Жамбылдықтар чемпионды қарсы алды
Кеше Тараз қаласының теміржол вокзалында жамбылдықтар бокстан ел чемпионатының жеңімпазы Әйгерім Сәттібаеваны зор құрметпен қарсы алды. Қолдарына ұран сөздер жазылған плакаттар ұстаған жастар мен спортсүйер қауым чемпионды гүл шоқтарымен қарсы алып, жеңісімен құттықтады.
Семей қаласында өткен Қазақстан чемпионатында Әйгерім 48 келі салмақ дәрежесінде бақ сынаған болатын. Әр жекпе-жегін жоғары деңгейде өткізген ожерлесіміз турнирдің финалында қарсыласын айқын басымдықпен жеңіп, алтын медаль иегері атанды.
Чемпионды күтіп алуға келген жанкүйерлердің қатарында спортшының отбасы да болды.
Көз жасын жасыра алмаған анасы қызының жеңісіне дән риза екенін жеткізді.
Айта кетейік, Әйгерім Сәттібаева – 5 баланың анасы. Жұбайы Олжас Сәттібаев та бокспен айналысқан. Олжас – Кадеттер және әскерилер арасындағы әлем чемпионы, Қазақстанның 5 дүркін чемпионы, Азияның қола және алтын медалдарының иесі, Рио-де-Жанейро Олимпиадасының қатысушысы.
Ерлі-зайыпты спортшылар бүгінде 4 қыз бен 1 ұл тәрбиелеп отыр. Әйгерім отбасындағы жауапкершілікті де, спортты да қатар алып жүрген бірден-бір спортшы.
Айжан ӨЗБЕКОВА