Өңір өнеркәсібі өркендеуде
Экономиканың қозғаушы күші – шағын және орта бизнес. Мемлекет осы салаға ұзақ жылдан бері тұрақты қолдау көрсетіп келеді. Соның арқасында кәсіпкерлік көкжиегін кеңейтуде жаңа мүмкіндіктер ашылуда. Кәсіпкерлердің тасы өрге домалауына себепкер болып отырған басты институттардың бірі – «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры.
«ДАМУ» ҚОРЫ – БИЗНЕС ТІРЕГІ
Аталған қор Қазақстанның барлық өңірінде шағын және орта бизнестің сапалы дамуына елеулі үлес қосып келеді. 2010 жылдан 2024 жылға дейін мемлекеттік қолдау алған кәсіпкерлер 4 386 жаңа жұмыс орнын ашып, бюджетке 339,7 миллиард теңгеден астам салық төлеген. Қордың басты құралдарының бірі – банк несиелерін субсидиялау және кепілдендіру. Бұл жүйе кәсіпкерлерге қолжетімді пайыздық мөлшерлемемен несие алуға мүмкіндік береді. Мысалы, мемлекет несиенің бір бөлігін субсидиялау арқылы кәсіп иелерінің қаржылық жүктемесін жеңілдетеді. Ал кепілдендіру тетігі бизнесі бар, бірақ кепілге қоятын мүлкі жеткіліксіз кәсіпкерлерге үлкен көмек. Бұл өз кезегінде өңір экономикасын нығайтып, тұрақты жұмыс орындарының құрылуына мүмкіндік беріп отыр.
Аталған қордың облыстық филиалында мемлекеттік қолдауға ие болған бірқатар жоба табысты жүзеге асырылуда. Филиал директоры Мұғазан Қаңлыбаевтың айтуынша, қор «Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы саналады. Даму қоры мемлекеттік қолдау бағдарламаларын үш негізгі бағыт бойынша жүзеге асырады. Атап айтқанда, олар – жеңілдетілген қаржыландыру, кепілзаты жеткіліксіз кәсіпкерлерге кепілдік беру және несие пайыздық мөлшерлемесінің бір бөлігін субсидиялау.
Сұхбаттасушының айтуынша, биыл маусым айында пайыздық мөлшерлемені субсидиялау тетігіне балама ретінде «Өрлеу» атты жаңа жеңілдетілген несие беру бағдарламасы іске қосылды. Бұл бағдарлама жылдық 12,6 пайыздық тұрақты мөлшерлеме және 10 жылға дейінгі несие мерзімін қарастырады, осылайша бизнес үшін барынша қолайлы жағдай жасайды. Өңірімізде «Өрлеу» бағдарламасы аясында жалпы несие сомасы 8,4 миллиард теңгені құрайтын 37 жоба қолдау тапты. Бұдан бөлек биыл Мемлекет басшысының тапсырмасымен екі жаңа кепілдік беру тетігі іске қосылды, яғни құны жеті миллиард теңгеге дейінгі және жеті миллиард теңгеден жоғары жобалар кепілдендіріледі. Енді жеткілікті кепілзаты жоқ кәсіпкерлер «Даму» қорының кепілдігін небәрі екі жұмыс күні ішінде портфельдік кепілдендіру механизмі арқылы ала алады.
Қолдау тапқан жобалардың басым бөлігі өңдеу өнеркәсібі, ауылшаруашылығы және қызмет көрсету салаларына тиесілі. Бұл бағыттар өңір экономикасының дамуына елеулі үлес қосып, жаңа жұмыс орындарының ашылуына мүмкіндік беріп отыр. Ал пайыздық мөлшерлемені субсидиялау тетігі бойынша биылғы жылдың басынан бері «Даму» қоры аймақта 68 жаңа жобаға қолдау көрсетті. Несие портфелінің жалпы көлемі 11,1 миллиард теңгені құрады. Мемлекеттік қолдаудың арқасында өңірдегі бірнеше кәсіпорын өз өндірісін кеңейтіп, заманауи талаптарға сай жаңғыртуға мүмкіндік алды. Солардың бірі – Қазақстандағы тамақ өнеркәсібі саласындағы жетекші кәсіпорын «Та-Мак» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Кәсіпорын өнімдері «Арзу» сауда белгісімен кеңінен танымал. Компания 2006 жылдан бері жайма, кеспе, манпар, лағман секілді макарон өнімдерін шығарып, қазақ асханасының дәстүрі мен сапасына негізделген өндірісті табысты дамытып келеді.

Кәсіпорында ондаған білікті маман еңбек етеді, ал жаңа цехтың ашылуына байланысты қосымша қырық адамды жұмысқа алу жоспарланып отыр. Компания басшылығы еңбек жағдайының қолайлылығына және жалақының тұрақтылығына ерекше мән береді. Соның нәтижесінде ұжым бірлігімен, кәсіби ынтымағымен және жоғары еңбек мотивациясымен ерекшеленеді.
«Арзу» бренді ұсынған өнімдер алуан түрлі және тұтынушының ыңғайын барынша ескеріп жасалған. Мысалы, үш келілік «Арзу жаймасы» шағын чемодан түрінде қапталып, көтерме бағамен сатып алуды жөн көретін отбасыларға арналған. Ал 300 грамдық нұсқасы – өнім сапасын сыртынан көріп бағалауға мүмкіндік беретін мөлдір қаптамада шығарылады. Жайманың жұқа әрі толқынды пішіні пісірген кезде өз формасын сақтап қалады. Ал 980 грамдық «Астау жайма» жеңіл, мөлдір қабықшаға оралып, ұқыпты көрінісімен ерекшеленеді. Маркетингтік зерттеулерге сүйенсек, көпшілік үй шаруасындағы әйелдер ет асуға арналған жайманың төртбұрышты пішінін жоғары бағалайды, себебі ол пісіруге де, дастарқанға сәндеп қоюға да өте қолайлы.
Бүгінде «Арзу» өнімдері Қазақстанның барлық өңірінде, Атырау мен Ақтаудан бастап, Астана мен Алматыға дейін сатылады. Компания ұзақмерзімді келісімшарттар негізінде жұмыс істейтін ресми дистрибьюторлар желісін қалыптастырған. Олар фабрикадан тікелей өнім алып, макарон бұйымдарының дүкендер мен сауда желілеріне үздіксіз жеткізілуін қамтамасыз етеді. Ішкі нарықпен қатар, кәсіпорын экспорт бағытын да белсенді дамытып келеді. Тарқатып айтқанда, кәсіпорын өнімдері Өзбекстанға, Ресейдің Орынбор, Хвалынск және Астрахань қалаларына жөнелтіледі. Алдағы уақытта компания Қырғызстан нарығына шығуды жоспарлап отыр.
Компания өз брендін қорғауға да ерекше мән береді. «Арзу» сауда белгісі патенттелген және жақында оның мерзімі тағы 10 жылға ұзартылды. Кәсіпорын санитарлық және технологиялық талаптарды қатаң сақтайды, өнім сапасын жүйелі түрде тексеріп, өндірістік жабдықтарын үнемі жаңартып отырады. Қазір «Та-Мак» жаңа өндірістік цехтың құрылысын аяқтап жатыр, бұл өз кезегінде өнім көлемін арттырып, өндіріс тиімділігін айтарлықтай көтеруге мүмкіндік береді. Кәсіпкермен әңгімелескеннен кейін біз өндіріс орнын аралап көрдік. Нысанның кіреберісінен-ақ тазалық пен тәртіптің ерекше сақталатыны байқалды. Үстімізге ақ халат пен аяғымызға бахила кидік. Цехқа енген сәтте көзге бірінші болып қолдан жасалған диірмен мен кептіру қондырғылары түсті. Таңғаларлығы, мұндағы барлық құрал-жабдықтарды кәсіпкер мен жұмысшылар қолдан құрастырыпты. Кәсіп иесі әңгіме барысында: «Бәрін нөлден бастадық. Кей жылдары 2-3 ай бойы айлық бере алмаған кездеріміз де болды. Бірақ тауымыз шағылмады, қиындыққа төтеп бердік», – деді.
Расында да сол табандылықтың арқасында бүгінде олардың кәсіпорны өңірдегі ең мықты өндіріс ошақтарының біріне айналған. Қазір мұндағы жұмысшылардың еңбекақысы 100 мыңнан 300 мың теңгеге дейін жетеді. Бұған қоса ай сайын әр қызметкерге 5 келі күріш пен сұйық май секілді азық-түлік өнімдері үлестіріледі екен.
Өнімдердің сыртқы қораптары да көзтартарлық ұлттық нақыштағы ою-өрнектермен безендірілген. «Та-Мак» ЖШС – дәстүр мен жаңашылдықты және жоғары сапаны үйлестіре білген, қарқынды дамып келе жатқан әулиеаталық кәсіпорын. Мемлекеттік қолдау, тиімді басқару және тұтынушылар алдындағы жауапкершіліктің арқасында компания еліміздің тамақ өнеркәсібін дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және экономикалық дербестікті нығайтуға елеулі үлес қосып отыр.
ӨНДІРІС АССОРТИМЕНТІНДЕГІ ОРТОПЕДИЯЛЫҚ БҰЙЫМДАР
«Даму» қоры жүзеге асырып жатқан «Өрлеу» жобасының игілігін көрген кәсіпорындардың бірі – «Повстянко Г.О.» жеке кәсіпкерлігі. Өндіріс «AVERO» сауда белгісімен ортопедиялық матрастар шығарумен айналысып келеді. Бүгінгі таңда өндіріс ассортиментінде серіппелі және серіппесіз, мақтадан, поролоннан, сондай-ақ тәуелсіз серіппе блогымен жасалатын 30-дан астам матрас түрі бар.
Көпшілік арасында ең сапалы жиһазды Беларусь пен Италияда, ал фурнитураны Аустрия мен Германияда шығарады деген пікір кең таралған. Текстиль өнімдері көбіне Түркия мен Кореядан келеді, ал ең төзімді матрастар Ресейде өндіріледі деп саналады. Алайда соңғы жылдары көпжылдық тәжірибесі бар ірі қазақстандық өндірушілер шетелдік импорттаушылармен табысты бәсекелесіп келеді. Отандық кәсіпорындар сапалы өнім ұсынып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашып, өңір экономикасының дамуына өз үлесін қосуда.
Жамбылдық «Avero» фабрикасы осындай импортты алмастыратын өндірісті табысты жүзеге асырып, ортопедиялық матрастар, жастықтар және су өткізбейтін төсеніштер шығарып жүр.

«Avera» компаниясы 2015 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Қазір мұнда 30-ға жуық қызметкер еңбек етеді. Оның 15-і – тікелей өндіріс бөлімінде, ал қалғандары әкімшілік және сату саласында. Бір қызметкердің орташа жалақысы 200 мың теңге шамасында, біліктілігіне қарай жоғары болуы да мүмкін.
Зауыт тігіншісі Фарух Мухидинов фабрикада екі жылдан бері еңбек етеді.
«Жұмысқа хабарландыру арқылы келдім. Алғашқы екі-үш күн стажировкадан өттім де, толыққанды жұмысқа кірістім. Коллектив өте жақсы, жалақы уақытылы беріледі», – дейді ол.
Фарухтың айтуынша, бұл цехта матрасқа арналған мата кесіледі. Әр тапсырыс нақты өлшеммен орындалып, стандартты және ерекше көлемдегі матрастар да тігіледі. Қызметкерлер арнайы үлгі бойынша маталарды дайындап, кейін олар тігу бөліміне жөнелтіледі.
«Avera» өнімдері Қазақстанның барлық аймақтарына жеткізіледі, сонымен қатар Ресей, Қырғызстан және Өзбекстанға экспортталады. Компания «Kaspi», «Halyk Market» сияқты маркетплейстер арқылы да өнім сатады. Тараз қаласы аумағында жеткізу тегін.
Бастапқыда фабрикада шамамен 3 мың дана өнім өндірілсе, бүгінгі таңда бұл көрсеткіш бірнеше есе өсті. 2020 жылдың қорытындысы бойынша 7 650 матрас сатылды. Пандемия кезінде көптеген өндірушілер жабылғанда «Avero» тек өндіріс көлемін сақтап қана қоймай, оны арттырды. Қазіргі таңда жылына шамамен 12 мыңнан астам дана өнім шығарылады және сатылуда. Фабриканың жұмыс процесінің шамамен барлығы автоматтандырылған.
Григорий Повстянко қазақстандық өнім әлемдік аналогтарымен еш қиындықсыз бәсекелесе алатынына сенеді.
Барлық өнімдерді көрме залдарында сынап көруге болады. Мұнда әрбір сатып алушыға кәсіби менеджерлер кеңес береді, жеке қажеттіліктеріне сай модель таңдауға көмектеседі.
Инустрияландыру бағытына бойлай алған кәсіпорын
«Даму» қорының қолдауын көрген зауыттардың бірі – «Super-pharm» ЖШС. 2011 жылдың желтоқсанында үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында құрылған компания бірреттік қолдануға арналған тоқыма емес материалдардан жасалған медициналық киімдер мен төсек-жабдықтар, сондай-ақ таңу құралдарын өндіреді.
Өндіріс басшысы Қанағат Көпеновтің айтуынша, зауыт негізгі он және қосалқы екі цехтан тұрады. Жыл сайын акушерия, гинекология және хирургия саласында қолданылатын 300 миллионға дейін бұйым шығарылады. Ассортиментке медициналық баскиім, бетперде, бахил, қалпақ, жаялық, халат, дәке және 16 түрлі өнім кіреді.
2025 жылдың шілде айында кәсіпорын «Өрлеу» бағдарламасы бойынша «Қазақстан Халық Банкі» акционерлік қоғамы арқылы жылына 12,6 пайыз мөлшерлемемен инвестициялық жеңіл несие алған.
Зауыттың өндірістік бағыттары бес негізгі блоктан тұрады. Бірінші бағыт – тоқыма емес материалдардан жасалған бұйымдар өндірісі. Қазіргі таңда 272 атаулы бұйым шығарылады, жылдық өндіріс көлемі 46 миллионнан астам бірлікті құрайды. Бұл бағыт зауыт өнімдерінің 67 пайызын алады. Қазақстандағы медициналық мекемелердің осы өнім түріне деген қажеттілігінің 70 пайызынан астамын қамтамасыз етеді. Шикізаттың 90 пайызы зауыттың өз өндірісінен алынады, қалған 10 пайызы Ресей мен Қытайдан сатып алынады. Екінші бағыт – пластмассадан жасалған медициналық бұйымдар. Қазіргі уақытта 43 түрлі пластмасса бұйымдары шығарылады, жылдық өндіріс көлемі 84 миллионнан астам бірлікті құрайды. Бұл топ зауыт өндірісінің 17,5 пайызын құрайды және медициналық мекемелердің қажеттілігінің 70 пайызынан астамын қамтамасыз етеді. Шикізаттың 20 пайызы отандық полипропилен өндірушіден алынады, ал қалған 80 пайызы Ресей мен Қытайдан жеткізіледі.
Үшінші бағыт – пластырь типтес бұйымдар мен спирттік сулықтар өндірісі. Зауыт 40 түрлі пластырь типтес бұйымдар шығарады, соның ішінде операциядан кейінгі таңғыштар мен катетерлерді бекітуге арналған таңғыштар, сондай-ақ спирттік сулықтар да бар. Бұл топ зауыт өндірісінің 15 пайызын құрайды және медициналық мекемелердің қажеттілігінің 90 пайызынан астамын қамтамасыз етеді. Шикізаттың 5 пайызы Қазақстаннан алынады, қалған 95 пайызы Ресей мен Қытайдан сатып алынады. Төртінші бағыт – бірреттік шприцтер өндірісі. 2023 жылдан бастап зауыт 5 түрлі бірреттік шприц шығарады, жылдық қуаты 215 миллионнан астам бірлікті құрайды. Сонымен қатар бірреттік шприцтерге арналған инелер, инфузиялық ерітінділер мен қан құюға арналған жүйелер де өндіріледі. 2026 жылдан бастап бұл өнімдер еліміздегі емдеу мекемелеріне жеткізіле бастайды. Қуаттылығы медициналық мекемелердің барлық қажеттілігін қанағаттандыруға жеткілікті. Бесінші бағыт – медицинада қолданылатын материалдар өндірісі. Тоқыма емес материал өндірісі жылына 6 900 тонна өнім шығаруға қабілетті, әртүрлі тығыздықтағы 4 түрлі материал өндіріледі. «Таза» үй-жайлар мен құрылысқа арналған сэндвич-панельдер өндірісі тәулігіне 800 шаршы метр өнім шығарады, панельдер хирургиялық бөлімдер мен «таза» үй-жайлар салуға арналған, герметикалық, берік және химиялық төзімділігі халықаралық стандарттарға сай.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ