Экономика

Тұрғын үй саясаты нәтижесін беруде

Облыста бірнеше жылдан бері құрылыс саласында қызу жұмыс жүріп жатқаны белгілі. Оның ішінде биыл облыс әкімдігінің құрылыс басқармасы арқылы жалпы құны 285,9 миллиард теңге болатын 184 жоба қолға алыныпты. Аталған жобаларға бюджеттен 92,5 миллиард теңге бөлініп, тиісті жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Олардың 139-ы биыл толық аяқталып, пайдалануға берілуі тиіс болса, 45 нысан келесі жылға өтпелі болып есептеледі.

ҚҰРЫЛЫС ҚАРҚЫНЫ ҚАЛЫПТЫ ДЕҢГЕЙДЕ

Атап айтқанда, осы жылы тұрғын үй бағытында 52 нысан салынып жатса, оның 50-ін биыл ел игілігіне ұсыну жоспарланған, ал 2 жоба келер жылға өтпелі. Инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым бойынша 63 нысан бар, оның 50-і биыл бітеді, 13-і келесі жылға қалады. Сонымен қатар сатып алу шартымен 1 415 пәтер берілмек. Оның 361-і республикалық бюджет есебінен, 1 054-і облигациялық қаражат арқылы жүзеге асуда. Облыс әкімдігі құрылыс басқармасының басшысы Ерлан Орынбаевтың айтуынша, жалпы жоспар бойынша 2027 жылға дейін облыс аумағында 9 мың пәтерге арналған 153 тұрғын үй бой көтеруі тиіс. Мәселен, 2023 жылы 1 724 пәтерден тұратын 29 үй салынса, өткен жылы 1 905 пәтерді құрайтын 35 тұрғын үй бой көтеріпті. 2025 жылы 1 836 пәтерлік 30 үй, 2026 жылы 1 860 пәтері бар 31 тұрғын үй, 2027 жылы 1 800 пәтерді құрайтын 30 үй салу жоспарланған. Алайда тұрғын үй саясатына енгізілген өзгерістерге байланысты аудандарда жалға берілетін үйлер салуға республикалық бюджеттен қаржы бөлу тоқтатылған екен. Осыған орай кезектегі азаматтарды баспанамен қамту ісі «Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» шеңберінде жүзеге асырылуда. Нақты айтқанда, бастапқы нарықтағы, сондай-ақ көпқабатты тұрғын үйлерді қайта реконструкциялау шеңберінде пайдалануға берілген және жеке кәсіпкерлер салған тұрғын үйді немесе пәтерді сатып алу тетігі арқылы жандана түсуде. Бұл бағытта жыл сайын бюджеттен қомақты қаржы бөлінуде. Облыста коммуналдық тұрғын үй қорынан пәтер алу кезегіне 40 174 азамат тіркеліпті. Оның 30 045-і – әлеуметтік осал топтағы азамат. Өткен жылдың қорытындысымен облыс аумағында 759 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, 2023 жылмен салыстырғанда 104,5 пайызға артыпты. Атап айтқанда, арендалық тұрғын үй бағытымен 3 көпқабатты үй пайдалануға берілген. Онда жалпы 148 пәтер бар. Бұл жобалардың құрылысына 1,3 миллиард теңге қаржы жұмсалған. Мұндай үйлер негізінен әлеуметтік жағынан аз қамтылған және баспана кезегінде тұрған азаматтарға жалға беріледі. Кредиттік тұрғын үй бағыты бойынша 23 үй салынды. Онда 1 011 пәтер бар, құрылысқа 15,3 миллиард теңге бөлінді. Бұл бағдарлама негізінен «Отбасы банк» арқылы жеңілдетілген несие шартымен тұрғындарға беріледі. Ал сатып алу тетігі арқылы 1 671 пәтер халыққа ұсынылды. Бұл бағытқа 23,2 миллиард теңге қаражат жұмсалған. Мұнда дайын пәтерлер нарықтан сатып алынып, кейін азаматтарға сатылу немесе бөлу арқылы берілді. Осылайша былтыр облыс бойынша мыңдаған отбасы жаңа пәтерге қол жеткізіпті. Тұрғын үй құрылысы мен баспанамен қамту бағдарламаларының арқасында өңірде тұрғындардың өмір сапасын арттыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді. 2025 жылы пайдалануға берілетін тұрғын үй көлемін 100,8 пайызға орындап, 765 мың шаршы метр тұрғын үй беру жоспарланыпты. Оның 33 пайызы бюджет қаражаты есебінен, 67 пайызы жекеменшік қаражаты есебінен салынуда. Қаңтар-тамыз айының қорытындысымен 403,3 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, былтырғы жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда меже 102,8 пайызға асыра орындалыпты. Жалпы құрылыс саласына 390,8 миллиард теңге инвестиция тартылып, құрылыс жұмыстарының көлемін 113 пайызға асыра орындау жоспарланған екен. Қаңтар-тамыз айының қорытындысымен құрылыс жұмыстарының көлемі былтырғы тиісті кезеңмен салыстырғанда 119,6 пайызға асыра орындалған. 2025 жылы облыста арендалық тұрғын үй бойынша 1 көпқабатты үйдің құрылысы жүргізілуде. Онда 90 пәтер бар, жобаның жалпы құны – 1,7 миллиард теңге. Кредиттік тұрғын үй бағытында 43 көпқабатты үй салынып жатыр екен. Онда барлығы 1 940 пәтер қарастырылған, құрылысына 12,8 миллиард теңге бөлініпті. Ал сатып алу тетігімен 1 415 пәтер беріледі. Бұл бағытқа 21,5 миллиард теңге қаражат жұмсалуда.

 

ЖЕКЕ ТҰРҒЫН ҮЙ САЛУ ҮШІН ЖЕР ТЕЛІМДЕРІ ҮЛЕСТІРІЛУДЕ

Облыста жеке тұрғын үй салуға арналған жер телімдерін беру және оған қажетті инженерлік инфрақұрылымды дайындау жұмыстары да қарқынды жалғасуда. Жалпы жоспар бойынша 2027 жылға дейін жеке тұрғын үй салу үшін 31 тұрғын алқаптан кемінде 13,3 мың жер телімі шетінен үлестірілуде. Оның ішінде 2023 жылы 2 алқаптан 869, былтыр 11 алқаптан 4 185 жер телімі халыққа беріліпті. Биыл 7 алқаптан 5 574, келер жылы 11 алқаптан 2 744 жер телімін беру көзделіпті. Қазір облыс бойынша жеке тұрғын үй салуға жер алу үшін 206 941 азамат кезекке тұрыпты. Оның ішінде Тараз қаласында – 130 456, Байзақта – 12 226, Жамбыл ауданында – 11 990, Жуалыда – 6 146, Қордайда – 11 552, Меркіде – 13 054, Мойынқұмда – 282, Т.Рысқұловта – 8 597, Сарысуда – 1 217, Таласта – 978, Шу ауданында 10 443 адам кезекте тұр. Осы бағыттағы инфрақұрылымдық жобалар бес сала бойынша жүзеге асырылып жатыр екен. Атап айтсақ, бұл жұмыстар жаңа тұрғын алқаптарды инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, бұрынғы тұрғын алқаптардың аумағын кеңейту және инженерлік желілер тарту, көпқабатты тұрғын үйлерге арналған ішкі инженерлік жүйелерді салу бағыттары бойынша жүзеге асуда. Сондай-ақ Тараз қаласы мен Талас ауданындағы индустриалды аймақтарға инженерлік желілер тарту, әлеуметтік нысандарды инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, оның ішінде «Келешек мектептері» жобасы бойынша 2 мектеп, «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы бойынша 12 нысанға инфрақұрылым тарту ісі бар. Биыл осы жұмыстарға бюджеттен 11,3 миллиард теңге бөлініпті. Бұл қаржыға 63 инженерлік инфрақұрылым нысанының құрылысы жүргізілуде. Нәтижесінде биыл төрт жаңа тұрғын алқапта жеке тұрғын үй салуға арналған 1 130 жер телімі дайындалуда. Олар – Меркі, Тескентоған және Аққайнар елді мекендерінің аумақтарында орналасқан. Қазіргі таңда 14 инженерлік инфрақұрылым желісінің құрылысы толық аяқталған көрінеді. Оның ішінде Тараз қаласының «Ұлы дала» ықшамауданындағы магистралдық электр желілері кеңейтілген. Сондай-ақ Сүлейменов көшесіндегі бірқатар тұрғын үйдің инженерлік желілері тартылып, аумағы абаттандырылған, Қордай ауданындағы Ауқатты ауылында су құбыры тартылып, Қаратауда су және кәріз жүйесінің екінші кезеңі аяқталған.

 

ТҰРҒЫН ҮЙЛЕР ЖАҢҒЫРТЫЛУДА

Жыл сайын өңірде тұрғын үйлер кезең-кезеңімен жаңғыртылуда. Ескі үйлердің шатыры, жертөлесі, қасбеті, жылу және су жүйелері жөнделуде. Облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ғалым Исақов Тараз қаласының тұрғын үй қорында 1 438 көппәтерлі тұрғын үй бар екенін айтады. Оның ішінде 151-і барак типтес үйлер болса, 1 287-сі екі қабатты және одан жоғары үйлер екен.

Облыс әкімдігі мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы Айтқазы Қарабалаевтың сөзіне сүйенсек, тұрғын үй құрылысын жүргізуде заңсыздыққа жол берілген жағдайлар ескерусіз қалып отырған жоқ.

Жалпы Әулиеата өңірінде тұрғын үй құрылысы қарқынының барысы осындай. Қала мен аудандарда жаңа ықшамаудандар мен тұрғын алқаптар ашылып, жұртшылыққа жайлы баспана ұсыну бағытындағы жұмыстар жемісін беруде. Бұл істе мемлекет қаржысы мен жеке инвесторлардың үлесі қатар артып келеді. Жаңғыртылып жатқан ескі ғимараттар да қаланың келбетін көркейтіп, халықтың өмір сапасын арттыруға үлес қосуда.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ