Руханият

Өз билігің өзіңде болу – үлкен бақыт

25 қазан – Республика күні елдігіміздің, егемендігіміздің бастауы екенін баршаға аян. Өйткені ата-бабамыздың сан ғасырлардан бері тәуелсіздіке қол жеткізу жолындағы мақсат-мүддесі, аңсаған арманы құжат жүзінде 1990 жылы дәл осы күні орындалды. Сондықтан осыдан 35 жыл бұрын 25 қазанда қабылданған егемендік туралы декларация тәуелсіз Қазақстанның іргесін қалаған тарихи құжат болып саналады. Сол күннен бастап халқымыз өз елінің болашағын өз қолына алып, өз тағдырын өзі айқындау құқығына ие болды. Сол себепті Республика күні әр қазақстандықтың көңіл түкпірінде тарихи мән-маңызы жоғары күн болып қалды.

Тәуелсіздік жылдарында еліміздегі барлық сала сияқты ауылшаруашылығы да үлкен өзгерістерді бастан кешті. Бұрынғы кеңестік жүйеден шыққаннан кейін шаруашылықтар жекеменшікке өтті, жаңа тәсілдер мен еркін нарыққа бейімделу кезеңі басталды. Алғашында қиындық көп болды. Егіс алқаптары айдаусыз қалып, ескірген техниканың әлегі егіс басындағылардың есін шығарды. Мал басы да күрт азайды. Бірақ мұндай қаржылық дағдарыс елдің жігерін жасытқан жоқ. Уақыт өте келе ауыл еңбеккерлері жаңа жағдайға бейімделіп, еңсесін қайта тіктеді. Мемлекетіміз аяққа тұра бастаған кезде-ақ бұл салаға айрықша көңіл бөлінді. Аграрлық саясат жаңарып, ауылшаруашылығын қолдау бағдарламалары көбейді. Егіс алқаптары кеңейіп, заманауи техникалар лизинг арқылы үлестіріле бастады. Егін мен малшаруашылығы қатар дамып, ауылшаруашылық саласы еңбеккерлерінің жұмысы жандана түсті.

Қазіргі уақытта кез келген ауылда шағын шаруашылықтар да, ірі агрокәсіпорындар да мемлекет қолдауының арқасында шама-шарқынша жұмыс істеп жатыр. Шаруаларға субсидия, жеңілдетілген несие секілді қолдау түрлері тұрақты көрсетілуде. Осындай жетістіктердің бәрі тәуелсіздіктің тәтті жемісі. Егер сол бір тарихи кезең орын алмағанда біз өз жерімізге өзіміз қожа бола алмай, өзгенің қас-қабағын бағып, күнімізді алаңдаумен өткізер едік. Сондықтан жас ұрпақ бұл мерекенің мәнін терең ұғынуы тиіс деп ойлаймын.

Республика күні – еркіндіктің, бірліктің және отаншылдықтың символы. Бұл күн ұлтты ұйыстырып, мемлекетіміздің абыройын асқақтататын айтулы мереке. Осы мереке қарсаңында ауыл еңбеккерлеріне, жер емген диқандар мен мал бағып, ел ырысын еселеген шаруаларға алғыс айтқым келеді. Елдің несібесін көбейтіп жүрген әр шаруаның еңбегі елене берсін! Республика күні құтты болсын, еліміз аман, іргеміз бүтін болсын!

Тасқын АТАШЕВ,

ҚР Фермерлер қауымдастығының

Меркі ауданы бойынша филиалының төрағасы