Жастар

Жаңалыққа құштар құштар жас ғалым

Тараз қаласының іргесіндегі тау-тау болып үйілген фосфогипс қалдықтары туралы жазбаған журналист кемде-кем шығар. Жел тұрғанда қалдықтардың шаңы жақын маңдағы ауылдарға тарап, тұрғындардың денсаулығына зиян келтіретіні жайлы да аз айтылған жоқ. Тіпті облыстық және республикалық деңгейдегі ғалымдар бұл мәселені тереңінен зерттеп, оны шешудің бірнеше жолын ұсынған еді. Алайда кейбір шешу тәсілдері тәжірибе жүзінде сынақтан өткенімен, нақты тиімді нәтиже беретін жолы әлі табыла қойған жоқ.

Осы күрделі мәселені шешуге тамшыдай болса да үлес қосу мақсатында Тараз қаласындағы Д.И.Менделеев атындағы Ресей химия-технологиялық университеті филиалының бір топ студенті фосфогипсті зерттеу ісін қолға алғалы отыр.

Жалпы саны 7-8 студенттен құралған топтың құрамындағы жас ғалымның бірі – Айзат Тұрдықұлова. Бір айта кетерлігі, Айзат 2023 жылдан бері «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде химиялық талдау зертханашысы болып еңбек етеді.

Кейіпкеріміз өзі туып-өскен Т.Рысқұлов ауданына қарасты Қайыңды ауылындағы Райымбек Смайылов атындағы орта мектептің 9-сыныбын тәмамдаған соң 2017 жылы Тараз қаласындағы Жамбыл политехникалық жоғары колледжіне «Техник-технолог» мамандығы бойынша оқуға түседі.

Қазіргі таңда Айзат Д.И.Менделеев атындағы Ресей химия-технологиялық университетінің Тараз қаласындағы филиалында «Химиялық технология неорганикалық заттар» мамандығы бойынша білім алуда.

Дәл қазіргі сәтте Айзат қатарластарымен бірге фосфогипсті зерттеу жобасына дайындықты бастап кеткен. Жобаны қолға алудағы негізгі себеп – экологиялық проблеманың ушығып бара жатқаны.

Зерттеу жобасының ұзақтығы шамамен екі жыл деп жоспарланып отыр екен. Бұл мерзім ішінде жас ғалымдар алдымен фосфогипстің сынамаларын алып, олардың құрамын зерттеп, талдау жұмыстарын жүргізетін болады. Содан кейін алынған деректер негізінде лабораториялық анализдер жасалып, нәтижелері салыстырылып, ғылыми тұрғыда өңделеді. Барлық зерттеу кезеңдері мұқият жүргізіліп, соңында қорытынды дайындалады және зерттеу нәтижелері тәжірибе жүзінде қолдануға ұсынылады.

Жобаның негізгі кезеңдері бірнеше сатыдан тұрады. Бірінші кезеңде зерттеушілер Тараз қаласындағы өндірістік аймақтағы фосфогипс үйінділеріне барып, сол жерден сынама үлгілерін алады. Екінші кезеңде алынған сынамалар лаборатория жағдайында талданады және химиялық құрамына зерттеу жасалады. Үшінші кезеңде зерттеу нәтижелері салыстырылып, статистикалық өңдеуден өткізіледі. Соңғы кезеңде барлық талдау нәтижелері мен қорытындылар жинақталып, ғылыми тұрғыда негізделген ұсыныстар дайындалады. Сол ұсыныстар экологиялық жағдайды жақсартуға және өндіріс қалдықтарын тиімді пайдалануға бағытталады.

Айта кетерлігі, Айзат осы уақытқа дейін ешқандай ғылыми жобаға қатысып көрмеген екен. Биыл университетке түскен соң алғаш рет жобаға қатысып, ғылым жолын бастағалы отыр. Сондықтан қазіргі ғылыми жоба – Айзаттың алғашқы тәжірибесі.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ