Жаңалықтар

Тәртіп сақшысы төбеден көрінді: алматылық полиция майоры 4020 метр биіктегі шыңды бағындырды

Алматы қаласы Полиция департаменті штабының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы, полиция майоры Венера Закирзянова 4020 метр биіктіктегі Жастар шыңын сәтті бағындырды, деп хабарлайды arainfo.kz

Күрделі бағыт Шүкір асуы (3040 м) мен Күмбелсу шатқалы арқылы өтіп, бастауын Үлкен Алматы көлінен алған. Қар басқан шыңға дейінгі жол шамамен жиырма сағатқа созылып, түнгі сағат екіден кешке дейін жалғасқан. Бұл сапар қатысушыдан зор төзімділік пен рухтың беріктігін талап етті.

Венера Закирзянова кәсіби альпинист болмаса да, белсенді өмір салтын ұстанатын жан. Ол табандылық, тәртіп және өз күшіне деген сенім арқылы кез келген шыңды бағындыруға болатынын ісімен дәлелдеді.

Полиция майоры бүкіл сапар бойы Ішкі істер министрлігі мен Алматы қаласы Полиция департаментінің логотипі бейнеленген жабдықпен жүріп өтті. Бұл оның қызметтік борышына адалдығы мен “Заң мен тәртіп” қағидатына өмірде де, қызметте де берік екенінің айқын дәлелі.

Мұндай жетістік құқық қорғау органдары қызметкерлерінің рухы мен ерік-жігерінің биіктігін, сондай-ақ олардың кәсіби міндетінен тыс та қоғамға үлгі бола алатынын көрсетеді.