Цифрлық Қазақстан

Жүргізуші куәлігін алу жеңілдеді

Елімізде мемлекеттік қызметтерді цифрландыру бағытында тағы бір маңызды қадам жасалды. Енді алғаш рет жүргізуші куәлігін алу немесе көлік сатып алу-сату шартын рәсімдеу үшін мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарына барудың қажеті жоқ. Барлық процесс толықтай онлайн форматта – «ЦОН» мобильді қосымшасы арқылы жүзеге асады. Бұл бастаманы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы мен Ішкі істер министрлігі бірлесіп іске асырып отыр. Пилоттық жоба 2026 жылдың 1 қыркүйегіне дейін жалғасады.

Жаңа жүйенің енгізілуімен жүргізуші куәлігін алғаш рет алғысы келетін азаматтар өтінішті мамандандырылған ХҚКО-ға бармай-ақ, яғни «ЦОН» мобильді қосымшасы арқылы бере алады. Қосымша өтініш берушінің деректерін мемлекеттік базалармен автоматты түрде салыстырады. Жүйе медициналық анықтаманың бар-жоғын, автомектепті аяқтау туралы куәлікті, психоневрологиялық және наркологиялық диспансерлерде есепте тұрмағанын, сондай-ақ бұрын жүргізуші куәлігінен айырылмағанын тексереді. Барлық тексеріс электрондық форматта, ешқандай қағаз анықтамасыз жүргізіледі. Өтініш мақұлданған соң пайдаланушы өзіне ыңғайлы уақытта теориялық және практикалық емтихан тапсыруға жазыла алады. Мемлекеттік баж төлемі емтиханды сәтті тапсырғаннан кейін ғана төленеді. Бұл төлем де онлайн форматта жүргізіледі. Құжатты рәсімдеу барысы өзгеріссіз – «Азаматтарға арналған үкімет» қызметкерлері жүргізеді. Жаңа тәсіл азаматтарға уақыт үнемдеп, қағазбастылықтан арылуға мүмкіндік береді. Мамандардың айтуынша, бұл – цифрлық мемлекет құру жолындағы маңызды кезең.

Мемлекеттік корпорация сонымен қатар «ЦОН» мобильді қосымшасына жаңа «Көлік тарихы» сервисін енгізді. Бұл қызмет арқылы азаматтар Қазақстанда тіркелген кез келген автокөліктің толық тарихын тексере алады. Сервис көліктің тіркелу және қайта тіркелу деректерін, кепіл немесе тыйым салу фактілерін, әкімшілік айыппұлдарын, кедендік рәсімдеу мен утилизациялық алым төлемдерін, ерекше белгілер мен бұрын берілген техпаспорттар туралы мәліметтерді қамтиды. Ақпарат мемлекеттік деректер қорынан нақты уақыт режимінде алынады. Тексеру үшін көліктің VIN-кодын енгізу жеткілікті. Қызметтің бағасы 500 теңге, сондай-ақ 10 тексеріс үшін 4 500 теңге және 20 тексеріс үшін 8 000 теңге көлеміндегі тиімді ұсыныстар да қарастырылған. Мамандардың пікірінше, бұл сервис автонарықтағы алаяқтықтың алдын алып, көліктің заңды «тазалығын» тексеруге көмектеседі. Енді көлік сатып алар алдында әр азамат бірнеше минут ішінде оның тарихын анықтай алады.

2025 жылдың 2 қыркүйегінен бастап «ЦОН» мобильді қосымшасында тағы бір жаңа мүмкіндік пайда болды. Бұл – автокөлікті сату-сатып алу шартын онлайн рәсімдеу қызметі. Бұрын бұл үшін азаматтар мамандандырылған ХҚКО-ға барып, QR-код арқылы қол қоюы тиіс еді. Енді барлығы цифрлы түрде жүзеге асады: сатушы мен сатып алушы келісімді қосымша арқылы жасап, оған электрондық цифрлық қолтаңбамен қол қояды. Рәсімделген шарттың барлық деректері мемлекеттік жүйеде сақталады және заңды күшке ие болады. Бұл тәсіл жеке деректердің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, мәміле процесін айтарлықтай жеңілдетеді. Қызметтің құны – 1 500 теңге.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының өкілдері атап өткендей, бұл бастамалар азаматтар мен мемлекет арасындағы қарым-қатынасты жеңілдетіп, қызмет алуды барынша ашық әрі ыңғайлы етуге бағытталған. Цифрландыру – тек уақыт үнемдеу емес, сонымен қатар адами факторды азайтып, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетудің тиімді тетігі. 2026 жылға қарай барлық пилоттық жобалар толық іске асырылып, Қазақстанда жүргізуші куәлігін рәсімдеу мен автокөлікке қатысты негізгі операциялардың барлығы онлайн форматқа толық көшеді деп күтілуде.

«ЦОН» мобильді қосымшасындағы жаңа сервистер – қазақстандықтардың цифрлық өмір сапасын арттырып, мемлекеттік қызметтердің барынша қолжетімді болуын қамтамасыз ететін үлкен қадам. Енді бар болғаны смартфон мен интернеті бар азамат бірнеше минут ішінде көлік тарихын тексеріп, сатып алу шартын жасай алады және жүргізуші куәлігіне өтінім бере алады. Бұл – болашақтағы қағазсыз, тиімді әрі ашық мемлекеттік қызмет көрсету жүйесінің бастауы.

Айжан ӨЗБЕКОВА