Жылына 900 миллион бонус беріледі
Бірнеше жылдан бері «Halyk» банк «Баға ал да, бонус ал» акциясы арқылы оқуда үздік шыққан балаларды қаржылай қолдап, демеушілік танытуда.
«Баға ал да, бонус ал» акциясы 2023 жылдың қыркүйек айынан бастау алған. «Kundelik» платформасымен бірлескен жоба алғашында 5-11-сынып оқушыларын қамтып, үздік атанғандарға 10 балл үшін 100 теңге бонус берілген.
Алайда биылғы жылдан бастап ереже өзгертіліп, барлық өңірден озат 1000 оқушы іріктеліп, жеңімпаздарға 100 мың бонус берілетін болады. Сонымен қатар қатысу кеңістігі ұлғайып, жобаға бастауыш сыныптары, яғни 2-4-сынып оқушылары да қосылған. Бұл жөнінде толық мәлімет алу үшін «Halyk» банкінің мамандарына хабарласып, мән-жайды анықтап көрдік. Сұрақтарымызға жауап берген Дильназ Біржан биылдан бастап жоба форматы өзгергенінен хабардар етті.
Банк қызметкерінің айтуынша картаға түскен бонустарды кез келген сауда-саттық орталықтарында пайдалануға болады.
Демек ай сайын 1000 оқушыға 100 мың бонустан берілсе, бір айда жалпы сомасы 100 миллион бонус оқушылардың жеке картасына түседі. Бір оқу жылында 900 миллион бонус жеңімпаздардың шотына аударылады.
Осы орайда жоба жайлы ата-аналармен де тілдесіп көрдік. Бірі бұл жоба туралы естімеген болса, енді бірі жеңімпаз атанып қалармыз деген үмітпен отыр. Мәселен Тараз қаласының тұрғыны Әйгерім Кадырқызы 5 баланың анасы. Оның айтуынша бір айда 100 мың бонус берілсе, ол үшін үлкен жеңілдік болар еді.
Иә, баланың болашағына алаңдау, олардың оқуға деген ынтасын арттырып, қаржылық сауаттылығын да жетілдіру әр адамның мақсаты екені анық. Дегенмен айтылған сөз бен бастау алған жоба нақты іске асырылса деген ниеттеміз.
Мұқағали БАЛТАБАЕВ