Үндістанның жетекші сот ғылымдары университеті Қазақстанда өз филиалын ашады
Қазақстанда Үндістанның сот сараптамасы және IT-криминалистика бойынша жетекші университетінің филиалы ашылады, деп хабарлайды arainfo.kz
Қазақстанда сот сараптамасы, киберқауіпсіздік және цифрлық криминалистика салалары бойынша мамандар даярлауға арналған халықаралық деңгейдегі жаңа білім ордасы ашылмақ. ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Ішкі істер министрлігі Үндістанның Ұлттық сот ғылымдары университетінің (NFSU) филиалын ІІМ Басқару академиясы базасында құру бойынша бірлескен жұмысты бастап кетті.
Осыған орай академия алаңында үшжақты кездесу өтті. Оған ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Ішкі істер министрінің орынбасары Айдар Сайтбеков және Үндістанның Ұлттық сот ғылымдары университетінің өкілі Шри Джадежа қатысты.
Кездесуде Қазақстанда NFSU филиалын ашу және бірлескен білім беру бағдарламаларын жүзеге асыру мәселелері талқыланды. Жоба құқық қорғау органдары үшін киберқауіпсіздік, цифрлық криминалистика, сот сараптамасы және қылмыстық тергеу бағыттарында жоғары білікті мамандар даярлауға мүмкіндік береді.
Келіссөздер нәтижесінде университет филиалын ІІМ Академиясы базасында ашу және қос дипломды бағдарламаларды енгізу туралы келісім жасалды. Сондай-ақ тараптар кадр даярлау, ғылыми зерттеулер жүргізу және құқықтық инновацияларды дамыту бағыты бойынша ынтымақтастықты кеңейтпек.
Жоба Қазақстанның Орталық Азиядағы ғылыми-білім беру орталығы ретінде позициясын күшейтіп, сот сараптамасы мен киберқауіпсіздік салаларындағы ұлттық әлеуетті арттыруға ықпал етпек.