Жамбыл облысында 465 шақырым жол жөнделіп жатыр
«Алматы – Ташкент – Термез» трассасындағы ескі Күйік асуына асфальт төселеді , деп хабарлайды arainfo.kz
Бюджеттен 28 млрд теңге бөлініп, 182 жоба қолға алынды.
Республикалық маңызы бар «Алматы – Ташкент – Термез» автожолының ескі Күйік асуы маңындағы 12 шақырымдық бөлігіне асфальт төсеу жұмыстары жүріп жатыр. Бұл учаске ұзақ жылдар бойы жөндеу көрмей, жолдың жағдайы нашарлап кеткен еді.
Бұған дейінгі мердігер мекеме міндетін орындамағандықтан, келісімшарт бұзылған. Мамыр айында жаңа мердігер анықталып, маусым айында жөндеу жұмыстары басталған.
«Қазавтожол» ҰК» АҚ Жамбыл облыстық филиалының мәліметінше, жобаның жалпы құны — 7 млрд теңге. Қазір 12 шақырым жолдың 6 шақырымнан астамы дайын. Құрылысқа 80 техника мен 150 жұмысшы тартылған.
Биыл Жамбыл облысының жолдарын жөндеуге барлығы 28 млрд теңге бөлінді. Бұл қаржыға 465 шақырым жолға асфальт төсеу жоспарланған. Оның ішінде 112 шақырымы — жергілікті маңызы бар жолдар, 330 шақырымы — елді мекен көшелері.
«Алматы – Ташкент – Термез» бағыты бойынша қайта жаңғырту жұмыстары келесі жылы толық аяқталады. Жоба іске қосылған соң, жаңа Күйік асуындағы көлік нөпірі айтарлықтай азаяды.