Жаңалықтар

Республика күні қарсаңында еңбегі еленген азаматтарға жоғары наградалар табысталды

Президент Республика күні қарсаңында бірқатар азаматтарды жоғары мемлекеттік наградалармен марапаттады, деп хабарлайды arainfo.kz

Мемлекет басшысы Республика күні қарсаңында еліміздің дамуына елеулі үлес қосқан азаматтарды жоғары мемлекеттік наградалармен марапаттады. Салтанатты рәсім Егемендік туралы декларацияның 35 жылдығына орай ұйымдастырылды.

Президент өз сөзінде Егемендік декларациясының тарихи маңызын атап өтіп, оны Қазақстан мемлекеттілігінің берік арқауы әрі халықтың жарқын болашаққа ұмтылысының айқын көрінісі деп бағалады.

Еңбек адамдарына ерекше құрмет

Президент еңбекқор азаматтарды дәріптеудің маңыздылығын атап өтті.

Осы орайда Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығын дамытуға зор үлес қосқан Мұрат Кеңесұлы Қаражұмановқа «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын берді. Ол 45 жылға жуық еңбек өтілі бар майталман механизатор, ал Қаражұмановтар әулетінің жалпы еңбек өтілі 600 жылдан асады.

Сонымен қатар отандық көмір өндірісінің аңыз тұлғасы, Сергей Петрович Чернобай да жоғары дәрежелі ерекшелік белгісі – «Қазақстанның Еңбек Ері» атағына ие болды. Ол – «Шахтер даңқы» белгісінің толық кавалері, кен өндіру саласында ерен еңбек еткен азамат.

Ауыл шаруашылығын өркендетуге және аграрлық саладағы жетістіктері үшін Александр Анатольевич Касицин «Отан» орденімен марапатталды.

Ұлттық журналистика саласында ұзақ жылдар бойы еңбек етіп, отандық БАҚ-тың дамуына үлес қосқан Сергей Васильевич Харченко I дәрежелі «Барыс» орденінің иегері атанды.

Сондай-ақ белгілі археолог Зейнолла Самашев пен ғалым, картограф Мұхит-Ардагер Сыдықназаровқа ұлттық ғылымды дамытудағы еңбегі үшін Ахмет Байтұрсынұлы атындағы мемлекеттік сыйлық берілді. Бұл сыйлық алғаш рет табысталды.

Сонымер қатар даңқты спортшы Шавкат Рахмонов еліміздің атын әлемге танытқаны үшін ІІ дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталды.

Мемлекет басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай ел бірлігі мен келісімді нығайту ісінде ерекше еңбек еткен этно-мәдени орталық өкілдеріне «Ел бірлігі» орденін табыстады.

Мәдениет және өнер саласында ерекше еңбегімен көзге түскен тұлғалар да жоғары марапатқа ие болды:

  • Болат Әбділманов,
  • Тамараасар Жанқұл,
  • Шынар Жанысбекова – «Қазақстанның халық әртісі» атағына лайық деп танылды.


Ал мәдениет пен өнерді дамытуға қосқан еңбегі үшін:

  • Нина Жмеренецкая,
  • Бақыт Қажыбаев,
  • Зарина Алтынбаева,

Әйгерім Алтынбек, сондай-ақ ауыл шаруашылығы саласының үздігі Иван Сауэр – «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағына ие болды.

Президент жоғары мемлекеттік марапаттарды халықтың шынайы ықыласы мен құрметінің белгісі деп атап өтті.

Сөз соңында Президент барша қазақстандықтарды ұлттық мерекемен құттықтап, еліміздің еңсесі биік, егемендігі баянды болуын тіледі.