Кітап оқып, арманға ұмтылайық!
Ықылас Дүкенұлы атындағы Тараз қалалық мәдениет үйінде облыстық Дінмұхамед Қонаев атындағы балалар мен жасөспірімдер кітапханасының ұйымдастыруымен «Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасы аясында үздік оқырмандарды марапаттау рәсімі өтті.
Кітап оқудың құндылығын арттыру, оқырмандарды рухани дамуға жетелеу және жастар арасында кітапқа деген сүйіспеншілікті қалыптастыруды мақсат еткен іс-шараға облыс әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы басшысының орынбасары Сара Мәдиева, журналист, сатирик Бақытжан Советұлы, филолог, журналист, «Анаға тағзым» орталығының директоры Эльмира Мырза-Ғали, облыстық «Aq jol» газетінің аға тілшісі Қамар Қарасаева, журналист, балалар жазушысы Марат Құлибайұлы қатысты.
Іс-шара барысында кітапхананың ең көп кітап оқыған оқырмандары «Жыл оқырманы», «Кітапхананың мақтанышы», «Зерделі жас» номинациялары бойынша марапатталды. Қатысушылар сүйікті шығармалары жайлы әсерлерімен бөлісіп, кітаптың адам өміріндегі маңызы туралы өз ойларын ортаға салды.
Марапаттау рәсімінде Тараз қаласының орта мектептерінің оқушылары – Дулат Қасымов, Жібек Бекжанқызы, Алинұр Әбсат, Айзере Серік, Нұрсұлтан Жаңабай, Айзере Шәмен «Зерделі жас» номинациясына ие болды. Ал Ақерке Қали мен Айлин Болатқа «Кітапхананың мақтанышы» номинациясы табысталды. Ең көп кітап оқыған Айша Рахымберді «Жыл оқырманы» аталымына лайық деп танылды. Барлық қатысушыларға сыйлықтар мен алғыс хаттар табысталды.
Сымбат ҚУАНЫШ