Өмірді сақтандыруға салғырт қарауға болмайды
Шетелдік фильмдер мен сериалдарда төтенше жағдайға тап болып, ауыр жарақат алған адамдарды ауруханаға жеткізген кезде дәрігерлердің ең алдымен «Сақтандыру полисі бар ма?» деп сұрайтынын жиі байқаймыз. Мұндай көрініс көпшілігімізге таныс болғанымен, оның астарындағы мәнге үңіле бермейміз.
Негізінде, Еуропада өмірді сақтандыру жүйесі жақсы жолға қойылған. Сол себепті шетел азаматтары сақтандырудың артықшылықтары мен мүмкіндіктерін тиімді пайдаланады. Ал бізде «өмірді сақтандыру» ұғымы әлі де жат, қоғамда оған деген көзқарас өзгеше.
Көлігін сақтандыруға да қимайтын ағайынға «өмірді сақтандыру» туралы айтсаңыз, көбісі қолын бір сілтеп, кеңесіңе селқос қарайды. Ал егер қандай да бір күтпеген жағдай туындағанда мұның қаншалықты маңызды екенін түсіндірсеңіз «Құдай сақтасын» деп қоя салады.
Бірақ жақында мен өз басымнан өткен оқиғадан кейін өмірді сақтандырудың қаншалықты маңызды екенін шын ұқтым. Таяуда жаяу жүргіншілер жолағынан өтіп бара жатқан сәтімде көлік қағып кетті. Сөйтіп, аяқ астынан аурухана жағалап, біраз уақыт дәрігерлердің көмегіне жүгінуге тура келді. Сол кезде ғана сақтандырудың адам өміріндегі рөлі мен маңызын жүрегіммен сезіндім. Егер алдын ала қамданып, сақтандыру рәсімдеген болсам, көптеген қиындық пен шығыннан аман қалатын едім.
Расымен де адам болған соң басыңнан түрлі қиын сынақтар өтпей тұрмайды. Тығырыққа тірелген адам басына сан қилы сұрақ та әуес келеді. Мұндай қысылтаяңда кім қаржылай қолдау көрсетеді? Денсаулығымды қандай қаржыға жақсартамын? Балаларымның біліміне ақшаны қайдан аламын? Зейнеткерлік жасқа толып, жұмыссыз қалғанда артық ақшасыз қалай өмір сүремін? Осылай жалғаса береді..
Санаңды торлаған қаншама күмәнді сұрақтың негізгі шешімі – өмірді сақтандыру полисін ашу. Адамның өмірі мен денсаулығымен қоса, отбасымыздағы тыныштық пен бірлік, балаларымыздың болашағы бәрімізді алаңдатады. Ал өмірден өтіп кеткенде береке бұзылып, баламыз білімсіз қалмасын, қол жайып, әркімге бір жалтақтап қалмасын десек, қазірден ойланып, қаржы жинауымыз керек. Сақтандыру бағдарламалары – жақсы құрал. Оның артықшылығы көп. Мысалы, өмірі сақтандырылған адам дүниеден өтіп кетсе, сақтандыру компаниясы оның пайдаланушысына жинап үлгерген сомасын бермейді, жинақтау мерзімі ішінде жинауы керек соманы береді.
Еліміздегі өмірді сақтандырудағы ірі компанияның бірі – Қазақстанның Халық Банкінің өмірді сақтандыру бойынша еншілес компаниясы – «Halyk-Life» АҚ. 2005 жылы құрылған компания елдегі сақтандыру сыйақыларының көлемі бойынша және «өмір сақтандыру» қаржылық көрсеткіштері бойынша көшбасшы болып отыр. 2006 жылы өмір сақтандыру лицензиясын алған. Сондай-ақ аталған компания «Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қорының» мүшесі.
«Halyk life» Акционерлік қоғамының Тараз қаласындағы филиалының директоры Лейла Зупинованың айтуынша, өмірді сақтандырудың отбасына қаншалықты маңызды екеніне көбі маңыз бермейді.
– Мысалы, көп отбасында жалғыз адам табыс табады. Сол адам бүкіл үйдің қамын жасайды. Егер ол адам алда-жалда өмірден ерте кетсе, отбасы бірден қиындыққа тап болады. Жақын адамынан айырылу – адам баласына ең ауыр сынақтың бірі. Ондай сәтте өмір тоқтап қалғандай көрінеді. Бірақ өмір жалғасады, ал артында қалған отбасы көптеген ұйымдастыру мен қаржы жағынан қиындық көреді. Құжат жинау, жерлеу рәсімін ұйымдастыру, несиелер мен қарыздарды төлеу, мүлік мәселесін шешу – мұның бәрі қайғы үстіндегі отбасының мойнына түседі. Тіпті коммуналдық қызмет ақысын, балалардың оқуына немесе пәтерақы төлеуге ақша жетпей қалуы мүмкін. Осындай жағдайда өмірді сақтандыру отбасына үлкен демеу бола алады. Егер адам тірісінде сақтандыру полисін рәсімдесе, оның отбасы қаржылық жағынан қорғансыз қалмайды. Сақтандыру төлемі уақытында төленіп, туыстарына тыныс алуға мүмкіндік береді
Бүгінде әрбір ата-ана өз баласының болашағы жарқын, ертеңі нұрлы болғанын қалайды. Осы мақсатта «Halyk Life» компаниясы «Bilim-Life» өмірді сақтандыру бағдарламасын ұсынады. «Bilim-Life» баланың білім алуына қаржы жинап қана қоймай, ата-ананы да түрлі тәуекелдерден қорғайтын тиімді қаржылық құрал.
Бағдарлама арқылы сіз баланың білім алуына қажетті қаржыны жинап қана қоймай, түрлі күтпеген жағдайлардан қорғануға да болады. Сақтандыру шартында көрсетілген тәуекелдерге сәйкес төлемдер келесі жағдайларда жүзеге асырылады: сақтандырылған тұлға шартта көрсетілген мерзімге дейін өмір сүрсе, I немесе II топтағы мүгедектік тағайындалса немесе сақтандыру мерзімі ішінде адам қайтыс болса (шартта ерекше жағдайлар көрсетілмесе).
Бағдарламаның артықшылықтары көп. Жинақ сомасына жылына 8%-ға дейін кепілдендірілген табыс беріледі, ата-ана үшін салықтық жеңілдіктер қарастырылған, жыл сайын жинаққа 5 пайыз немесе әлеуметтік осал санаттағы балалар үшін 7 пайыз мөлшерінде мемлекеттік сыйақы тағайындалады. Мерзімдік төлемдер жылына 8 пайызға дейін индексацияланады, сақтандыру қорғауы тәулік бойы және әлемнің кез келген нүктесінде қолжетімді. Бала грант жеңіп алған жағдайда жинақты толық шешіп алу мүмкіндігі бар, шартты басқа балаға қайта рәсімдеуге болады, ал сақтандыру төлемдерін кепілдендіру қоры қорғайды.
Сақтандыру мерзімі 3 жылдан 20 жылға дейін таңдалады, төлемдерді енгізу тәртібін клиент өзіне ыңғайлы түрде таңдай алады: ай сайын, тоқсан сайын, жарты жылда бір рет, жыл сайын немесе біржолғы төлем арқылы. Мемлекеттік сыйақы жалпы жағдайда жылына 5 пайыз мөлшерінде есептеледі, бірақ ол қаржы жылы бекітілген айлық есептік көрсеткіштің 100 еселенген мөлшерінен аспайды. Әлеуметтік осал санатқа жататын балалар үшін – жетім балалар, мүмкіндігі шектеулі тұлғалар, төрт және одан көп баласы бар отбасылардың балалары, сондай-ақ жан басына шаққандағы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен аз отбасылардың балалары – сыйақы жылына 7 пайыз мөлшерінде есептеледі.
Бұл бағдарлама баланың білім алуына қаржылық мүмкіндік беретін және күтпеген жағдайлардан қорғайтын игі бастама, – дейді филиал директоры.
Сөзімізге дәлел, «Halyk life» АҚ-да өмірін сақтандырған екі баланың әкесі өмірден өткен соң, компания төлем жасап, оның 3 миллион несиесін толық жапқан екен. Сақтандыру полисі көмегінің арқасында отбасы баспанасынан айырылмаған. Қалған ақша күнделікті қажетке жұмсалған. Осылайша отбасы қиын кезеңде де өмірін жалғастыра алған. Демек өмірді сақтандыру дегеніміз – адам мен сақтандыру компаниясы арасындағы келісім.
Алайда филиал директоры Лейла Зупинова өмірді сақтандыруға көпшіліктің сенімсіздікпен қарайтынын айтады.
– Өмірді сақтандыруға тұрғындар әлі сенімсіздікпен қарайды. Себебі елімізде сақтандыру мәдениеті қалыптаса қойған жоқ. Көп адам бұл жүйеден бейхабар және артық шығын деп ойлайды. Кейбіреулер компания ақша төлемейді деп күдіктенеді. Алайда бұл дұрыс түсінік емес. Қазір елімізде ірі сақтандыру ұйымдары мыңдаған адамға көмек беріп, тұрақты түрде төлем жасап келеді.
Өмірді сақтандыруды рәсімдеу қарапайым. Клиент halyk-life.kz сайтына кіріп, барлық бағдарламалармен таныса алады. Онда жинақтаушы, отбасылық және несиелік сақтандыру түрлері бар. Онлайн калькулятор арқылы полистің бағасын есептеп, өтініш беруге болады. Сондай-ақ «Halyk Bank SuperApp» немесе «Halyk Life» мобильді қосымшалары арқылы да рәсімдеуге болады. Мәліметтер автоматты түрде енгізіледі. Клиент бағдарлама таңдап, онлайн төлем жасап, полисті электронды түрде алады. Кімге кеңес алып, бетпе-бет сөйлесу ыңғайлы болса, «Halyk Life» кеңсесіне немесе сақтандыру кеңесшілеріне баруына болады. Мамандар бәрін түсіндіріп, жеке бағдарлама таңдауға көмектеседі, – дейді Лейла Саитқызы.
Сондай-ақ аталған компанияның «Бәйтерек» бағдарламасы арқылы әр қатысушы өзіне жинақ қалыптастырып, кепілдендірілген сақтандыру сомасына ие болады. Үшінші жылдан бастап компания пайдасынан үлес алып, дивиденд түрінде қосымша табыс табуға мүмкіндік бар. Бағдарлама алты қосымша қорғаныс түрін ұсынады. Тарқатып айтсақ, жазатайым жағдайда қайтыс болу, уақытша еңбекке жарамсыздық, жарақат алу, бірінші және екінші топтағы мүгедектікке ұшырау, сондай-ақ ауыр ауру жағдайында төлем алу мүмкіндігі. Қосымша сақтандырудың бірнеше түрі бар. Егер адам жазатайым оқиға салдарынан қайтыс болса, оның туыстары 500 мыңнан 1,5 миллион теңгеге дейін төлем алады. Клиент қосымша сақтандыруды таңдаса, бұл сома негізгі төлемге қосылып беріледі. Адам жазатайым жағдайда бірінші немесе екінші топтағы мүгедектікке ұшыраса, оған да келісімшарттағы сома төленеді. Бұл төлем барлық құжат тапсырылғаннан кейін 30 күн ішінде аударылады. Егер адам сырқаттанып, уақытша жұмысқа жарамсыз болса, оған күн сайын сақтандыру сомасының 0,2 пайыз мөлшерінде төленеді. Төлем жетінші күннен бастап есептеледі және ең көбі 60 күнге дейін жалғасады. Ауыр дерт анықталған жағдайда компания толық сақтандыру сомасын төлейді. Бұл төлем диагноз қойылғаннан кейін 15 жұмыс күні ішінде беріледі.
– Бағдарламаға қатысушылар бірнеше артықшылыққа ие болады. Жинақ мерзімі ішінде сақтандыру қорғауы үздіксіз жүреді. Сақтандыру жарналарын төлеген адам жеке табыс салығын есептеу кезінде салықтық жеңілдіктер алады. Полис тәулігіне 24 сағат, жылына 365 күн бойы және әлемнің кез келген жерінде жарамды. Клиент өз қалауы бойынша қосымша сақтандыру түрлерін таңдап, оларды түрлі комбинацияда біріктіре алады. Сондай-ақ полис бойынша кепіл ретінде несие алуға мүмкіндік бар. Компанияның пайдасына қатысу арқылы қосымша табыс табуға жол ашылады.
2025 жылдың 1 қыркүйегіне дейін сақтандыру компанияларының таза пайдасы 188,6 млрд теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 41%-ға өскен. Былтыр бұл көрсеткіш 133,4 млрд теңге болған. Биылғы жылдың өзінде 17,2 млн сақтандыру шарты жасалып, өткен жылмен салыстырғанда 16,2%-ға артқан. Нарықтағы ең белсенді бағыт – өмірді сақтандыру. Бұл саладағы келісімшарттар саны бір жыл ішінде 107,9%-ға өсіп, биылғы 8 айдың қорытындысы бойынша жиналған сақтандыру сыйақыларының жалпы көлемі 1,1 трлн теңгеге жеткен. Оның ішінде ерікті жеке сақтандыру 542,2 млрд теңгеге жетіп, 15,2%-ға, ал өмірді сақтандыру 160,3 млрд теңгеге өсіп, 19,3%-ға артқан.
Сонымен қатар, биылғы 30 маусымнан бастап өмірді сақтандыру мемлекеттік кепілдік жүйесіне енгізілді. Енді өмірді сақтандыру түрлері де мемлекет қорғауында болады. Бұған дейін кепілдік тек міндетті сақтандыру мен зейнетақы аннуитеттеріне ғана берілетін. Өмірді сақтандыру адамның өмірін қорғаумен қатар, болашаққа қаржы жинауға мүмкіндік береді. Бұл жинақ зейнетке, баланың оқуына, үлкен сатып алуға немесе күтпеген жағдайға дайын болуға жол ашады, – деп түсіндіріп өтті филиал директоры Л.Зупинова.
Сөз басында айтқандай, шетелдерде өз өмірін сақтандыратындардың қатары қалың. Тіпті кейбір мемлекеттерде бұл үрдіс міндеттелген. Ал біздің елімізде өз өмірін сақтандырушылардың саны мүлде аз. Пайызбен көрсетсек, 1 пайыздан аспайды.
Расымен елімізде насихаты төмен болып тұрған өмірді сақтандыру жүйесі шынтуайтында көп қиындықтан құтқарары анық. Бірақ мақала барысында айтылғандай, түрлі себептің һәм немқұрайдылықтың әсері дейміз бе, бұған мән берілмей келеді. Демек, әлі де қоғамдағы қаржылық сауаттылықты арттыру керек екені түсінікті болып отыр.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ