Көмір қоры жеткілікті ме?
Енді бір айдан кейін қылышын сүйретіп қыс та келеді. Өңіріміз қысқы маусымға қанша жерден ерте бастан қамданса да дайындық нәтижесі қаңтардағы қытымыр, ақпандағы ақырған аязда белгілі болады. Мұндайда кейбір ауылдағы мектеп, аурухана секілді қазандығы қатты отынмен жылытылатын әлеуметтік нысандар кәрі құданың сынынан сүрінбей өтуі тиіс.
Алдағы жылыту маусымына облысқа 191,2 мың тонна қатты отын жеткізу жоспарланса, оның ішінде облыс тұрғындарының қажеттілігі үшін 134,9 мың тонна қарастырылыпты. Қазіргі таңда өңірімізге «Шұбаркөл» және «Қаражыра» көмірлері жеткізілуде. 1 тонна көмірдің бағасы 19 000-24 000 теңге аралығында, ал шалғай ауылдарға жеткізуді қоса есептегенде оның бағасы 21 000-26 000 теңгеге дейін барады екен. Облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының жылу, электр энергетикасы және энергоүнемдеу, энерготиімділік бөлімінің бас маманы Қайсар Рахимбековтің айтуынша, облысқа қажетті қатты отын шетінен жеткізілуде.
Сарысу ауданы да қысқы жылыту маусымына ерте дайындалады. Аудандағы көмір саудасы 2 нүктеде жүріп жатыр. Соның бірі – «Отын базасы» көмір қоймасы.
Қысқа дайындық барысын білмек мақсатта Мойынқұм ауданының тұрғындарымен де тілдесіп көрдік. Тұрғындар Мойынқұм шалғай аудан болғандықтан көмірдің бағасы тым қымбат екенін айтты.
Қысқасы, өңірімізде қысқы отынның қоры жеткілікті мөлшерде. Тек, алыпсатарлар қарапайым тұрғындарға көмір бағасын шарықтатпаса игі. Делдалдар тұрғындар қалтасын қағып, ауылды қара қыста қалтыратпаса, өңіріміздегі қоймалардағы қара алтын алдағы қысқа жетіп-артылғалы тұр.
Сымбат ҚУАНЫШ