай-ақ Мойынқұм ауданы әкімінің өнеркәсіп, құрылыс және инвестиция салаларына жауапты орынбасарларына – «қатаң сөгіс», Шу ауданы әкімінің құрылыс саласына жауапты орынбасарына да – «қатаң сөгіс» берілді.

Ербол Қарашөкеев жыл қорытындысы бойынша жоспарлы көрсеткіштерге қол жеткізілмеген жағдайда Тараз қаласы мен аудан әкімдерінің жеке жауапкершілігі қаралатынын ескертті.

Жиында бірқатар басқарма басшысы мен аудан әкімі есеп берді.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе – орындаушылық тәртіптің жай-күйі жөнінде облыс әкімі аппаратының басшысы Лесбек Ілебаевтың баяндамасы тыңдалды.

Өңір басшысы әр тапсырманың артында халықтың қажеттілігі мен сұранысы тұрғанын атап өтіп, орындаушылық тәртіп бойынша кемшіліктерге жол берген мемлекеттік органдар басшыларының жауапкершілігін қарау бойынша ұсыныс енгізізуді тапсырды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі