Жаңалықтар

Қайтыс болған қазақстандық әйел алты адамның өмірін сақтап қалды

Алматы қаласының Орталық қалалық клиникалық ауруханасы базасында 1962 жылы туған әйелден қайтыс болғаннан кейін көп ағзалық трансплантация жасалды, деп хабарлайды arainfo.kz

Донордың туыстарының келісімі арқасында дәрігерлер бірнеше өмірлік маңызды ағзаларды бірден бірнеше науқасқа салуға мүмкіндік алды.

Атап айтқанда:

жүрек – 1988 жылы туған пациентке;

бауыр – 1982 жылы туған пациентке;

оң бүйрек – 1996 жылы туған пациентке;

сол бүйрек – 2017 жылдан бері трансплантацияны күткен 1966 жылы туған пациентке;

мөлдір қабық – 1983 және 1956 жылы туған екі пациентке қондырылды.

Процесті ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Республикалық трансплантацияны және жоғары технологиялық медициналық қызметтерді үйлестіру орталығы үйлестірді. Жұмысқа Алматының жетекші медициналық ұйымдары – «Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институты» АҚ, «Сызғанов атындағы Ұлттық хирургия ғылыми орталығы» АҚ және «Орталық қалалық клиникалық аурухана» ШЖҚ КМК мамандары қатысты.

Дәрігерлер донордың жасына қарамастан ағзалардың жақсы күйде болғанын атап өтті. Бұл – өмірді құтқаруда жас шектеуінің маңызды еместігін дәлелдейді.

Республикалық орталық донордың отбасына олардың адамгершілікке толы шешімі үшін және бұл күрделі процесті жоғары деңгейде жүзеге асырған медицина қызметкерлеріне алғыс білдірді.