Бюджет – 2026: қай бағыттарға басымдық беріледі?
Жыл аяқталуға жақын. Бұл уақытта межелі міндеттердің орындалуы сараланып, жаңа жоспарлар айқындалады. Қазір өңірлер «2026-2028 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңнан көп үміт күтіп отыр. Өйткені берілген уәделер мен белгіленген жобалардың жүзеге асуы қазынадан қаралатын қаржыға тікелей байланысты.
Жуырда Парламент Мәжілісінде өткен пленарлық отырыста 2026-2028 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы және республикалық, облыстық бюджеттердің, республикалық маңызы бар қалалардың, астана бюджеттерінің арасындағы осы жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттер көлемі туралы заңдардың жобалары қаралды. Заң жобалары Бюджет кодексінің талаптарына және Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес әзірленді.
Жиын барысында Мәжіліс депутаттары Үкімет мүшелеріне сауалдарын қойып, ұсыныстарын айтты. Солардың бірі – Берік Бейсенғалиев. Ол 2026-2028 жылдарға арналған бюджет жобасы туралы, алдағы 3 жылда Үкімет экономиканы нығайта түсу үшін қандай нақты шараларды көздеп отырғанын сұрады.
Мәжілістің жалпы отырысында ұлттық компаниялардан мемлекеттік бюджетке түсетін дивидендтерді қысқарту туралы қойған депутат сауалына жауап берген Премьер-министр ұлттық компаниялар өңірлерде ірі инвестициялық және әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру үшін қомақты қаржы бөліп жатқанын айтты. Ал бұл қаражаттардың жұмсалуының ашықтығы бүгінде қолданыстағы заңнамамен қамтамасыз етілгенін атап өтті.
Алқалы жиында Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин депутаттардың қарауына елдің 2026-2028 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамын енгізді.
Премьер-министрдің орынбасары базалық нұсқаға сәйкес 2026 жылы жалпы ішкі өнімнің нақты өсуі 5,4 пайызды, 3 жылдағы орташа жылдық өсуі 5,3 пайызды құрайтынын атап өтті. Номиналды жалпы ішкі өнім 2026 жылғы 183,8 триллион теңгеден 2028 жылы 229,8 триллион теңгеге дейін өседі. Экономиканың өсуі нақты сектор мен қызмет көрсету саласындағы өсудің есебінен қамтамасыз етіледі.
Қазақстанның өңдеу өнеркәсібінде инвестициялық жобаларды жүзеге асыру есебінен өсу қарқыны 2026 жылғы 6,2 пайыздан 2028 жылы 6,6 пайызға дейін ұлғаятыны болжанып отыр.
Үш жылдағы орташа өсім тау-кен өнеркәсібінде 2,8, ауылшаруашылығында – 3,9 құрылыста – 11, көлік қызметтерінде – 10,1, саудада 6,7 пайызды құрайды. Экспорт 2026 жылғы 77,1 миллиард АҚШ долларынан 2028 жылы 83,7 миллиард долларға дейін, импорт 67,7 миллиард доллардан 75,2 миллиард долларға дейін өседі деп болжануда.
Бұл ретте инфляция болжамы 2026 жылы 9-11 пайыз, 2027-2028 жылдары орташа 6 пайыз деңгейінде айқындалған. Макроэкономикалық көрсеткіштердің болжамы негізінде 2026-2028 жылдарға арналған бюджет пен Ұлттық қор параметрлерінің болжамы қалыптастырылды.
Серік Жұманғарин мемлекеттік қаржы параметрлерінің жай-күйі туралы баяндады. Қазақстанның салық-бюджет саясаты мемлекеттік қаржының орнықтылығы мен теңгерімділігін қамтамасыз етуге, бюджет тапшылығын азайтуға бағытталғаны атап өтілді.
Бюджетті болжау бюджет қағидалары мен Мемлекеттік қаржыны басқарудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасында белгіленген нысаналы бағдарларға негізделген.
Сондай-ақ фискалдық және мұнай емес тапшылықтардың мәндері 2026 жылы жалпы ішкі өнімге шаққанда 2,5 пайыз және 4,9 пайыз деңгейінде айқындалғаны, кейіннен 2028 жылы жалпы ішкі өнімге шаққанда 0,9 пайызға және 2,7 пайызға дейін төмендеуі болжанып отырғаны атап өтілді. Осыны ескере отырып, Үкіметтің қарызы 2026 жылы жалпы ішкі өнімге 21,4 пайыз деңгейінде болады, 2028 жылы 19,6 пайызға дейін төмендейді, бұл белгіленген ковенанттардан аспайды.
Басқосуда Қаржы министрі Мәди Такиев «2026-2028 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасы бойынша баяндама жасай отырып, құжаттың 2030 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық даму болжамы негізінде Бюджет кодексіне сәйкес дайындалғанын атап өтті.
Ведомство басшысы биылғы бюджетті қалыптастыру ең жауапты және күрделі процестердің бірі болғанын айтты. Оның айтуынша, бұл – нәтиже мен тиімділікке бағдарланған жаңа Бюджет кодексінің қолданылу аясында қалыптастырылған алғашқы бюджет.
Сондай-ақ Мәди Такиев 2026 жылға арналған бюджеттің негізгі параметрлері туралы баяндады.
Экономиканың өсіміне, жаңа Салық кодексінің қабылдауына, оның ішінде салықтық және кедендік әкімшілендіруге байланысты осы жылмен салыстырғанда кірістер 3,6 триллион теңгеге артып отыр. Бұл мемлекеттік қаржының тұрақтылығына алып келеді. Бюджет шығыстары 27,8 триллион теңгені құрады.
Министр Үкіметтің басты міндеті – құрылымдық реформалар және шығындардың тиімділігін күшейту арқылы азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту екенін жеткізді. Негізгі шешімдердің бірі – әлеуметтік төлемдерді тағайындаудың цифрлық тетіктерін дамытуды бастау және проактивті форматқа көшу. Бұл адами факторды азайтады, бюрократияны төмендетіп және көмек көрсетуді тездетеді.
Қаржы министрлігінің мәліметінше, денсаулық сақтау саласына 2,7 триллион теңге қарастырылған. Биылмен салыстырғанда бұл қаражат 107 миллиард теңгеге артық. Бұл медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Білім және ғылым саласына 901,7 миллиард теңге жоспарлануда. Білім беру процесінің сапасын жақсарту, дарынды жастарды қолдау және ғылыми орталықтарды дамыту бойынша басымдықтар сақталуда.
2026 жылы мәдениет, туризм және спортты дамытуға 263,5 миллиард теңге қарастырылған. Мемлекет басшысының тұрақты экономикалық өсуді қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында мемлекеттік қолдау шараларына кешенді талдау жүргізілді.
Бұдан бөлек 2026 жылы экономиканы ынталандыруға баса назар аударылуда. Нақты секторды дамытуға жұмсалатын қаражаттың жалпы көлемі 540 миллиард теңгеге артып, 3,7 триллион теңгені құрайды. Бұл шаралар жаңа салалық өсу драйверлерін іске қосуға және елдің инвестициялық әлеуетін нығайтуға мүмкіндік береді.
Негізгі басымдықтардың бірі өңірлерді дамыту болып қала береді. Өңірлерді дамытуға 2026-2028 жылдарға 581 миллиард теңге қарастырылған, оның ішінде 2026 жылы 300 миллиард теңге бөлінеді. Бұл жобалар аса маңызды және жалпыхалықтық маңызға ие. Әкімдіктердің дербестігін арттыру мақсатында 2026 жылы өңірлерге трансферттер арқылы 5,1 триллион теңге бағытталады.
Күштік құрылым блогына келесі жылы 3 триллион теңге бөлінеді, бұл биылмен салыстырғанда 335 миллиард теңгеге артық. Осылайша 2026 жылы қорғаныс шығындары жалпы ішкі өсімнің 1 пайызын құрайды.
Қаражат тек жауынгерлік дайындықты қолдауға ғана емес, сонымен қатар жүйелік инновацияларды жүзеге асыруға да жұмсалады.
2023 жылдың қазан айында Арнаулы мемлекеттік қор құрылғаны атап өтілді. Биыл қазан айында қорға жалпы түсімдер 490 миллиард теңгені құрады, оның ішінде 459 миллиард теңгеге еліміздің барлық өңірінде сумен жабдықтау, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт саласындағы 452 әлеуметтік жобалар қаржыландырылды.
Көп ұзамай Мәжіліс депутаттары Палата Спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен өткен жалпы отырыста 2026-2028 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы және республикалық, облыстық бюджеттер, республикалық маңызы бар қалалар, астана бюджеттері арасындағы 2026-2028 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттердің көлемі туралы заңдарды қабылдады. Құжаттар Премьер-министр Олжас Бектенов пен Үкімет мүшелерінің қатысуымен қаралды.
«2026-2028 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасын таныстырған Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин 2026 жылы кірістер биылғы болжаммен салыстырғанда 4,7 триллион теңгеге артып, 19,2 триллион теңгені құрайтынын мәлімдеді. Жоспарлы кезеңде олардың көлемі 2028 жылға қарай 23,2 триллион теңгеге дейін өседі деп болжанып отыр. Республикалық бюджет шығындары 2026 жылы 27,7 триллион теңгені, 2027 жылы 28,8 триллион теңгені, 2028 жылы 29,8 триллион теңгені құрамақ.
Қаржы министрі Мәди Такиев бюджет әлеуметтік салаға бағдарланған күйінде қалып отырғанын атап өтті. 2026 жылы әлеуметтік салаға 10,7 триллион теңге, оның ішінде әлеуметтік төлемдерге 6,8 триллион теңге, адами капиталға салынатын инвестицияларға 3,9 триллион теңге бөлінеді. Сонымен қатар экономиканы ынталандыруға 1,2 триллион теңге бағыттау жоспарланып отыр, бұл салалық өсудің жаңа драйверлерін ашуға мүмкіндік береді.
Негізгі басымдықтардың бірі болып өңірлерді дамыту қала береді. Бұл мақсаттарға 2026-2028 жылдары 581 миллиард теңге бөлінбек, соның ішінде 2026 жылға 300 миллиард теңге қарастырылған. Бұл жобалар аса маңызды және республикалық маңызы бар жобалар болып белгіленді. Әкімдіктердің өз бетінше жұмыс жүргізу мүмкіндіктерін арттыру үшін 2026 жылы өңірлерге трансферттер арқылы 5,1 триллион теңге бөлінеді.
Заң жобасын қарау нәтижесінде депутаттар жалпы сомасы 2 триллион теңгеден асатын 130-дан астам түзету енгізуді ұсынды.
Соның ішінде 2026 жылы өңірлерді дамытуға Үкімет резерві есебінен қосымша 30 миллиард теңге бөлу көзделген. Бұл қаражат жылу және электр энергетикасына, газбен, сумен жабдықтау жүйелерін жаңғыртуға, жағалауларды нығайтуға және басқа да басым бағыттарға жұмсалады.
Сондай-ақ ұлттық экономиканың тұрақтылығы мен бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету үшін заң жобасына 1 триллион теңгені қайта бөлу бойынша түзетулер енгізілді. Ол отандық өндірісті дамытуға, өнеркәсіптік кәсіпорындарды қолдауға, елдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға және аграрлық секторды технологиялық жаңғырту арқылы еңбек өнімділігін арттыруға бағытталады.
Республикалық, облыстық бюджеттер, республикалық маңызы бар қалалар, астана бюджеттері арасындағы 2026-2028 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттердің көлемі туралы құжатты түсіндіре отырып, Серік Жұманғарин 2026 жылға субвенциялар 5,1 триллион теңге, ал алып қою 879,9 миллиард теңгені құрайтынын айтты. Жалпы сипаттағы трансфеттердің көлемдерін айқындау кезінде қазіргі нысаналы трансферттерден басқа агроөнеркәсіп кешенін субсидиялауға, үнемді суару технологияларын енгізуге, жаңадан іске қосылатын нысандарды күтіп ұстауға арналған және басқа да шығыстар ескерілген.
Депутаттар мемлекеттік борышқа қызмет көрсетуге арналған шығыстар есебінен өңірлерге берілетін субвенциялар көлемін 16,5 миллиард теңгеге ұлғайтуды ұсынды. Бұл қаражат елді мекендердің әлеуметтік, инженерлік және көлік инфрақұрылымын дамыту үшін қолданыстағы және жүзеге асырылып жатқан жобаларды аяқтауға, сондай-ақ ауылдардағы кәсіпкерлік субъектілерінің агроқұзыреттерін арттыруға, соның ішінде «Ауыл аманаты» жобасы аясында жұмсалады деп жоспарланған.
Жалпы алғанда, министрліктің бағалауы бойынша, жергілікті бюджеттердің республикалық бюджетке тәуелділігі орта есеппен 50,7 пайыздан 33 пайызға дейін төмендейді. Бұл тұрғыда 2028 жылға қарай Павлодар облысы өзін-өзі қамтамасыз ететін болады, ал Маңғыстау облысы қайтадан донорға айналады.
Талқылау барысында Мәжіліс депутаттары Үкімет мүшелерінен алдағы үш жылда экономика өсімінің баяулау себептерін, экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету, халықты жұмыспен қамту деңгейін сақтау, өңірлер арасындағы инфрақұрылымдық алшақтықты жою және тағы да басқа жоспарлары жөнінде сұрады.
Мұқағали БАЛТАБАЕВ